ӘлеуметБасты ақпарат

Astana Hub – инновациялы жобалар орталығы



Басты міндет – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Бұл туралы Президент өзінің Жолдауында мәлімдеп, цифрландыру және технология саласын ілгерілетпей, бәсекеге қабілетті болмайтынымызды дәйектеді. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне зер салсақ, цифрландыру, ғылым және инновация есебімен дамудың жолына түскенін көруге болады.

СТАРТАП – СЕРПІНДІ ЖОБА

Мысалы, АҚШ-тың инновация­лық жаңашылдыққа тез бейімделіп, іске асыра білуінен бәсекеге қабілеттілік деңгейін көруге болады. Рас, Америка стартап экожүйесі рейтингінде көш бастайды. Яғни адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында инновациялық шешімдер өз жемісін беруде. Соңғы жылдары үздік ондыққа Ұлыбритания, Израиль, Канада, Швеция, Германия, Сингапур, Австралия, Франция және Қытай енеді. Егер ТМД-да стартап жобаларды қолдап, іске асыруын саралайтын болса, Ресей – 29, Украина – 49, Армения – 57, Грузия – 71, Қазақстан – 73, Беларусь – 80, Әзербайжан – 84, Молдова – 85, Қырғызстанды 99-орыннан көруге болады.

Қалалар арасында стартап жобаларды іске асыруға қолайлысы Сан-Франциско саналады. Одан кейінгі сатыға Нью-Йорк, Лондон, Лос-Анджелес, Бостон, Пекин, Шанхай, Бангалор, Тель-­Авив, Париж жайғасты. Стартап жобаларға қолайлы қалалардың басты артықшылығы – экономикасы әртарапты бағытта дамиды. Шикізат өндірумен ғана емес, өнімді тереңдетіп өңдеп, кластерлі шаруашылық құрып, қызмет көрсету салаларына стартап жобаларды енгізеді. Бұл рейтингке Астана (318-орын) мен Алматы (430-орын) қаласы енді. Біздің қалалар рейтингте жоғары бағасын алу үшін IT саласындағы стартаптарды нарық талабына бейімдеу маңызды.

Әлемдегі ең табысты компания­ның көбі осыдан 20 жыл бұрын жай ғана стартап болғаны құпия емес. Осыдан стартап жобалар экономикалық көрсеткішке оң әсер ететінін білуге болады. Мысалы, Израиль экономикалық көлемі жағынан Жапониядан төмен болғанмен, стартап саны бойынша жоғары. Соның есебінен экономикасы тұрақты мемлекет саналады. Тіпті инновациялық бағытты қолдау және дамыту арқылы Израиль келешекте Жапониядан экономикасы озуы әбден мүмкін. Мұндай зерттеуді Британдық экономика және бизнесті зерттеу орталығы (CEBR) ұсынды. Орталықтың есептеуінше, 2030 жылы Қытай АҚШ-ты экономикалық тұрғыда ілгерілегенмен, инновациялық даму бойынша артта қалады. Жеті жылдан кейін Израиль ғылыми-технологиялық орталықтың біріне айналады. Сингапур стартап жобалар арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияның іскерлік астанасы болады. Еуропаның үш ірі экономикасы – Германия, Франция және Ұлыбритания стартап жобаларды қолдау арқылы жер бетіндегі алғашқы ондыққа кіреді.

Осыдан-ақ стартап жобаларды дамытудың мән-маңызын түсінуге болады. 2018 жылы Қазақстан Үкіметі Назарбаев университе­тінің базасында инвестицияны ұсынатын Инновациялық кластерді (NURIS) іске қосты және елорданы қаржы орталығына айналдыруда Astana Hub технопаркін құрды. Бұл орталық инновациялық жобаларды сүйемелдеуге, серпінді IT-компанияларды шығаруға, IT мамандардың шоғырын қалыптас­тырып, идеяларын жүзеге асыруға және тағы басқасына жауапты.

ТЕХНОПАРК – ИННОВАЦИЯ ЖАРШЫСЫ

– Astana Hub инновациялы жобалар орталығына айналып келеді. Біз IT-таланттарды қолдап және стартап жобаларды іске асырып, стартап бизнес экожүйені дамытып келеміз. Онда отандық және шетелдік компаниялардың жан-жақты ілгерілеуіне жағдай қалыптасты. Оның дәлелі 126 миллиард теңге инвестиция тартылып, әлемнің озық елдеріндегі стартап орталықтармен 39 халық­аралық ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді. Өңірлік IT хабтардың жұмысын жетілдіру қолға алынып, Investors School-да 171 азамат кәсіби біліктілігін шыңдады, – деді технопарктің басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

