Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Көктал қалай дамып жатыр?

Астананың шет жағында қоныс тепкен тұрғын алаптарында ауыз су мен жылу және сапалы жолмен қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзектілігін жойған жоқ. Дегенмен осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар нәтижесінде бүгінде олар қала орталығынан кем түспейтін жағдайға жетіп қалған. Бұл сөзімізге Көктал және Көктал-2 тұрғын алаптарының бүгінгі тіршілігі дәлел болмақ.

Аталған тұрғын алап бұл күнде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында даму үстінде екен.

Бүгінде Көктал тұрғын алабының жалпы аумағы – 3 500 гектар. Тұрғындар саны 69 мыңнан асады. Екі елді мекеннің арасын әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев даңғылы бөліп жатыр. Біз алдымен Көктал-1-ге бұрылып, әлеуметтік нысандарға қарай бет алдық. Жол бойынан қолында жетектеген немересі бар әжені байқап, әңгімеге тарттық. Қала тұрғынының есімі – Айжамал Ескенбай. Оның сөзінше, қазіргі Көктал бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дамып, өмір сүруге қолайлы мекенге айналды.

– 2000 жылдардың басында көшіп келгенде Көкталдан үй алғанбыз. Ол кезде бұл маңайда жол жаман болған. Жаңбыр жауса, аяқ киімнен түк қалмайтын. Балалар мектепке бару үшін аялдамаға дейін су етік киіп баратын еді. Осылай балаларды оқыттық қой. Қазір шүкір, жол да, жарық та бар. Автобустар да көбейді. Бұрынғыдай сағаттап автобус күтпейміз. Өз мектебіміз бен балабақшамыз бар. Қазір немеремді мектепке апара жатырмын. Қала ортасына қарағанда тыныш, өмір сүруге өте қолайлы, – дейді Айжамал апа.

Әрі қарай елді мекен туралы толық ақпарат білу үшін Сарыарқа ауданы әкімдігіне күні кеше тағайындалған бұған дейін аудан әкімдігінің бас инспекторы болған Ержан Жұмағұловпен кездестік. Ол бізге Көктал елді мекені жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

– Көктал Сарыарқа ауданындағы ең тарихи тұрғын алап екені баршаға белгілі. Өздеріңіз білетіндей, ол бұрын Киров деп аталған. Қазір бұл елді мекенде инфрақұрылымдық барлық жағдай жасалды. Атап айтқанда, ауыз су, жарықтандыру, жылу, газ, кәріз жүйесі және жол бар. Дегенмен, Көктал-1-де әлі де асфальт жоқ көшелер бар. Бірақ, алдағы 1-2 жылда бұл мәселе толық шешіледі. Ал Көктал-2-де барлығы 43 көше бар. Онда барлық жолдар толық жөңдеуден өткен. Сондай-ақ тұрғындар өтініші бойынша жаяу жүргінші жолын жасау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп отырады. Көкталға газ 2020 жылы келді. Сол уақыттан бері тұрғындардың көбі үйіне газ тартып алды. Мемлекет тек жеке сектордың ауласына дейін ғана газ құбырын жүргізді, әрі қарай үй иесі қалауы мен қаржылық мүмкіндігіне қарай үйіне көгілдір отынды кіргізіп алады, – деді бұрынғы бас инспектор.

Оның сөзінше, жалпы Сарыарқа ауданы бойынша 4384 үй газдандырылған. Бүгінгі таңда қосымша 18 үйде монтаждау жұмысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар 4862 тұрғын үй техникалық тексерістен өтіп, әрі қарай газ тарту жоспарлануда.

