Қоғам

Тәуелсіздік баянды болсын десек…

Тәуелсіздік – биік ұғым. Жылда Тәуелсіздік мерекесі жаңа жылдың тасасында қалатын еді, биыл халық арасында «Шырша қойма!» деген қоғамдық пікір көтеріліп жатыр, бұл – жаңа жылды тойлама деген сөз емес, алдымен өзіміздің ұлт ретіндегі ең басты атаулы күнімізді ұлық­та­йық деген ниет, Тәуелсіздік мерекесінің маңызын түсінуге, насихаттауға талпыныс байқалады.Біз тәуелсіздік алған бастап­қы жылдары ерен ерік-жігермен тәуелсіздікті баянды етуге бар күшімізді салдық. Өйткені осы тәуелсіздікті ата-бабаларымыз сан жылдардан бері армандады ғой. Олардың арман-тілегі біздің гендік жадымызда берік сақталса керек. Қолымыз жеткен тәуелсіздік әрқайсысымызға сол үшін қадірлі. Қазақстан деген мемлекеттің келешегіне зор сеніммен қарап, болашақтағы игіліктер үшін кездескен қиындықтарды еңсердік, мәдениет, өнер, жалпы бар салада өз ұлттық ерекшелігімізді танытуға, сапалы ұлт ретіндегі әлеуетімізді байқатуға құштарлық артты.
Енді осы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында біз қазір не істеп жатырмыз, бұрынғы ерік-жігерімізді бәсеңдетіп алған жоқпыз ба? Осы тұрғыдан келгенде, бізге ұлттың кесек мінезін, ұлттық болмысты жандандыру мәселелерін қайта қолға алу керек сияқты. Себебі қазіргі ұрпақтың ұлттық мінезден алшақтау қаупі бар. Оған бір жағынан өзіміздің тәрбиеміз де себеп болып жатқан шығар?! Бұл – ойланатын жайт. Өзім байқаған бірер мысалды ауызға ала­йын, бізде үйінде бала-шағасының көзінше депутатты қолынан ештеңе келмейтін, оңбаған деп жамандап отырады да, ал зәуде сол депутатпен қонақта кездессе: «баламның аузына түкіріп кетіңіз, балам өскенде депутат болсын» дейді. Бұл не мінез? Өз отының басында отырып бала-шағасына мемлекетшілдік туралы, мемлекеттің жарқын келешегі туралы айтып отыратын қазақтар көп пе екен осы деп ойлайсың. Айтайын дегенім – өсіп келе жатқан жас өскін жастайынан әке-шешесінің тәрбиесімен мемлекетті сүю, тәуелсіздік ұғымын қастерлеуге үйренсе, ондай баланың ұлттық намысы биік болып өседі. Ертең солар өсіп-жетілгенде осы мемлекеттің бір шеті қисайған шаруа­сына алаңдап, ұлттың ұпайын түгендеуге атсалысады.
Мемлекет тәуелсіздігінің баянды болмағы алдымен оның шаруашылығына, экономикасына тікелей байланысты. Өзіне әлімсақтан таныс кәсіппен айналысса, шаруасы шалқып, өзін қамтамасыз етіп, артылғанын сатып, ең бастысы өзі өндірген сапалы өнімін тұтынса, ол мемлекеттің халқы да бақуатты өмір сүрмек. Сондықтан Тәуелсіздік мерекесіне үн қосқан депутат ретінде ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру мәселесінің өте өзекті екенін тағы бір мәрте еске сала кеткім келеді. Біздің елде халықтың басым бөлігі әлі де ауылда, бірақ олардың табыс деңгейі төмен. Дұрысына келсек, керісінше болу керек еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елімізде қой, құс, қозы етін өндіру, сүтті мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілету мақсатында Үкімет алдына тақты тапсырмалар қойған болатын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Бастау бизнес» жобасы нәтижелерін бере бастады. Биылғы 10 айда және 2018 жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша елімізде 61 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын курстарда білімдерін жетілдіріп, 10 мыңнан астамы өздерінің бизнес-жобаларын іске қосқан екен. Бұл жобалардың 80 пайыздан астамы етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіру, жылқы, қой шаруашылығымен айналысады. Құрылымдардың 76,8 пайызы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландырылады. Қалғанын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қамтамасыз етеді. Ал елді мекендердегі қызмет көрсету бағытындағы кәсіпкерлік нысандары екінші деңгейлі банктер немесе арнайы гранттар есебінен тиісті қаржыға қол жеткізіп отыр.
Аграрлық өндіріс кешендерін субсидиялау бүгінде 16 бағыт бо­йынша жүзеге асырылады. Осындай бағытта жүргізілген мемлекеттік қолдау нәтижесінде соңғы үш жылда салада негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалды. Бұл тоқтап қалмай, жалғаса беруі керек. Мемлекет жеке қосалқы шаруашылықтарды субсидиямен қамту тетіктерін жолға қойса, шағын шаруашылықтардың өзінде өнімді дайындау, сақтау, бастапқы өңдеуден өткізу, табиғи сапалы өнімнің сапасын жоғалт­пай сауда желілеріне жеткізу инфрақұрылымы қалыптасады, дамиды. Бір анық нәрсе – ауылды көтермей, ауылдағылардың табыс деңгейін арттырмай, тұтас елдің ауқаты жақсармайды. Сондықтан малшы, шопан, тракторшы мамандығына деген қоғамда қалыптасқан көзқарасты өзгерткен жөн. Дұрысында ең қадірлі адам – ауыл еңбеккерлері! Біздің ауылсыз күніміз жоқ, осыны түсініп, ауыл еңбеккерлерін құрметтеуге үйрететін мемлекеттік идеология қоса жүргізілсе, артық болмас еді. Бұдан біз төмендеп қалмаймыз, керісінше, еңбек адамын биікке көтеру арқылы ырысын молайтқан, халықтың, негізінен, тұтынатын өнімдерін өздері да­йындайтын, мақсаткер, сапалы ұлт ретінде көтерілер едік. Ең бастысы – өз қолы өзіне жететін шын мәніндегі тәуелсіз ел атанар едік. Қай заманда да тәуелсіздікті баянды ететін – бірлік пен еңбек.

Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button