Басты ақпаратСараптама

Қаржылық сауаттылық неге маңызды?

Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оны дамыту не үшін керек және қаржы саласындағы білімді қалыптастыруға неге ерекше назар аударылуда? Бұл сұрақтарға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бастығы Рустам ҒАБДУЛҚАФЕЕВ жауап берді.

– Алдымен қаржылық сауаттылық деген не, осыны анықтап беріңізші, ол бізге не үшін қажет? Қаржылай сауатты деп қандай адамдарды атауға болады?

– Қаржылық сауаттылық дегеніміз мынадай компоненттердің жиынтығы: біріншіден, бұл қаржылық қызметтер мен құралдарды пайдалана білумен байланысты, яғни адам өз қаржысын басқару дағдыларын меңгеруі керек. Сондай-ақ халық қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары және қаржы қызметтері саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғау туралы үнемі хабардар болып отыруы тиіс.

Халықтың қаржылық білімін арттыру – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесінің негізгі бір бөлшегі. Ол халықтың және бизнестің қаржылық қызметтерге үздіксіз қол жеткізуі, қаржылық тұрақтылық пен қоғамдық әл-­ауқатты қамтамасыз ету үшін қажет.

Қаржылық сауаттылықтың көрсетілген компоненттерін ескере отырып, қаржылай сауатты азамат мынадай қасиеттерге ие болуы керек: ол кірістер мен шығыстарды жоспарлай білуі, сондай-ақ ұзақ мерзімді жинақ пен қаржылық «қауіпсіздік құралын» қалыптастыруы қажет. Қаржылық жаңалықтардан хабардар болуы және қажетті қаржылық ақпаратты пайдалана білуі тиіс. Қаржылық қызметтер мен өнімдерді ұтымды таңдауы және несиелеуге қатысты мәселелерге жауапкершілікпен қа­рауы керек. Бұл ретте қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде оның өзінің заңды құқығы мен мүддесін білуі және оларды қорғай білуі маңыз­ды. Сонымен бірге қаржылық алаяқтық белгілерін тани білгені абзал. Қаржы қызметтері нарығындағы тәуекелдер және қаржы өнімдері мен құралдарының ерекшеліктері туралы да хабардар болғаны, өзі үшін ең жақсы шарттарды таңдай білгені жақсы. Тағы бір маңыздысы, қаржылай сауатты адам шарттық қатынастар мен негізгі тармақтардың базалық аспектілерін білуі және қаржылық қызметтер туралы шарттар жасасу кезінде осыған ерекше назар аудару қажет.

– Қазіргі таңда халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– 2020-2022 жылдар аралы­ғында Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейінің өсуі байқалады. Соңғы кезде адамдар шоттарды төлеуге, қаржылық жоспарлау мен бюджетті жүргізуге, ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін жинақтарды қалыптастыруға жауаптылықты сезіне бастады. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері дәлел бола алады.

– Тағы бір маңызды мәселе – қаржылық қауіпсіздік. Неліктен қазақстандықтар алаяқтардың тұзағына тез түсіп, қаржы пирамидаларына қаражат аудару арқылы алданып, сан соғып қалып жатады деп ойлайсыз?

– Қаржы пирамидаларын қоса алғанда, халықтың күмәнді табыс табу жобаларына тартылып, алдануының негізінде екі басты себебі бар. Бұл, біріншіден, халықтың қаржылық білімі мен дағдыларының жеткіліксіз деңгейде болуы. Екіншіден, қазіргі кезде, жасыратыны жоқ, көпшілік жеңіл ақша табуға құмар болып барады.

– Жекелеген адамға қа­тысты және жалпы елде қар­жылық сауаттылық деңгейінің төмен болуы қандай зардаптарға әкеліп соғады?

– Қаржылық сауаттылық мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының бір бөлшегі ретінде азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді, тұтынушылар үшін ақпаратқа қолжетімділіктің аумағын кеңейтеді, сондай-ақ халықты қаржылық қызметтермен көбірек қамтуды және оларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Әдетте, көптеген елде қаржылық сауаттылық деңгейі халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне, экономикалық даму қарқынының төмендеуіне және халықтың қаржы жүйесіне деген сенімінің азаюына алып келеді.

