Қала мен Сала

АСПАН АРУЛАРЫ



12

…Әрине, қанатымен ұшпайды. Бірақ екі күннің бірінде аспанда. Көктеммен ілесе келген күлімкөздердің төл мерекесінде көктегі арулар жайында да сыр тартып, сөз арнағанды жөн көрдік. Бірі – ұшақ ішіндегі стюардесса, яғни, жолсерік. Екіншісі – краншы, кәдімгі құрылыс нысандарындағы биік-биік крандарды ұшар басында отырып тізгіндеген қыз.
Хош…

Стюардесса Салтанат

image-03-03-14-15-44-1

Тегі – Сәулебаева. Әкесінің аты – Алтай. Аспан астында «қалықтағанына» алты жылға кетіп барады.

Ақтөбеден арман қуып Ас­танаға келген бұрымды қызымыз білімін Еуразия гуманитарлық институтында ұштапты. Қадыр атасының «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте…» деген өсиетін ту еткен Салтанат ағылшын, неміс тілдері бойынша тәлім алады оқу орнынан. Талпынысы мен талабының арқасында түрік тілін де меңгереді. Орыс тілін жасынан үйренген. Оны көкке ұшырған да көп тіл білетін қасиеті болса керек.

«Мен стюардесса болуды, расын айтайын, армандаған емеспін. Бірақ қызығушылығым мүлде болмады деуге тағы аузым бармайды. Институтты тәмамдап, аудармашы қызметінде жүрген едім. Достарымның ұсынысымен «Аir Astana» әуе компаниясына түйіндемемді жолдадым. Көп ұзамай үлкен мекемеден шақыру келді, талаптарының барлығының үдесінен қиналмай шықтым. Содан бері, міне, ұшақ ішіндемін» дейді Салтанат ағынан жарылып.

Қазақ атамның «Қыз бен қойдың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ» деген езу тартқызар сөзі бар еді ғой. Аспан аруының әңгімесіне қарап, стюардессалардың да «бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ-ау» деген ойға қалғанымыз рас-ты. Өйткені, ол Қазақстанның он төрт облысы, қос қаласын айтпағанда, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Түркияның, Германияның топырақтарына табаны тиіп үлгерген. «Өзге елдерге көп ұшамыз ғой. Қаным қазақ болғаннан кейін бе, дамыған мемлекеттердің атағы алысқа жеткен қалаларында жүрсем де, туған даламның иісін сағынамын». Бұл – қазақ қызы Салтанаттың сөзі.

Көкте жүзген арудың айтуынша, стюардесса болу – оңай жұмыс емес. Өйткені, аспанда қалықтаған ұшақ қанша жерден қауіпсіз дегенімен, апаттың айтып келмейтіні бар. Мұны соңғы жылдарда орын алған, мұқым қазақтың қа­бырғасын қайыстырған төтенше оқиғалар растайды. Яғни, стюардессаларды «жүрек жұтқан батыл» де­сек, жан баласы дау айта қоймас. Екінші, межелі мекенге дейін жолаушылардың бүкіл қауіпсіздігі, жағдайы жолбикенің мойнында, һәм назарында. Бұған Салтанат қызметіне алғаш кіріскен кездері-ақ анық көз жеткізген. Бірде әйел жолаушының кішкене ұлы жеп отырған мәмпәсиін жайсыз жұтып қойса керек. Қақалып-шашалып, ақыры, асқазаны түйнеп, отыра алмай, екі бүктеліп қалады. Өздері пәлен метр биіктікте ұшып барады, тоқтай қалып бір шара қолданатын жол көлігі емес. Салтанаттың қасындағы тәжірибелі жолбике медициналық сауа­тының мықтылығының арқасында ем-дом жасап, балақайға дауасын дарытады. Осыдан кейін Салтанат та стюардессаның дәрігер де болу қажеттігіне көзі жеткен-ді. Үшіншіден, стюардесса психолог болу керек екен. Өйткені, мінездері әр түрлі жолаушы мінеді ұшаққа. Ал олардың көңілінен шығып, қызмет көрсету де зор төзімді, икемді талап етеді.

Салтанаттың арманы да таудай, білімін Италияда жетілдіргісі келеді. «Өзге елде оқыған қаракөздердің арасында өзге ұлт азаматының етегінен ұстап кеткендер көп. Сіз де шет мем­ле­кетке жиі сапарлайсыз, енді Ита­лияда оқығым келеді дейсіз…» деп кө­кейіміздегі сауалдың шетін тартқан­быз. Бірден басын шайқады.

