Руханият

Тереңнен тартады

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәденитанымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Нәзікен Алпамысқызымен «Сырлы сөз» атты әдеби кездесу кеші өтті.

Әдеби шараны көмейіне бұлбұл қонған дарынды әнші Кенжеғали Мыржықбай әсерлі жүргізіп отыр­ды. Бұған дейін де бұл ша­ңырақта талантты тұлға хал­қымыздың арда азаматтарымен кездесу өткізіп, емен-жарқын әңгіме өрбіткен еді. Ақын апамызбен өткен кеш те солардың жұ­ғымды жалғасы болды.
Ел арасында батырлар мен ақындар мекені атанған Алматы облысының Жамбыл ауданында өмірге келген Нәзікен Алпамысқызы жастайынан өлеңге ғашық болып өседі. Орта мектепті алтын медальмен аяқтап, Қазақ мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітіреді. Одан шығандап, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы Мемлекеттік университетінің экономика
факультетінің аспирантурасын үздік тамамдайды. Өмірде басқа саланың құрығын ұстаса да, поэзияны ешқашан жанынан қалдырмаған. Барлық сырын соған төгіп отырған. Содан ба, ақын өлеңдерінен нәзік мұң мен сағыныш тоғыз таспалы қамшыдай өріліп отырады.
– Алғашқы топтамасы­мен-ақ поэзия әлеміне үлкен дайын­дықпен, ең бастысы, зор махаббатпен келген Нәзікен ақын содан бері өсу, өрлеу үстінде. Оның тақырып аясы да барынша кең. Бірде Тұмар ханымға айналып ел намысын жыртса, енді бірде лүп-лүп соққан жүрегін алақаныңызға салып береді. Ең бастысы, ол нені жырласа да, ойды жадағай айта салмайды, әркім өз зердесінен өткізетіндей тереңнен тартады. Жан сарайының есігін алдыңнан айқара ашады. Ондайда сіз де бар ықыласыңызбен ақынның шуақты сәттеріне ортақтасып, көңілі жабырқау тартса, бірге мұңданасыз, – деді шара барысында сөз алған жазушы Жұмагүл Солты.
Белгілі ғалым Серік Негимов ақынның жырларынан мы­сал келтіріп, дәлелмен сөйледі. Нәзікен апаның шә­кірті, профессор Серік Мақыш ұстазына ақжарма тілегін айтты.
Кенжеғали Мыржықбай ақынның «Әсетке» деген өле­ңін жатқа оқып, әйгілі Әсет­тің әндерін төгілдіріп орын-
д­ады. Мүсілім Базарбаев, Хамит Ерғалиев және Қадыр Мырза Әлі секілді аузы дуалы тұлғалардың ақын туралы айтқан пікірлерін жұртшылыққа оқып берді.
Нәзікен Алпамысқызының өзі де жиналғандарға сырлы, мұңлы жырларын оқыды. Жастардың қойған сұрақтарына жауап берді. «Бұл күн менің өмірімде ешқашан ұмы­тылмайды. Тамаша жүздесу болды. Әрдайым жұртпен, жастармен кездескенді аңсап жүремін. Осындай парасатты кеш ұйымдастыр­ған азаматтарға алғысымды
білдіремін» деді ақын.
Шара соңында университет проректоры Дихан Қам­забекұлы кеш иесіне ри­за­шылығын білдіріп, оны «Күлтегін» медалімен марапаттады.

Азамат Есенжол

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button