Елорда тынысы

Астана-Бангкок көрмесі



Таиланд Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай өткен көрменің ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев пен Таиланд Корольдігі елшілігінің өкілдері қатысты.

– Бүгінгі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 260 млн доллардан асады. Оның ішінде негізгі бағыттары: ауыл шаруашылығы техникасы, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдері, автомобиль, құрылыс техникасы және  т. б. Сонымен қатар екі мемлекет туризм саласында өте белсенді түрде ынтымақтастық орнатуда. Оның барлығы тікелей рейстің қайта жандануының арқасында болып отыр. Егер пандемияға дейінгі кезеңде туристер ағыны 50 мың адамды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш артып жатыр, – деді Ерлан Бекмурзаев көрменің ашылу салтанатында.

– Осы іс-шараның арқасында екі ел азаматтары Таиланд пен Қазақстанның мәдениеті мен өмірін зерттеуге көбірек мүмкіндік алады. Аталған көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін, – деп Астана қаласы әкімінің орынбасары осы көрменің мән-маңызына да тоқталып өтті.

Көрме барысында Бангкок қаласынан екі ел елшілігінің өкілдері мен Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов телекөпір арқылы тікелей байланысқа қосылды. Осылайша көрме салтанатты түрде ашылды.

Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесіне айналды. Таиланд астанасы – Бангкок пен Қазақстанның бас қаласы – Астана «бауырлас қалалар» атанды.

Көрме 12 ақпанға дейін өтеді. Көрме қонақтары жұмбақ сырға толы мыңдаған ғибадатханалар мен Таиланд турлары туралы мәліметтермен таныса алады.

Аяулым СЕРІКҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button