– Айтыңызшы, қаржыны қалай дұрыс басқаруға болады? Бұл бағытта халыққа, газет оқырмандарына қандай қарапайым кеңес берер едіңіз?

– Қаржылық жоспарлау әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Ал қаржылық жоспарлау дегеніміз – кірістер мен шығыстарды дұрыс басқару. Қаржылық жоспарлау сияқты процестің нәтижесіне қол жеткізу үшін адам алдымен жеке жоспар құруы керек.

Қаржыны қысқа және ұзақ мерзімді уақытқа жоспарлау­ды үйреніңіз. Үш капиталға («китке») негізделген қаржыны басқарудың әмбебап және қарапайым моделі бар. Бірінші «кит» – сіздің ағымдағы капиталыңыз. Сіздің ай сайынғы шығындарға жұмсалатын ақшаңыз үнемі бақылауда болуы керек. Екінші «кит» – бұл резервтік капитал, қаржылық қауіпсіздік құралы, яғни бұл кез келген уақыт шешіп алуға болмайтын жиынтық қор. Қаржылық құрал сізге ертеңгі күнге деген сенімділік береді. Үшінші «кит» – пассивті капитал, ол әртүрлі құралдан «бір рет жаса да – барлық уақытта ал» қағидаты бойынша қалыптасады.

– Халықтың қаржылық са­уат­­тылығы мәселелерін шешуге мемлекет қалай көмектеседі? Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының серіктестігі жанындағы жобаңыз туралы не айтар едіңіз?

– Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы №338 қау­лысымен халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда Мемлекет басшысының 2020 жылғы 26 ақпандағы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі туралы хаттамалық тапсырмасының 1.1.3-тармағын орындау үшін дайындалған болатын. Тұжырымдаманы іске асыру қаржы қызметтерін тұтынушылардың қаржылық білімін жақсартуға, олардың құқығы мен мүддесін қорғауға, қаржы өнімдерінің қолжетімділігін жеңілдетуге және қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру агенттігі іске асыратын жобаның бірі – www.fingramota.kz сайты. Ол әртүрлі қаржылық сауаттылық деңгейлері мен әртүрлі қаржылық мүмкіндіктері бар кең аудиторияға арналған. Сондай-ақ «FinGramota Online» мобильді қосымшасы халыққа қаржы реттеушісінің қызметі, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері жөніндегі агенттікпен өзара іс-қимыл жасау үшін ыңғайлы интерактивті құрал ұсынып отыр. Осы мес­сенджер арқылы 24/7 режимінде пайдаланушылар қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретіндегі құқығының бұзылуына, қаржы өнімдерін пайдалану шарттарына, сондай-ақ қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылға қатысты сұрақтарын қоя отырып, қаржылық алаяқтық жағдайлары және қызметінде қаржы пирамидаларының белгілері қаралатын күмәнді ұйымдар туралы хабарлай алады.

– Балаларға қаржылық са­уаттылық туралы айту, онымен таныстырып отыру керек пе?

– Қаржылық сауаттылықты ерте жастан бастап қалыптас­тыру қажет. Осыған байланысты халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Ол қазақстандық балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды көздейді. Бұл ретте мектеп жасындағы балаларға, атап айтқанда, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған балалар басылымын шығарып, қаржылық сауаттылық жөніндегі қосымша әзірлеу жоспарланып отыр.

– Сіздің ойыңызша, елде қар­жылық сауаттылық тақырыбын дамыту неліктен маңыз­ды?

– Себебі қаржылық сауаттылық – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының бір бөлшегі. Ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді, тұтынушылар үшін ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді, сондай-ақ халықтың қаржылық қызметтермен толықтай қамтылуын және қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Қаржылық сауаттылықтың жеткілікті деңгейде болуы азамат­тарға қаржылық қызметтерді дұрыс және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, ең бастысы, қаржылық алаяқ­тықтан қорғайды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button