Руханият

«АРНАУДЫҢ» АШЫҚ АЛАҚАНЫ



ҚР Ұлттық му­зейінде «Арнау» көркемсурет орталығының «Ашық алақан» қайырымдылық көрмесі өтті. Шараға оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер мен музей қызметкерлері қатысты.

– «Арнау» көркемсурет орталығында талантты жастар бас қосқан. Тәжірибелі ұстаздар балаларға сурет, кескіндеме салу және композиция жасауды үйретіп, түрлі әдістер арқылы жас суретшілердің шеберлігін шыңдайды. «Ашық алақан» қайырымдылық жобасы арқылы балаларды рухани бай болуға, өзгеге көмек көрсетуге, мейі­рімділікке, кең пейілді болуға тәрбие­легіміз келді. Дарынды балалардың талантын шыңдай отырып, өз туындылары арқылы көмекке мұқтаж жандарды қуантуға шақырдық. Нәтижесі жаман емес. Оқушыларымыз да дән риза. Мүмкіндігі шектеулі балалармен тығыз байланыс орнатып, оларға көмектесу – басты мақсатымыз, – дейді «Арнау» көркемсурет орталығының директоры Гүлнәр Батырғалиева.
Өз тарапынан ҚР Ұлттық музейінің экспозиция және көрме қызметінің басшысы Тоғжан Әділбекова: «2016 жылы Ұлттық музей «Балалар және шығармашылық» деп аталатын жобаны іске қосқан. Аталған жоба бойынша алғаш рет «Ашық алақан» қайырымдылық көрмесі көпшілікке ұсынылды. «Ашық алақан» балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың арманын жүзеге асырып, оларды қоғамға араластыруды мақсат етеді. Бұл шара көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі көрмеде сатылған жұмыстардың қаржысы «Балам-Ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығының қорына тапсырылады» дейді.
Көрмеге ең үздік 75 туынды қо­йылды. Шара барысында 10000-15000 теңгеге бағаланған 50 шақты сурет сатылып, 455000 теңге «Балам-Ай» қоғамдық қорына ресми түрде тап­сырылды.
«Балам-Ай» қоғамдық қорының құрылғанына 7 жыл болды. Алғашқыда 5-6 баламен ашылған орталықта қазір 130 бала тәрбиеленуде. «Арнау» көркемсурет орталығы бізге үнемі қолдау көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп тұрады. Орталықтың директорына, мұғалімдеріне алғысымыз шексіз» деп ризашылығын білдірді Астана қаласының мүгедек балалар қоғамының төрайымы Қамқа Жақанова.
«Арнау» көркемсурет орталығы осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеу­лі балаларға шеберлік сабақтарын ұйым­дастырып, оларды сурет салуға икемдеп, бояулар мен қылқаламдар сыйлаған. Сонымен қатар, былтыр «Ашық алақан» жобасы аясында кө­мекке мұқтаж балаларға өз бетімен жүруге арналған арбашаларды арнайы тапсырғанын айта кетейік.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button