Елорда тынысы

Ақынның өлеңін оқыды

«Elorda Aqparat» медиакомпаниясы мен Астана қаласы Білім басқармасының бірлескен «Мектеп және медиасауаттылық» жобасы аясындағы кезекті кездесу Мұқағали ­Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияда жалғасты.

 2014 жылы ашылған аталмыш білім беру ошағына ақиық ақынның есімі 2021 жылы берілді. Соған орай мектепте «Мұқағали әлемі» атты шығармашылық-танымдық орталығы ашылды. Оның ашылуына ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова арнайы келіп қатысты. Әкелерінің қолжазбаларының көшірмесін, кітаптарын сыйлады.

Музей іспетті орталық 3 бө­лімнен тұрады. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мәліметтер қамтылған. Сонымен қатар ғылыми конференциялар өткізетін зал жасақталды. Жалпы орталық заманауи талаптарға сай келеді. QR-код арқылы Мұқағали өз дауысымен оқыған өлеңдерді, ақынның сөзіне жазылған әндерді тыңдап, 3D технология көмегімен Мұқағалидың бейнесімен қауышуға болады.

«Elorda Aqparat» медиакомпаниясының директоры Олжас Сыдықбек бастаған серіктестік қызметкерлері Төлен Тілеубай, Сұлтанбай Сейіт, Сәбина Кәкімжан, Гүлжан Уәлиева және осы жолдардың авторы алдымен осы орталықпен танысты. Мектеп директоры Еркінжан Бөкейхан оқу орны туралы жалпы мәлімет берді.

Журналистердің оқушылармен кездесуін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Өркен Әбдіров тізгіндеді. Медиакомпания басшысы Олжас Сыдықбек жобаның мақсатына тоқталды. Оның негізгі мақсаты – журналистика негіздері және мобилография бойынша түсінік беру, болашақта журналист болам дейтін талапты оқушылармен сыр-сұхбат құру.

Білім ошағында 5-сыныптан бастап мұқағалитану курсы жүргізіледі, «Дебат» клубы ашылған. Оқушылар қонақтарға түрлі сұрақ қойды. Кездесуде жаңа медиа, журналистиканың болашағы, қазақ тілінің жағдайы, цифрлы журналистика туралы әңгіме қозғалды. Оқушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button