Таным

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…»

[wppa type=»slideonly» album=»41″ size=»auto»][/wppa]

Жанары мөп-мөлдір, көңілі ақ қардай, келбеті келісті қазақ қызына қайран қалмауға әсте болмас. Кешегі Ұлжан мен Зере аналардың, ерліктерімен елге мәшһүр Әлия мен Мәншүктің, Ләззат пен Сәбираның сынықтары бүгін де бар. Ақылына көркі сай бұл аруларды бүкіл жершары біледі. Ал, сіз әдебі мен әсемдігі үйлесіп, әлемді мойындатқан қазақ қыздары жайында не білесіз?

Индонезияның Бали аралында өткен «Әлем аруы-2013» байқауының жеңімпазы филиппиндық Меган Янгтың орнында «шіркін-ай, қазақ қызы болғанда ғой» дейтіндер бар шығар?.. Ендеше, солай ойлайтындарға тамаша жаңалықтарымыз бар.

Жақында қазақ қызы Қытай елінде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің ішіндегі ең сұлуы атанды. «56 ұлттың гүлі» атанған Күнбике Нұрқызы ана тілімен қатар, қытай, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Қытай­лықтарды таңдай қақтырған еліктей ерке сұлуымыз домбырамен әуелете ән салып, мың бұрала билегенде қошемет білдірмеген жан болмаған. Жат жұртта жарқырап, өз елінің ұлттық нақыштарын ұлықтаған сұлу қыз қазақ өнері мен мәдениетін биік деңгейде көрсете білді. Осыған дейін «Шыңжан Ұйғыр автономиялық өлкесінің аруы» байқауында бақ сынап, бас жүлдеге ие болды. Нәзіктігімен бар жанарды жаулаған Күнбике таэквондодан спорт шебері. Келешекте танымал тележүргізуші болуды армандайды.

Небәрі 19 жасар Эльмира Әбдіразақова «Ресей аруы-2013» байқауында басына тәж киіп, сол елдің ең әдемі аруы атанды. Ол 1994 жылы Қызылжарда дүниеге келген. Үш жасында анасымен Ресейге көшкен отандасымыз бүгінде Кемеров облысының Междуреченск қаласының тұрғыны. Қазақтың кербез қызы Ресей намысын «Әлем аруы-2013» байқауында да жоғары деңгейде қорғап шықты. Ол сонымен қатар, «Мисс Спорт» сайы­­сында да лайықты өнер көрсетті. Әлем­дік аренада солтүстіктегі көршіміздің шашбауын көтеріп жүрген Эльмираның бойынан нағыз қазақ қызына тән ізгілікті көреміз.

Ажарымен айдай әлемді мойындатқан ару­ларымыздың легі мұнымен толастамайды. Саида Әділова есімді қаракөзіміз «Miss Asia Moscow-2013» жеңімпазы. Халықаралық бұл байқауға Ресей Федерациясынан – Алтай, Буратия, Қалмықия, Тыва, Хакасия, Якутия, ТМД елдерінен – Қазақстан, Қырғыз  Түркіменстан, Вьетнам, Оңтүстік Корея мен Моңғолияның сұлулары сынға түскен. Осынша ұлттың арасынан суырылып шыққан Саиданың бойынан сайын даланың лебі еседі. Бала кезінен дизайнер-модельер болуды армандаған бойжеткеннің бүгінде Алматы қаласында өз мектебі мен тігін ательесі бар.

Азияның ең көрікті қыздары қатарында «Мисс дара тұлға» аталымымен танылған Әлия Шабарова мен Әсел Асқарова бар. Мәскеуде білім алып жүрген қос құрбы өз орталарында қазақ елінің ғұрыптарын дәріптейді. Бейнелеу өнері мен би әлемінде өзіндік өрнектерін қалыптастырған Әселдің басты арманы – «Астана опера» балет театры­ның сахнасында самғау. Әлбетте, олардың асқақ армандары жүзеге асады. Тек ендігі таңда өзгенің емес, егемен еліміздің ертеңі үшін еңбек етсе болғаны.

Қазақ қыздары тек сұлулық байқауында ғана емес, спорт, өнер сынды басқа салаларда да сыннан сүрінбей, ел абыройын еселеп келеді. Кеше ғана шымылдығын түсірген Сочи Олимпиадасында фристайл-акробатикадан финалдық кезеңге өтіп, әлем үздіктері арасында алтыншы орын иеленген, ел спортшылары арасынан аттанған ең жас спортшы Жанбота Алдабергенованы айта кетпеу мүмкін емес. Осыдан екі жарым жыл бұрын марқұм әкесі Жанботаны гимнастика мектебіне жаздырып: «Қызым, сен Сочи Олимпиадасы ойындарына қатысасың әлі. Сол кезде мен чемпионның әкесімін деп мақтанып отырамын» деген екен. Әкесі көре алмай кеткен жетістікке, қазақ елі ғана емес, бүкіл әлем куә болды.

P.S:  Жер жаһанды жағымды жаңа­лықтарымен қуантатын ару­лардың абыройы арта берсін деп тілейміз. Әдемі тілектің легін күні кеше ғана Болгарияда өткен «Кристальные голоса» байқауында сопрано дауыста
тамаша
өнер көрсетіп, гран-при алған елордалық Гүлниза Баталова мен Грецияның Афина қаласында өткен «Bellydance oriental fashion festival» халықаралық би фестивалінде екінші орын иеленген Индира Қасымованың жеңістерімен түйіндейміз.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button