Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана тартымды қалаға айналды

Астана құрылысы осы күндерге дейін тоқтаған емес. Халықты тұрғын үймен, қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету үздіксіз жүріп жатыр. Қала келбетіне де ерекше көңіл бөлініп, тұрғындар мен қала қонақтары демалатын орындар көптеп салынуда. Бұл жұмыс туралы Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек АХМЕТОВПЕН сұхбаттастық.

БАС ЖОСПАРДА БӘРІ ЕСЕПТЕЛДІ

– Алтынбек Жанатұлы, бұ­рынғы Бас жоспар бойынша Астана тұрғындарының саны 2030 жылы ғана 1 мил­лион адамға жету керек екен. Бірақ бұл межеге болжанған уақыттан әлдеқайда бұрын – 2016 жылы жеттік. Бүгінгі таңда елорда халқының саны шамадан тыс артуына байланысты бірқатар мәселе туындады. Бұл, негізінен, инженерлік инфрақұрылым мен балабақшалар, мектептер секілді әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігіне қа­тысты болып отыр. Сіздердің басқармаларыңыз – қала құрылысы мен келбетіне жауапты бірден-бір мекеме. Осы тарапта мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтып берсеңіз.

– Жалпы кез келген қала құрылысы Бас жоспардан басталады. Үкімет қаулысымен бекітілген Астана қаласының Бас жоспары бар. Бірақ бұл құжат ескірді. Қала өсіп жатыр, елорда тұрғындары да арту үстінде. Қаланың өсу қарқыны Бас жоспарға сәйкес келмей қалды. Астана тұрғындарының саны болжанғанынан әлдеқайда асып кетті. Мәселен, бұрын қаланың шеті саналған Оңтүстік-шығыс тұрғын алабында жеке тұрғын үйлерді салу жоспарланған еді. Қазір аймақ қаланың ортасына айналғаннан кейін бұл мүмкін болмай қалды. Халық сұранысына сай көппәтерлі үйлер салу керек, сол аймаққа инженерлік инфрақұрылым тарту қажет. Солай болып жатыр да.

Бір жақсысы, Астана – басқа қалалармен салыстырғанда жайылып кеткен шаһар емес, жинақы қала. Қазір Астана тұрғындары саны ресми ста­тистикаға сәйкес 1 миллион 350 мың адамнан асты. Сондықтан Бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, бұған қатысты қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Тұрғындар бұл талқылауларда көптеген мәселе көтеріп жатыр. Жаңа Бас жоспарда қаланың 2035 жылға дейінгі дамуы есептелуі керек. Тұрғындар санына, сұранысына қарай міндетті түрде балабақшалар, мектептер, денсаулық сақтау нысандары жеткілікті болуы керек.

– Бас жоспардан басқа қала құрылысында қандай құжаттарға сүйенесіздер?

– Детальді жоспарлау жоспары деген құжат бар. Бас жоспар қарапайым халыққа түсініксіз, онда қала аймақтарға бөлініп, бүкіл нысандар арнайы белгілермен көрсетілген. Ал детальді жоспарлау жоспарында бәрі бүге-шігесіне дейін қамтылады.

ТАЛДЫКӨЛ ЖОЙЫЛМАЙДЫ

– Бас жоспарға қатысты қоғамдық талқылауларда тұрғындар көптеген мәселе көтеріп жатыр дедіңіз. Бұл қандай мәселелер?

– Талдыкөл мәселесі көп талқыланғанын білесіздер. Оған алаңдаудың, халықты дүрліктірудің қажеті жоқ. Бас жоспарда Кіші Талдыкөл де, Үлкен Талдыкөл де сақталған. Бұл – қала тіршілігі үшін маңыз­ды су ресурсы. Үкімет те, қала әкімдігі де соны түсініп отыр. Сондықтан Талдыкөл жойылмайды. Бұл – табиғи көл. Баяғы­да осы көлге кәріз қалдығын ағызды. Жағымсыз иіс содан шықты. Сол маңайда тазарту құрылғылары бар. Кейін қалдықтарды көлге ағызуға тыйым салынды. Сол кезде табиғи көл болғандықтан су деңгейі төмендеп, құрғап қалды. Қазір ол жерде абаттандыру жұмысы жүріп жатыр.

– Инженерлік инфрақұры­лымға келейік. Жаңбыр жау­са, қала көшелерін су алып кететіні ешкімге жасырын емес. Қалада нөсер кәріздері салынып жатыр. Дегенмен бұл жұмыс әлі бір жүйеге келмеген секілді…

– Әлемдегі кез келген қаланы қатты жаңбыр жауғанда су басады. Бұл Еуропада да, басқа құрлықтарда да бар. Таулы аймақтарда орналасқан шаһарларда бұл мәселе жеңіл шешіледі. Ал бізде тау жоқ болғаннан кейін мәселе күрделілеу, жауған жаңбыр суы бір орында тұрады. Бүкіл қаланы нөсер кәрізімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен өте көп қаржы бөлінуі керек. Екінші жағынан, қаланы түгел қазып тастамайсыздар ғой. Құбырлардың диаметрі де үлкен болуы керек. Су ағынын күшейту үшін сорғылар пайдаланылады. Бұл тарапта қалада тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

ХАЛЫҚҚА КЕРЕК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРЕДІ

– Елордада біраз жылдан бері жеке тұрғын үй салуға жер берілмейді. Тек қана әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына белгілі бір компанияларға жер телімдері бөлінеді. Жер қатынастары бағытындағы жұмысқа тоқталсаңыз.