Краншы Айымхан

ERA_0487Келесі кейіпкеріміз, аспан­дағы тағы бір ару – Айымхан Есентаева. Ең қызығы, ол жиырма жеті (!) жылдан бері құ­ры­лыс саласында жұмыс іс­теп келеді және кәдімгі алпауыт кранның биігінде. Айымхан бұл қиын да қауіпті маман­дыққа кездейсоқ келмеген. Қарақалпақстаннан оралған қандасымыз 1988 жылы сол елдегі Нүкіс қала­сында СПТУ-дың, яғни учи­лищенің краншы мамандығын тәмам­дайды. Дипломын қо­лына алған күннен биіктікке ұм­тылған ол осы күнге дейін ең үлкен және ауыр салмақты крандарды тізгіндеп үлгеріпті. «Краншылардың да кәнігі мамандары болады. Мәселен, құрылыс саласындағы кран­дардың ең ұзыны – сексен метр. Ал, ол биіктікке тек бесінші санаттағы мамандарға ғана көтерілуге рұқсат берілген. Мен осы саладағы ширек ғасырдан аса ғұмырымда кран­ның барлық түрін айдап көрдім» дейді Айымхан Қызыл­байқызы. Аспан аруының Астанаға келгеніне он жылдан асып барады. Алғашқы жылдары «Астана-трейт» фирмасында қызмет еткен. Үш-төрт жыл­дан кейін «Альянсстрой-инвест» құрылыс ком­па­­ния­сына қабылданады. Ны­сан­дарын неміс техноло­гиясымен тұрғызатын меке­менің жұмысшыларына талабы – қатал, тәртібі – нық. «Кран­шыға ең алдымен жүрек­тілік пен батылдық керек дер едім. Содан кейін көз­дің қырағы, өткір болғаны жөн. Сонша биікте отырып, ілмектегі тонна-тонна затты межелі орынға жеткізе салу соншалықты оңай шаруа емес. Қаптап жүрген қарақұ­рым жұмысшылардың жүріс-тұрысын жіті бақылап, бай­қап отыруың қажет. Жауап­кер­шілік жүгін сезіне алмасаңыз, әлдекімді майып қы­луыңыз бір пәсте» дейді. Құрылыс саласындағы краншы ханым бас шаһардағы талай көп қабатты тұрғын үйлерді тұрғызуға күш салды. Айталық, Кенесары көше­сінің бойындағы үйлер, сол жағалаудағы «Әлем-палас» ғимараты, Оңтүстік-шы­ғыс тұрғын алабындағы әсем нысандар, Бауыржан Мо­мышұлы даңғылындағы зәулім үйлер Айым­ханның қо­лымен көтерілді, кранымен тұр­ғызылды. Астананың көп­теген үйлерінің кірпішінде қол­таңбасы бар, маңдай тері сіңген. Бүгінде Жасыл өлке тұр­ғын алабындағы бес қабат­ты нысандардың іргесін қаласуда. Аспан аруының айтуынша, кранмен кез келген күні жұмыс істеуге болмайды. Желдің жылдамдығы секундына 18-20 метрден асқанда, ауа температурасы 25 градустан тө­мендегенде биік­тіктен түсу­ге тура келеді. «Бұл талапты қандай жағ­дайда да бұ­­зуға тыйым салын­ған. Өйт­кені, боранды күні кранның құлап кету қаупі басым болса, қатты аязда көкке жоға­рылаған сайын ауа төмендей береді» дейді ол. Айтпақшы, Айымханның ғұмыр­лық жолдасы Бақыт Сабуровтың да маман­­дығы – краншы. Аспанда жүріп та­ныс­қан, табысқан олар бүгінде төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Осы орайда бір әзіл еске тү­седі, кейбір қуақы қа­рын­дастар кранның ұшар басына шығып, жердегі құры­лысшыларға «Менің бетімнен сүйгің келсе, мұнда кел» дейтін көрінеді. Қыздың бетінен сүйген жақсы ғой, бірақ бас айнал­дыратын биіктікке ба­руға қай жігіттің жүрегі дауаласын?! Кранның орта тұсына дейін өрмелеп, қайта түсіп кетеді. Айымханның да осындай шартына шыдаған ғой Бақыт, шамасы… «Мамандығыңыздың ауыр екенін мойындамайтын жан кемде-кем. Егер өмірге қайта келген болсаңыз, осы саланы таңдар ма едіңіз?» деп сұраған едік одан. «Шын айтамын, ма­мандығым қатты ұнайды, биіктеген сайын рахаттанамын, жұмысымнан ләззат аламын» дейді Айымхан. …Біз қоштасып, қайтып барамыз. Әне, қы­рық метрлік кранның төбесінен қол бұлғап тұр.



Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button