Технопарк міндетінің бірі – стартаптарға венчурлық инвестиция тарту және қазақстандық жобаларды сыртқы нарыққа шығару. Бұл ретте талантты да талапты жастардың инновациялық жобаларын ерекше атауға болады. Мәселен, Данияр Асанов, Асан Барзу, Эльдар Закирьянов, Тимур Жүнісов және Әлішер Қоғабаев, Әсел Беглинова, Дәурен Макенов, Арман Баев, Аружан Меде, Елнұр Қай, Динара Өскенбаева, Әнуар Сәрсембинов және тағы басқасының стартап жобалары түрлі салада халық игілігіне айналды. Мәселен, Documentolog сервисін қалада Parqour паркинг қызметін, CITIX смарт-тақтасын, UvU қауіпсіз таксиін және тағы басқасын атауға болады. Сондай-ақ JET мобильді қосымшасы арқылы скутерді жалға беру қызметі, СТОgram автосервисі және қосалқы бөлшекті іздеу платформасы сарапшылар мен тұтынушылардың жоғары бағасын алды. Одан бөлек, инсульттің автоматтандырылған диагностикасына арналған нейрорадиология мен жасанды интеллект саласына маманданған стартап – CerebraAI ерекше атау керек. Өйткені қан-тамыр және жүрек аурулары жасарып, инсульт пен инфаркт алған адамдар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қазақстанда 40 мыңнан астам инсульт расталған пациент анықталды. Оның ішінде 10 мыңы алғашқы 10 күнде қайтыс болса, 350 мыңнан астамы инсульт салдарынан түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жанға айналды. CerebraAI осы тұрғыдан алғанда маңызды.

Тағы бір қызықты жобаның бірі – GoDays жасанды интеллектісі. GoDays жобасының операциялық директоры Динара Өскенбаева пернетақта көмегімен адам жанын қалай түсінуге болатыны туралы айтты.

– Жасанды интеллектінің көмегімен адамның көңіл күйі туралы мәлімет алуға болады. Мәселен, ұйқысы қанды ма, күннің қай бөлігінде немесе аптаның қай күндері өзін жақсы сезінеді және тағы басқа мәліметтерді жинап, өңдеп, нәтижесінде адамның жағдайы жақсы ма, әлде күйзеліске жақын ба, соны анықтауға болады. Бұл жоба Португалияда да жақсы нәтиже көрсетті. Қызметкерлер арасында өнімді сынап көргенде бір жігіттің үш ай бұрынғы эмоционалды күйзелісін болжай алдық. Табысты кейстерден соң бәрін цифрландыра бастадық, – деді ол.

ЦИФРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ ПЛАТФОРМАСЫ

Осы күндері жаһан жұртының назары Астанаға ауып, стартап жобалардың жаңашылдығы мен жаңалығын бағдарлауда. Себебі Орталық Азиядағы ең ірі IT-форум – Digital Bridge-2023 өтуде. Яғни әлемнің ірі инвесторлары Астанада бас қосты. Форум аясында инноваторлар мен перспективалы кәсіпкерлердің Startup Alley IT – стартаптар аллеясында IT-жобаларын таныстырды.

Форумға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып: «Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор» деп робот технологияның жаңа бетбұрысқа әсерін сөз етті. Сондай-ақ әлемнің ірі-ірі компанияларының жетекшілері, IT-инновация саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, өңірдің түкпір-түкпірінен венчурлық инвесторлар келді.

– Бұл іс-шараға қатысушылар халықаралық серіктестіктерді құруға, тәжірибе мен білім алмасуға, әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттарының алдында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды. Бұл ауқымды жиын, сонымен қатар, соңғы технологиялық трендтер мен саланың дамуы туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Форумның бір мақсаты – іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейту және құнды бизнес-әріптестікті орнату, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры
Ерсұлтан Ерманов.

Экожүйенің жаңа қатысушыларын іздеу, отандық стартап-мәдениетті көпшілікке таныстыру және өңірде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін Astana Hub Battle үздік IT-стартаптар конкурсының жүлде қоры 75 мың долларды құрайды.

– Digital Bridge 2023 – Орталық Азиядағы цифрлық инновациялар әлемінің басты оқиғасы, ал Startup Alley IT – кәсіпкерлер, инвесторлар және сарапшылар идея алмасатын платформа. Форум барысында сала мамандары мен сарапшылары цифрландыру, технология, жасанды интеллект бағытында тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеуге жол ашады. Біздің азаматтар түрлі салада әзірлеген жасанды интеллект өнеркәсіп пен техниканы дамытуға үлес қосуда, – деді технопарк басшысы Алина Әбдірахманова.

P.S: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты – стартап экожүйесін ілгерілету. Бұл дегеніміз – технопарк құру арқылы бизнестің дамуын жоғары деңгейге жеткізу. Astana Hub осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп келеді. Ал нақты нәтижесін алдағы уақытта білетін боламыз.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button