ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АҚЫЛЫ АВТОТҰРАҚ ҚЫМБАТ ПА?



Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық Астана Әуежайындағы автотұрақтың ақысы қоғамда дау тудырып тұр. Мәселен, әуежайдың автотұрағына бір тәулікке көлігін қалдырған азамат 57 мың теңге көлемінде қаржы төлеген. Бұл мәселені Instagram әлеуметтік желісіне белгілі әнші Қайрат Баекенов жариялап, жұртшылықтың жағасын ұстатты. Сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев Instagram желісінде Астана әкімі Әсет Исекешевке әуежайдағы автотұрақ құнының шектен тыс қымбат екенін айтып, шағымданған болатын.

Жұртшылықтың осы шағымдарына байланысты Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында тиісті сала басшылары жауап берді. «Астана LRT» ЖШС көлік басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Халилевтың айтуынша, жүргізушілерге арналған әуежайда бірнеше таңдау бар.

– Әуежайға автокөлікпен келген азамат көлігін қысқа мерзімге тұраққа қалдырып кетуіне болады. Мәселен, сіз әуежайға келіп жолаушыны түсіріп, бірден қайтып кеттіңіз. Егер жүргізуші автотұрақта 30 минуттан аз уақыт тұрса, онда ол ешқандай ақша төлемейді. Алайда бірінші сағат – 300 теңге, ал келесі сағат үшін 1 500 теңге төлеуге тура келеді. Сондай-ақ, әуежайда ұзақ мерзімде берілетін жабық автотұрақта, тіпті терминалдан сәл өтсеңіз тегін автотұрақ та бар. Мысалы, ашық автотұраққа көлігіңізді қалдырсаңыз, тәулігіне 2000 теңге төлейсіз. Жалпы, адамдар қай автотұраққа көлігін қойғысы келсе, сонда қойып кете алады. Яғни, әр адам өз қалауы бойынша автотұрақ таңдай алады. Ал ақылы автотұраққа келер болсақ, әрбір адам билет алатын кезде тарифтік жоспарды көруі керек. Сіз автотұраққа кіріп келе жатқанда көрсетілген барлық ережемен келісесіз. Яғни, бұл тарифті таңдауға әркімнің құқығы бар, – дейді ол.

Рустам Халилевтың айтуынша, мұндай тариф азаматтарға қолайсыздық тудырмас үшін жасалып отыр. Мәселен, бұған дейін темір жол бекетіне көлігін бірнеше күнге тастап кету жағдайы анықталған болатын. Соның салдарынан темір жол бекетінде көлік кептелісі туындап, қала тұрғындары мен қонақтарына кедергі келтірген еді. Сондықтан да әкімдік осындай жағдай қайталанбас үшін әуежайда ақылы автотұрақ жүйесі енгізіп отыр. Ұзын сөздің қысқасы, сала басшылары ақылы автотұрақтың кептеліс мәселесін шешетінін айтып, ақталуда. Сондай-ақ, Рустам Халилев қыруар қаржы төлеген азаматтарға жеңілдік жасалғанын айтты. Яғни, қос азамат 2 мың теңгеден төлеген. Алайда бұдан кейін азаматтарға ешқандай жеңілдік жасалмайды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button