SportЖаңалықтар

АҚЖОЛДЫҢ АТЫ ОЗДЫ   



20150906162934

Астана іргесіндегі Қабанбай ауылында аламан бәйге өтті. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған дүбірлі жарыс Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.

Еліміздің барлық аймақтарынан 100-ден астам сәйгүлік қатысқан аламан бәйгенің бас жүлдесін Жамбыл облысынан келген жас шабандоз Ақжол Жұматай жеңіп алды.  Оның астындағы жүйрігі «Шаман» басқаларды шаңына ілестірмей мәре сызығын бірінші болып кесті. Бас жүлдеге 10 миллион теңге берілді.  Екінші келген «Бейбарыс» атты сәйгүліктің иесі павлодарлық Мейірхан Дәлеловтың  қанжығасына 5 миллион теңге байланды. Алматы облысының  «Жаннұр» атты  тұлпарын тізгіндеген Олжас Қойшыбек мәреге үшінші болып жетіп, 3 миллион теңге олжалады. Аламанның мәртебесін иескерген ұйымдастырушылар тағы да алты шабандозға ақшалай сыйлық берді.

Қазақ хандығының торқалы тойын ұлықтап, бәйге жолында жанкештілік танытып, ұлттық өнерімізді өрге көтерген өрендерді  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан құттықтап, сый-сияпаттар табыстады.

      

                                                   ТЕҢ ТҮСТІК !

    Футболдан 2016 жылы өтетін Еуропа чемпионатының топтық іріктеу турнирінде өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасы кезекті екі ойынын сырт алаңда өткізді.

Алдымен Плзень қаласында Чехия футболшыларымен кездесті. Бұл ойында Еуропа футболының жұлдыздары  Чех пен  Росицки бастаған алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бір айтарлығы, бұл матчта  біздің құрама бірінші таймда-ақ есеп ашқан еді, алайда, ойын аяқталуға жақындап қалғанда Чехия құрамасының шабуылшысы Шкода 76-минутта есепті теңестіріп кетті. Өкінішке қарай, осы футболшы ойын соңына қарай тағы бір доп соғып, өз командасына жеңіс әкелді.

Рейкявикте өткен екінші ойында Қазақстан құрамасы топтың көшбасшысы Исландия құрамасымен сынға түсті. Бұған дейін Голландия, Чехия және Түркия құрамаларын тізе бүктіріп, сенсация жасап келе жатқан исландықтар біздің құрамаға қарсы ойында бірден шабуылмен бастады. Алайда, осындай жағдайдың болатыны ескерген Қазақстан футболшылары тасқамал қорғаныс қойды. Әрине, біздің жігіттер де қарап қалмады. Әлсін-әлсін алаң иелерінің қақпасына да қауіп төндіре білді. Осылайша алма-кезек шабуылмен өткен бұл ойында есеп ашылмады. Біздің құрама үшін бұл өте жақсы нәтиже десек болады.

Хоккей

Бәрекелді «Барыс» !

   Континенталдық хоккей лигасы чемпионатының кезекті турында «Барыс» жеңіске жетті.

«Қазақстан» спорт сарайында өткен матчта астаналықтар «Локомотив» (Ярославль) командасын 4:3 есебімен жеңді. Бұл ойынның бірінші кезеңінде төрт шайба (!) соғылды. Алдымен қонақтар қатарынан екі гол соққан еді. Алайда, астаналық Роман Савченко дәл осындай шиеленісті тұста шеберлігін көрсетті. Ол қатарынан екі гол соғып, есепті теңестіре білді. Содан кейін Роман Савченко мен Сен-Пьер Мартен мергендігімен танылып, «Барыс» алға шықты. Үшінші кезеңде қонақтар бір-ақ  рет қарымта шайба соғуға жарады.

Бүгін «Барыс» өз алаңындағы кезекті ойынын өткізеді. Қарсыласы – «Лада» (Тольятти). Матч «Қазақстан» спорт сарайында сағат 19.30-да басталады.

Бокс

АЗИЯНЫҢ АЛДЫНДАМЫЗ

    Тайланд астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Бұл біріншілікте Қазақстан құрамасы командалық бірінші орынға ие болды.

Қазақстан құрамасынан жеті боксшы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азия чемпионы атағына Олжас Сәттібаев (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Иван Дычко (+91 келі) ие болды. Закир Сафиуллин (60 келі) күміс жүлдегер атанса, Қайрат Ералиев (56 келі) қолаға қол созды.

Финалға жеті боксшысы шыққан  Өзбекстан құрамасы командалық есепте екінші орынннан көрінді. Олардың еншісіне екі алтын,  бес күміс, бір қола медаль түсті. Ал екі алтын медаль иеленген шаршы алаң иелері үшінші орынды қанағат тұтты.

Енді Қазақстан құрамасы боксшылары 5 қазанда Катар астанасы Доха қаласында басталатын  әлем чемпионатына қатысатын болады. Бұл жарыста 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялар да үлестірілетін болады.

 

Дайындаған Ғалым ҚОЖАБЕКОВ    

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button