Басты ақпаратҚала мен Сала

Тасқынның алдын алу жалғасуда

Елорданың барлық ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмысы ­жүргізіліп жатыр. Қаладағы су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 21-ге дейін азайды.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, қазіргі уақытта елордада көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар мен мұзды жинау жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Қысқы кезеңнің басынан бастап коммуналдық қызметтер елордадан 3,2 млн текше метрден астам қар шығарып, 20 мыңнан астам аумақта арық желілері тазартылды.

Су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Ол ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, қума жел, мұздың кептелуі және т. б. өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде болуы ықтимал. Оның алдын алу және су тасқынын болдырмау үшін азаматтық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс жүргізуде, инертті материалдар қоры дайындалды. Жеке сектор тұрғындарымен үй маңындағы аумақты қардан уақытылы тазарту туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы белсенді түрде жүргізілуде.

Алматы ауданында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері барлығы 2911 метр аумақтан қар шығарылып, Оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағы және Железнодорожный тұрғын алабының көшелерінде 984 метр науа-арық желілері жуылып-тазартылды. Су басу қаупі бар аймақтардан шығарылған қардың жалпы көлемі 13500 текше метрді құрайды.

– Су тасқынымен күресу үшін 85 техника, 300 қап құм және 70 дресва самосвалы дайындалып, уақытша орналастырудың 4 пункті анықталды. Ықтимал су басу аймағына 7 учаске жатады. Жалпы, тұрғындар мен мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су тасқынына қарсы іс-шараларды жалғастыру өте маңызды. Осы кезеңнің қаншалықты сәтті өтетіні алдын ала жасалған жұмысқа байланысты, – деді аудан әкімі Мақсат Саматұлы.

Байқоңыр ауданында да су тас­­қынының алдын алу жұмысы жалғасып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбеков аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшылығын, экожүйе қызметкерлерін және шаруашылық жүргізуші субъектілер өкілдерін жинап, Өндіріс тұрғын алабында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша көшпелі кеңес өткізді. Онда су тасқынының алдын алу шаралары пысықталып, осы бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды. Бұл ретте жеке сектор тұрғындарынан су басуды болдырмау үшін қызмет көрсетуші ұйымға көмектесіп, жекеменшік үйлердің маңындағы қарды аулалардан көшелерге шығару ескертілді.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев та көшпелі кеңес өткізді. Үркер тұрғын алабында ұйымдастырылған жиынға Астана қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дастан Алдабеков, Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Талғат Каерлинов қатысып, шара аясында бірлескен жұмыс жоспарын белгіледі.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қыз­меткерлері Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратымен бірлесіп, су тасқынына аса бейім учаскелерді аралады.

– Қыс мезгілінің басынан бастап Сарыарқа ауданының қар полигонына 600 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қазіргі уақытта арық-науа жүйесінің 16 мың куб метрін және барлық жаңбыр қабылдайтын, дренаждық құдықтарды қардан, мұздан және қоқыстан тазарту жұмысы жүргізілуде. Бұл жеке сектордың су басу қаупін азайтуға көмектеседі, еріген және нөсер суының кедергісіз өтуіне ықпал етеді. Күн сайын арық желілерін 4 техника мен 28 жұмысшы тазалайды, – деді Сарыарқа ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Темірлан Аринов.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде бекітілген кестеге сәйкес мердігер ұйымдардың жеке секторлардан қар массаларын шығару жұмысы басталды. Бұл іске 201 жол жұмысшысы, 91 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Жеке сектордан қар шығару жұмысы 7 наурызға дейін жалғасады. Осы кезеңде тұрғындар үйінің аумағынан қарды алып, жол жиегіне шығаруы керек.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті осы мезгілде мұз үстінде жүрудің аса қауіпті екенін ескертеді. Механикаландырылған тазалау көше бойындағы ашық жерлерде жүзеге асырылады. Осыған байланысты аудан әкімдіктері жеке секторлардың барлық тұрғынын үйлердің төбесінен және іргелес аумақтардағы қарды жолға дейін тазартып, мүмкіндігінше көшеге шығаруға шақырады.

«Түнгі аяз кезінде сумен аралас­қан қар қатып қалады. Бірақ күндіз тікелей күн сәулесінің әсерінен мұз ерімесе де, кеуекті және борпылдақ болып, оның құрылымы бұзылады. Мұндай нәзік мұздың үстімен жүру адам өміріне аса қауіпті. Сондықтан оқыс оқиғалардың орын алмауы үшін ата-аналар әсіресе жас балаларды қараусыз қалдырмаса екен» дейді мамандар. Ал бірыңғай құтқару қызметінің телефоны – «112».

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button