Сарыарқа ауданында 3 тұрғын алабы бар. Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық. Газдандыру жұмысы осы үш тұрғын алапта жүргізілді. 17 әлеуметтік нысан газға қосылды. Қазіргі таңда тұрғындардың 85 пайызы газға қол жеткізіп отыр. Былтыр Halyk bank демеушілігімен қалада 100 үйге тегін газ тартылды. Осы игі бастама аясында біздің аудандағы 68 үйге тегін көгілдір отын кіргізілді. Бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады. Газдан кейін жиі қойылатын сұрақтардың бірі – интернет. Бұл – 8 жыл ішінде көтерілген үлкен мәселе. Бір кездері елорданың сәулеттік келбетін сақтау үшін сымдарды бағандар арқылы өткізуге тыйым салынған еді. Қазіргі таңда инвестор арқылы Көктал-2 бойынша толықтай интернет желісі тартылды. Бұл күнде Көктал-1 тұрғындары сапалы интернетпен 95 пайыз­ға қамтылған. Инвестор тек интернет сымын тартады, әрі қарай тұрғындар өздері өтініш жазып, келісімшартқа отыру арқылы үйлеріне интернет орната алады, – дейді Ержан Жұмағұлов.

Әңгімелесу барысында әлеуметтік нысандар туралы сұрадық. Белгілі болғандай, бұл елді мекенде 11 білім беру нысаны бар. Оның 4-еуі – орта білімді мектеп және біреуі –  мектеп-интернат. Сондай-ақ 3 мемлекеттік және жекеменшік балабақша бар.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» бағдарламасы негізінде 2 мектептің құрылысы жүруде. Біреуі Бейбарыс Сұлтан көшесінде салынып жатса, екіншісі Көктал-2-де Наурыз көшесінде бой көтереді. Жоспар бойынша келесі жаңа оқу жылында аталған екі мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2 жекеменшік емхана және «Үй жанындағы дәрігер» пункті бар. Қаладағы мемлекеттік №5 емхана да көкталдықтарға қызмет көрсетеді. Үлкен аурухана да салынып жатқанын айта кету керек, – деді аудан әкімінің су жаңа орынбасары.

Байқағанымыздай, елді мекенде спорт және мәдениет нысандары да бар. Осыдан 2 жыл бұрын Көктал-2-де Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Онда спорт үйірмелері ұйымдастырылып, қалалық және республикалық жарыстар өтіп тұрады.

Елді мекен қала орталығынан алыс орналасқандықтан, қоғамдық көліктердің қатынауы өте маңызды. Ержан Жұмағұловтың сөзінше, Көктал тұрғын алабы бойынша 15 автобус бағыты өтеді.

– Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті. Тұрғындардың өтінішіне байланысты №2, 32, 50 автобустың бағыты ұзартылды. Жақында сол жағалауға қатынайтын тағы бір автобус қосылды. Көктал-1-де үлкен саябақ бар, ал Көктал-2-де спорт кешені бар. Бірақ Көктал-2 тұрғындары саябаққа тікелей бара алмаса, керісінше Көктал-1 тұрғындары спорт кешеніне бара алмайтын. Осы мәселені тұрғындармен бірлесе келісе отырып, жаңа №49 автобус бағыты қосылды. Енді тұрғындардың саябаққа және спорт кешеніне баруға мүмкіндік туды. Елордаға жаңа автобустар келген сайын жаңа бағыттар қосылып, қазіргі автобустардың санын арттыру жұмыстары жүргізіледі, – дейді ол.

Қоғамдық көлік туралы әңгіме өрбігеннен кейін жылы аялдама туралы да сұрадық.

– Жыл сайын Сарыарқа ауданында 10 жылы аялдама қойылады. Былтыр оның 9-ы осы тұрғын алаптарға орнатылды. Жылы аялдаманы орнату кезінде елді мекендегі әлеуметтік нысандар ескеріледі. Осы уақытқа дейін мектеп және балабақша маңайына қойылды. Көкталдың өз ішінде «Нұрбесік» және «Жасыл ел» деп аталатын шағын тұрғын алаптар да бар. Онда қандастарымыз тұрады. Осы орайда, көкталдықтардың өтініші әрқашан ескерілетінін айтып өткім келіп тұр. Мысалы, Көктал-1 тұрғындарының өтініші бойынша Көк-төбе көшесінде қоғамдық кеңістік ашылды. Ал Көктал-2-де «Қорғалжын» саябағы салынды. Кеңдала көшесінде жетіқабатты 2 үй бар. Ол жерге балалар ойын алаңы орнатылды. «Көктал» парк – оң жағалаудағы үлкен саябақтардың бірі. Оның аумағы – 15 гектар. Айдарлы көшесінде және «Наз-би» театры аумағында қоғамдық кеңістіктер бар, – дейді спикеріміз.

