Жаңалықтар

АҚЫЛЫ АВТОТҰРАҚ ОРЫНДАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ



erm_0619

Астанада алғашқы ақылы автотұрақтар ашылғалы жатыр. Қазір қалада тұрақтардың орнын белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Ақылы автотұрақтардың орнын белгілеу туралы жақында Астана қаласы әкі­мі­нің қаулысы да шыққан болатын. Осы құжатта 259 автотұрақ мекенжайымен көрсетілген. Осынша аумақта 10 мыңға жуық көлік қоятын орын болады екен.

Жалпы елордада ақылы ав­тотұрақтар ашу біраз уақыттан бері сөз болып келе жатқан еді. Тек биылдан бастап бұл жобаны жүзеге асыру бағытында нақты істер атқарыла бастады. Бұған дейін әлемдегі ірі қалалардың да тәжірибесі сарапқа салынған. Оны жасақтауға халықаралық сарапшылар да қатысқан екен. «Астана LRT» ЖШС-нің тасымал жөніндегі директоры Рүстем Халилевтің айтуынша, ақылы автотұрақтың екі үлкен алаңы оң және сол жағалауда орналасады. Бұған дейін жоба бірнеше мәрте өзгеріске түскен. Енді бұл ақылы автотұрақ қалай жұмыс істейді?

– Қазіргі уақытта қалада көлік құралдарының саны бұрынғысынан көп өскенін өздеріңіз де білесіздер. Соның салдарынан көлік қоятын орын табу да үлкен мәселеге айналды. Арнайы ақылы автотұрақтар бірінші кезекте осы мәселені шешуге септеседі. Ашық алаңдағы автотұрақтың жұмыс істеу жүйесі былай болады: Ақылы автотұрақтар жанында арнайы құрылғылар орналасады. Ол келіп кірген көлікті бірден есепке алады. Ол құрылғының өзі бірыңғай орталыққа тір­келгендіктен әр тұрақты бір базадан қадағалауға мүмкіндік туады. Келген көлік тіркеуге алынғаннан кейін оған сағаты бойынша ақы есептеле бастайды. Тұрақтың ақысын типтік үлгідегі паркоматтар арқылы төлеуге болады. Мұндай паркоматтар қазір әлемнің көп елінде қолданылады. Сондай-ақ, қаланың көп бөлігіне екі мыңнан астам терминалдар арқылы төлеуге болады. Бұған қоса, мобильді қосымша арқылы да төлем жасауға мүмкіндік бар. Ғаламтор көмегімен де жү­­зеге асырудың түрлі тәсілі көр­­сетілген. Былайша айтқанда, төлем жасаудың технологиялық мүм­­кіндігі өте мол. Сондықтан көлік жүргізушілеріне бұл жа­ғынан ешқандай қиындық тумайды, – дейді Рүстем Фаритұлы.

1470195033_payforparking1

Ақылы автотұрақтардың ең негізгі аумақтары Тұран даң­ғылы мен Сарайшық, Орын­бор және Сығанақ көше­лері­нен белгіленсе, екінші бөлігі Бөгенбай батыр мен Респуб­лика даңғылы, содан соң Сарыарқа даңғылы мен Набережная кө­ше­лері аралығынан бөлінген. Қазіргі уақытта бұл орындарда жол белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан соң паркоматтар және датчиктер және басқа құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылады. Ақылы автотұрақ белгісі, өзге көлік­терге тоқтауға болмайтынын білдіретін сары жолақтар салынып, арнайы құрылғылар ор­натылғаннан кейін, ақылы ав­то­тұрақ өз жұмысын бастайды.

Ақылы автотұрақтар жұ­мысын жолға қою, оны одан әрі жүргізу ісіне жауапты жо­ғарыда тілге тиек етілген жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі болғандықтан, тасымал жөніндегі директордан ақылы тұрақтың құны жайында да сұрадық. Ол бізге тұрақтың ақысы жөнінде нақты айту әлі ертерек екенін жеткізді. Дегенмен, бастапқыда кезеңде жалпы бірыңғай тариф енгізіледі екен. Бұл кезеңде әр аймақтағы автотұрақтың жүктемесіне сараптама жүргізіледі. Содан кейін келесі жылдан бастап, осы сараптамаға сай әр автотұрақтың өзіндік тарифі айқындалады. Былайша айтқанда, Бөгенбай көшесіндегі автотұрақтың ақысы, Тұран даңғылындағыдан бөлек болуы мүмкін. Сондай-ақ, тарифті анықтауда адамдардың тұрмыс жағдайы, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы, орташа жалақы сияқты өлшемдер де есепке алынады. Ал енді заң бұзушыларды мамандар арнайы автоматтандырылған құрылғылар: фото және бейне тіркеу көмегі арқылы анық­тап, жазалайтын болады. Жаңа автотұрақтың тағы бір ерекшелігі – арнайы ақпараттық құрылғы арқылы бос орынның бар-жоқтығын ертерек білуге болады екен. Оның көмегімен жүргізуші бос орын іздеп уақыт жоғалтпай, бәрін алдын ала біліп отырады.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба қолға алынбас бұрын елорда тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілген көрінеді. Сонда автокөлікке иелік ететін адамдардың 50-60 пайызы ақылы автотұрақ болса, ақы төлеуден қашпайтындарын білдірген. Көпшілігі сағатына 100-150 теңгеден аспаса деген тілектерін де жеткізген. Таңертең жұмысқа келіп, са­ғаттап көлік қоятын жер іздеп жүргенде, ақылы авто­тұрақ­тан орын табылып жатса, қуа­натындарын жасырмапты. Бұдан елордадағы көлік иелерінің тең жартысынан астамы ақылы автотұрақтардың іске қосылуын қуана құптайтынын шамалауға болатындай.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button