Қоғам

Арман қала



Бүгінгі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының негізі сонау ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, атап айтқанда, 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі болып салынғаны тарихтан белгілі. 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді. 1960 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның барлық тың игеретін өлкесінің орталығы болып жария­ланды. Қала 1961 жылға дейін Ақмола, ал 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылдан 1998 жылға дейін қайтадан Ақмола деп аталды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған соң, қала атауы Астана болып өзгертілді. Бас қаламыз Сарыарқаның солтүстігінде, Есіл өзенінің бойында орналасқан. Биыл қала атауы Нұр-Сұлтан деп аталды. Қазір бұл қалада 1 078 362 адам тұрып жатыр.Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған астанамыз жыл өткен сайын сәулеті де, дәулеті де өркендеп, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени орталық болып қалыптасып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қазақ елінің бас қаласын бүгінде бүкіл әлем танып отыр. Келешекке қол созған жастар жаңа астанаға ағылды. Сөйтіп, бар қазақтың бас қаласы болған астана арман қалаға айналып шыға келді.
…Бала кезімде бір арманым болған. Неге екенін білмеймін, қалада, оның ішінде астана тұрғыны болғым келетін. Өсе келе есіл-дертім Мәскеуге елеңдейтінді шығардым. «Шіркін-ай, астанамыз Москвада оқысам, сонда қалсам, жұмыс істесем, үй алсам…» деп қиялдайтын едім. 1980 жылы мектеп бітірген жылы Олимпиада ойындары өтіп, оның үстіне бір құда баламыз МГУ-ға оқуға түсіп үмітім үдей түскен. Осы ойымды әкеме айтқанда «Балам, қайдағы Москваны айтып отырсың, ол жақта ешкім жоқ қой, қайтесің, маңайға, өзіміздің Ақмолаға барсаң да болады ғой…» деп бұла сезімді, арманымды бір-ақ кесті. Мен де қоймай «Онда Алматыға барамын, КазГУ-де оқығым келеді, астанада тұрғым келеді…» деп жыларман болдым. Әкем болса «Қайдағыны шығарма, Алматыңда сені біреу күтіп отыр ма, бармайсың…» деп астанаға деген аңсарымды біржола құрдымға жөнелтті. Осылайша, астаналық боламын деген үмітім де, мақсатым да орындалмай қалды. Содан әскерге бардым, аман-есен елге оралғасын бірде әкем «Ал балам не істейсің, мектепті жақсы оқыдың, институтқа баратын ойың жоқ па?» деп сөз суыртпақтады. Мен «Барамын, Мәскеуге бармасам да, Алматыға барамын, дайындалып жүрмін» деп сеніммен айттым. Сонда әкем «Сен де қоймайды екенсің, астана-астана деп қақсап, доғар сөзді, оңтүстікте күніңді көре алмайсың, анау нағашың оқыған КарГУ-ге бар, баратын болсаң…» деп бір-ақ түйді.
Әкенің сөзі – үкім деп ер жеткендіктен, нағашыма еріп Қарағандыға жол түсті. Бірақ емтиханда біліп тұрған жауабымды бұрыс жазып ауылға қайтып келдім. Бұл сол көңілдегі «астаналық арманның» әсері болғаны сөзсіз.
Бір күні егіс алқабында комбайнмен егін орып жүрген едім. Әкем келді. «Ұлым, бұлай жүргенің дұрыс болмас, талабың бар баласың ғой, қалаға оқуға барсаң қалай, совхоздың атынан жолдама беруге мүмкіндік бар, институтта профессор жолдасым бар» деп ақыл-кеңесін айтты. Содан Целиноград мемлекеттік педагогика институтына оқуға аттандым. Институтты бітірдім. Қайда жүрсем де өлең жазып, әңгіме құрастыруды өміріме өзек еткендіктен бе, мұғалім болуға ниетім болмады.
Құдай сәтін салса, қисыны келмейтін шаруа­ның да күрмеуі шешіліп жүре береді екен. 1990 жылы Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» газетінен шақыру келді. Бір ай бұрын бір-екі мақала жіберген едім. Сол екі мақала арқылы газетке жұмысқа кірістім. Журналист, жазушы дегеннің атынан үркетін мен үшін, енді олармен қатар жүріп еңбек ету бақыты бұйырды. Қараөткелдің қарашаңырағында төрт жыл тер төгіп, қалалық газетке ауыстым. Үйлендім, қаланың ортасынан үй алдым. Үйлі-жайлы, балалы-шағалы болған осы тұста баяғы астаналық боламын деген арманым мүлдем ұмытылғандай еді. Бірақ балалық арман ешқашан ұмытылмайтыны белгілі, ол мәңгілік көкірегіңде қонақтап қалады. Демек, менің арманым да өміршеңдігін тоқтатпағаны ғой…
…Ой, тоба, жұмысқа келсем, редакторым «Бүгін Алматыда біздің қала астана болатыны туралы айтылды. Президенттің өзі айтты, хабар дайында!» деп тұр. Ақпарат айдынын шолып шықсам, шынымен де ­Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Кеңеске ұсыныс білдіріп, оны көпшілік қолдап, сөйтіп жаңа астана эпопеясы басталды да кетті. 1997 жылдың желтоқсан айында Ақмола ресми түрде тәуелсіз еліміздің астанасы болып жарияланды. Мемлекет басшылығы, министрліктер жаңа астанаға қоныс аударды. Мыңдаған адамдар Сарыарқа төсіне ағылды.
Міне, сол бір күннен бері ерке Есілдің жағасында жаңа елордамыз бой көтерді. Әлемдік сәулет өнерінің үлгісімен ғажайып ғимараттар, зәулім үйлер салынды. Өнеркәсіп пен шағын бизнес қанатын жайды. Әлеуметтің қажетіне қарай заманауи ауруханалар мен оқу мекемелері, спорт кешендері, сауда- ойын-сауық орталықтары пайда болды.
Тоқсан ауыз сөзімнің түйіні сол, бүгінгі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің символы болып тұр. Иә, бар қазақтың қасиетті ордасы атанған астанамыз шын мәнінде арман қалаға айналды.
…Осылайша менің бала кезгі арманым да орындалды. Олай болса, армандаңыз­дар, армандар орындалады!




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button