Елді мекенге қатысты толық мағлұмат алғаннан кейін Көктал ішін аралап көрдік. Тұрғын алапта жол да, жарық та бар. Әр үйге тартылған газ құбырын да байқадық. Аялдамаға жақындап, тағы бір тұрғынды әңгімеге тарттық. «Қала шеті болған соң, жедел жәрдемді көп күтесіз бе?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.

– Жедел жәрдемді көп күтпейміз. Олар осы Көкталдың өзінен келеді. «Үй жанындағы дәрігер» пункті бар, бірақ тағы да осындай пункттер ашылса дейміз. Халыққа ыңғайлы деп айтар едім. Балабақшаға бала сыймайтыны жасырын емес. Біздің әкімдік халықпен тығыз байланыста, қаланың шет жағында тұратын тұрғындарға әрқашан көңіл бөледі. Әлі балабақша салынады деп естіп жатырмыз, – дейді Көктал тұрғыны Айғаным Қуаныш.

Көктал-1-ден шығып, жолдың арғы бетінде орналасқан Көктал-2-нің тыныс-тіршілігін көріп кетпек болдық. Байқағанымыздай, бұл елді мекенде жер үйге қарағанда көпқабатты үй басым. Автобустардың да қарама-қарсы жиі өтіп жатқанын көзіміз шалды. Бұл жақтағы тыныс-тіршілікті білу үшін саябақта жүрген тұрғынмен тілдестік. Бір қызығы, біз танысқан Сайран Нақұпова ауданның белсенді тұрғыны болып шықты.

– 1999 жылы елордаға көшіп келіп, осы жерден үй салдық. Бұрын бұл жақта жол ештеңе болмайтын. Жол болмағаннан кейін автобус та жүрмейтін. 2012 жылдан бастап «Көкталды абаттандырамын» деп өзіме мақсат қойдым. Әрқашан басқа тұрғындармен бірлесіп, мәселелерге қатысты өтініштер жазып жүрдік. Қазір жол, кәріз жүйесі, жарық мәселелері шешілді. Автобустар да қатынай бастады. Өтініш-тілектерімізге Сарыарқа ауданы әкімдігінен кері байланыс жақсы болды. 2020 жылы қалаға газ келді. Тұрғындардан бірінші болып біз тарттық. Спорт кешені мен театрымыз да бар. Бұрын көше қиылыстарында бағдаршам болмайтын. Қазір өзіңіз көріп тұрғандай, әр көшеде бағдаршам мен жаяу жүргінші жолы бар. Шынымды айтсам, ауыз толтырып айтатын проблема жоқ. Егер маған «Сізге қала ортасынан көпқабатты үйден пәтер берейік» десе, мен ауыс­тырмайтын едім. Өте ыңғайлы тұрғын алап, ауасы да қала ішіне қарағанда таза, – деді Сайран Нақұпова.

Тұрғындар пікірін білген соң, шынында Көкталдың қалай дамып кеткеніне көзіміз жеткендей болды. Қала тіршілігінен алыс орналасқан елді мекен жайлы әрі қауіпсіз өмір сүріп жатыр. Үкіметте 2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Көктал елді мекенінде біршама жұмыс атқарылғаны көрініп-ақ тұр.

Елді мекенмен танысу барысында халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қашан да жалғаса беретін жұмыс деген ой түйіндедік.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button