Астана күнінде аламан бәйге өтеді
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2023/02/dsc_5987-780x470.jpg)
Астана қаласының коммуникациялар орталығында Олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов брифингке қатысты. Ал «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені басшысы Арман Мүсіпов көпсалалы кешеннің жұмысы туралы баяндады.
Брифингте Астана қаласында ат спорты түрлері бойынша өтетін жарыстардың маңызын білдік.
– 26 ақпанда елордадағы «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтеді. Бұл жарыстың жүлде қоры – 12000000 теңге. Жарыс «Балалар санаты» бойынша биіктігі 110 см-ге дейін кедергіден секіру, 4 жастағы жас аттар 100 сантиметрге дейінгі кедергіден секіру, 5 жастағы 120 сантиметрге дейінгі кедергіден секіру, 6 жастағы 125 сантиметрге дейінгі кедергіден секіру және «Категория ашық класс» бойынша биіктігі 130 сантиметрге секіру бағдарламасы бойынша өтеді, – деді А.Хасенов.
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әйелдер арасында да жарыс өтеді екен. Оған 30-ға жуық шабандоз қатысады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайтынын білдік.
Наурыз мерекесінде Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Ақмола облысы мен Астана қаласының командасы «Қазанат» ипподромында бас қосып, көкпар тартады. Бұл шараның жүлде қоры – 19,5 миллион теңге (1-орын – 10 миллион теңге, 2-орын – 6 миллион теңге, 3-орын – 3,5 миллион теңге).
Астана күнінде аламан бәйге ұйымдастыру жоспарланып отыр екен.
– Ат спорты жарысының өзіндік ерекшелігі мен мақсаты бар. Мәселен, жарысқа келетін жылқылардың денсаулығына қойылатын ветеринарлық талаптар қолданыстағы ветеринарлық заңнама мен ережелерге сәйкес келеді. Барлық жылқылар Қазақстан ат спорты федерациясында тіркелуі, ұлттық жылқы паспорты болуы керек, – деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Спикердің сөзінше, наурыз айында тұлпар тұяғымен Ұлы дала дүбірі жаңғырып, ұлттық рухты көтереді.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені 3 блоктан тұрады. Біріншісі – емдік атқа міну (иппотерапия). Екіншісі – балалар мен ересектерді атқа мінуге үйрету, түрлі деңгейдегі спорт іс-шараларын ұйымдастыруды қамтиды. Үшіншісі – спорттық-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын өткізу.
– Ат-спорттық сауықтыру кешенінің жабық манеж алаңы бар. Оның биіктігі – 12 метр, аумағы – 40х80 метр. Онда 50 бас жылқыға арналған арнайы орын бар. Кешенде мультимедиалық құрылғылары бар 150 адамдық конференц-зал, әкімшілік бөлмелер орналасқан, – деді Арман Мүсіпов.
Ашық конкур алаңында 70х100 метр болатын 1232 адамға арналған трибуна төрешілер орны және тағы басқасы қамтылған. Одан бөлек, 50 атқа есептелген 2 ат қора бар.
«Арғымақта» аттарды үйрету, оның ішінде асау атқа бас білдіру, аттарды арнайы дайындау және күту, ветеринарлық бақылау, тағы басқа жұмыстар жүргізіледі.
Қысқасы, «Арғымақ» кешені – қала тұрғындары мен қонақтарына ойын-сауық қызметін ұсынатын және бос уақытын белсенді өткізуге таптырмайтын орын.