Жаңалықтар

Ассамблея жылына дайындық нақтыланды



ERA_1926

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен  Қазақстан халқы ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес жұмысына Мемлекеттік комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Комиссия төрағасының орынбасары Б.Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Комиссия төрағасының орынбасары И.Рогов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, комиссия төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Е.Бабақұмаров баяндама жасады.

Отырыс барысында 2015 жылға арналған мерейтойлық іс-шараларды жүзеге асыру, Қазақстан халқы ассамблеясы  жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.

Мемлекеттік комиссияның мүшелері ұйымдастырушылық-әдістемелік бірізділікті қамтамасыз етуге және барлық іс-шараларды үйлестіруге бағытталған Қазақстан халқы ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасын бекітті.

Мемлекеттік комиссия Қазақстан халқы ассамблеясы жылының эмблемасының (логотип) және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерейтойлық медаль эскиздерінің үлгілерін бекітті.

Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын қоса алғанда, 2015 жылға арналған мерейтойлық іс-шаралардың жоспарларын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру және өзара іс-қимылдарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы жұмысты ұйымдастыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button