– 2006 жылы Үкімет Астанада жеке тұрғын үй салуға қатысты қаулы шығарып, ережесін бекітті. Соған сәйкес, жер телімдері кезекке сай берілетін болды. Сол жылы бір жылдың ішінде 100 мыңнан астам адам өтініш жазды. Бір отбасының бірнеше мүшесі қатар жазған жағдай да көп. Қазір мұндай өтініштер 250 мыңға жетіп қалды. Бірақ қазір елордада жеке тұрғын үйге беретін бос жер телімдері болмай тұр. Және Бас жоспарда бұл қарастырылмаған. Тиісті ереже бойынша кезекте тұрған адамдарды алып тастау деген жоқ. Экономикалық тұрғыдан белгілі бір шаршы метрге жеке тұрғын үйден гөрі көппәтерлі үй салған тиімді. Бұған қоса, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де бар.

– Қала тұрғындары тарапынан белгілі бір аймаққа тұрғын үй кешендері салына бергеннен мектеп, ауруханаға секілді әлеуметтік нысандар салынса деген өтінішін жиі естіп жатамыз. Бұл бағыттағы жұмыстан хабар берсеңіз.

– Қалада мектептерді, ауруханаларды салу жоспары бірнеше жылға жасалған. Оның бәрі салынады. Ерекше атап өтетін нәрсе, кейінгі жылдары үлкен сұраныс болғаннан кейін елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны артып кетті. Қазір ғана сәл баяулады. Бүгіндері әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілерді салуға басты назар аударылды.

– Тұрғын үй кешендерін салу баяулады деп айттыңыз. Бірақ оның екінші жағы да бар ғой, қазір қаншама адам тұрғын үй кезегінде тұр…

– Мынаны қоса кетейін, қалада құрылыс саласында өте көп адам жұмыс істейді. Құрылыс тоқтаса, қаншама адам жұмыссыз қалады. Сондықтан бұл мәселеде де мұқият болу керек деп есептеймін. Бірақ қала құрылысы баяулағанмен, жұмыс жалғасып жатыр. Халыққа керек нысандар бой көтеруде.

«МЫҢЖЫЛДЫҚ» АЛЛЕЯСЫ ЖАҢҒЫРЫП, ЖЕЛІЛІК САЯБАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

– Елордада жүргізіліп, халықтың көңілінен шығып жатқан жұмыстың бірі – қоғамдық кеңістіктер құру. Соңғы жылдары қалада осындай кеңістіктер көп ашылды. Биыл да жалғасқан бұл жұмыс туралы айтып берсеңіз.

– Астана әкімі Жеңіс Махмұдұлы қалада қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, «Мыңжылдық» аллеясы деген жоба бар. Бірнеше жыл бұрын бұл басталғанда құрылыс салушылар осы жұмысқа салғырт қарады. Қала әкімі тапсырма беріп, қазір аталмыш жобаны жаңғырту бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде сол аймақта жасыл желекті көбейтіп, күтіп ұстауға, дендро жоспарды әзірлеуге тапсырма берілді.

– Қалада Желілік саябақ құрылысы туралы біраз әңгіме болды. Бұл жағы қазір қалай болып жатыр?

– Жобаланған Желілік саябақ аумағының жартысы бірнеше жыл жабық болды. Оның себебі сол аумақта қала мен елдегі ғана емес, Орта Азиядағы бірегей нысанның бірі «Абу Даби Плаза» кешенінің құрылысы жүргізілді. Бұл – Астананы әлемге танытатын нысан. Қазір кешенді салу бойынша тиісті жұмыс тиянақталып қалды. Оның бос аймағында тұрғын үй кешендері салынбайды, Желілік саябақ құрылысы жалғасады. Осы нысан Бас жоспарға кірді.

– Астананың болашағы туралы пікіріңіз қандай?

– Қазір елорданың өндірістік қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның ішінде Астананы экономикалық хабқа айналдыру мақсаты қойылды. Бұл үшін арнайы индустриалды аймақ құрылып жатыр. Осы күні қалада бір индустриалды аймақ бар. Бұл толып қалды, сондықтан екінші осындай аймақты құру жүргізіліп жатыр. Оған тиісті желілер тартылуда. Жобалау жұмысы аяқталуға жақын. Осындай істер жұмыс орындарын көптеп ашуға, өңірлік ішкі өнім көлемін өсіруге септігін тигізеді.

Астана – еліміздегі донор қаланың бірі. Дегенмен елдің астанасы болғаннан кейін экономикалық тұрғыдан да тартымды болуы керек. Мұнда ірі инвесторларды, әлемдік нарықтың ірі «ойыншыларын» тарту қажет. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтті. Көрме өткелі сондағы бірде-бір павильон бос тұрған жоқ. Онда түрлі көрме, жиын жиі өтеді. Сол уақыттан Астана экономикалық тұрғыдан тартымды бола түсті. Сол жағалау өсе түсті. Жуырда Алматыдан Астанаға жұмыс бабымен келген бір танысым елордада 15 жыл болмапты. Ол: «Әуежайдан түсіп Астананы көргенде, аузым ашылып қалды. Шетелге келгендей болдым» деп айтты. Жалпы қазір елордада шетелдіктер де көп. Бұрын бірен-саран ғана еді. Бұрын таңсық болса, қазір үйреншікті жағдайға айналды. Астана ел тұрғындары үшін де, шетелдіктер үшін де тартылыс орталығына айналды. Еліміздің бүкіл өңірінен халық табыс табу үшін, басқа да мақсаттармен елордаға ағылады. Астанада экономикалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік өте көп.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button