Мәдениет

Ақын ардақталды



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбаймен рухани-поэзиялық кездесу кешін ұйымдастырды.

[smartslider3 slider=1361]

Шараның басында студенттер ақынның әр тақырыпта жазылған шығармалары мен шет тілдеріне аударылған өлеңдерін жатқа оқыды. Әрі қарай интеллектуалдық, танымдық бағытта сұрақ-жауап басталды. Ақын залдан қойылған поэзия, өнер, әдеби үдеріс, аударма, қоғам, қазіргі күннің проблемалары туралы сұрақтарға тұшымды жауап беріп, арасында түрлі тақырыптағы мағынасы терең, сыршыл өлеңдерін оқыды.

Соның ішінде «Күршімнің қызы» өлеңі аға буынды да, жастарды да мөлдірлігімен баурады. Ал репрессия, полигон, Карлаг қасіреті – ақынның тарихты тереңінен қозғаған тақырыбы.

Кешті қорытындылаған аталмыш университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов ақынның Алматыдан елордаға қоныс аударуына орай қазақ салтымен ерулік ретінде көрсетіліп жатқан құрмет екенін айтып, халықаралық «Күлтегін» медалімен марапаттады, сый-сияпат көрсетті. Ғалым Жайлыбай өз тарапынан жаңа шыққан «Ай таңбалы арғымақ» атты жыр жинағын тарту етті. Студенттер, жастар ақын кітаптарына қолтаңба жаздыртып алып, суретке түсті.

Баян Асылбекова




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button