#Жаңа Қазақстан

Ақ Жайықтан – Астанаға

Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Музыкалық жас көрермендер театры сахнасында астаналық көрермендерге «Елордаға Ақ Жайықтан сәлем» атты концерт бағдарламасын ұсынды. Шара Республика күні және Астана қаласының 25 жылдығы аясында өтті.

Оркестр директоры Салтанат Абулгазиеваның айтуынша, бұл гастрольдік сапар осыдан 2 жыл бұрын, оркестрдің 10 жылдығына орай жоспарланыпты. Алайда пандемия салдарынан кейінге шегерілген екен. Ұжымда 20 өнерпаз бар. Олар: еліміз бен көрші Ресейдің белгілі музыкалық жоғары оқу орындарының түлектері, жас музыканттар. Арасында Италияның Пезаро қаласындағы опера студиясында дәріс алған өнерпаздар да кездеседі. Оркестр репертуарында 400-ден астам туынды бар. Облыстық камералық оркестр – Ақжайықта бой көтерген жеке дара материалдық базасы бар мекеме. Оркестр тарихы 2004 жылдан басталады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің бастамасымен оркестрдің жеке ғимараты, жалпы материалдық базасы қалыптасты. Кейін 2011 жылы облыс әкімінің қолдауымен қайта жасақталды. Оркестр құрылғалы бері, ел ішінен бөлек, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық музыкамызды өзге елге таныстырып келеді. Ол еліміздегі іргелі өнер ұжымдарының бірқатарымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Соның арқасында шығармашылық және гастрольдік сапарлар кезінде республикаға танымал өнерпаздарды қатыстырып, өзара тәлім-тәжірибе алмасуды жолға қойған. Мәселен, камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов алғаш рет коллаборациялық жұмысты қолға алып, халқымыздың інжу-маржаны саналатын күйлері мен халық әндерін нотаға түсіріп, оркестр құрамына домбыра, қобыз аспаптарын қосып, кахон, гитара, бас-гитара аспаптарының синтезін құраған. Театр режиссері Гауһар Адаймен және абстракт бағытындағы суретші Гүлдана Әлинамен бірлескен жұмыс нәтижесінде камералық оркестр перформанс бағытында екі бірдей бейнебаян түсірген.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button