Жаңалықтар

АСТАНАДА АСТЫҚ АЛҚАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ



Қазіргі күндері еліміздің астықты алқаптарында жүріп жатқан егін жинау науқаны аяқталуға жақындап келеді. Осы кезге дейін республика бойынша 11,6 млн гектар жердің дақылы орылып, 14,7 млн тонна дән бастырылды. Бұл барлық егістік жердің 76,7 пайызы жиналғанын көрсетеді. Ал өнімі алынған алқаптардан орта есеппен 12,6 центнерден түсім түсіп тұр.

Мұның бәрі бұрнағы күні өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында есеп берген Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов егін жинау қарқынының өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 2,5 млн тонна астыққа артық, яғни 16 пайызға жоғары екенін жеткізді. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында жиын-терім толық аяқталған. Аталған өңірлер қамбаға 1,4 млн тонна астық құюды қамтамасыз еткен.

Еліміздің солтүстік белдеудегі негізгі астықты аудандарында 10,6 млн тонна бидай жиналды. Бұл көрсеткіш Ақмола облысында – 3,5 млн, Солтүстік Қазақстан облысында – 3,3 млн, Қостанай облысында 3,8 млн тоннаны құрады. Аймақтарда арпа жинау науқаны да өзінің мәресіне жақындап қалды. Бүгінгі таңда оның 1,8 млн гектар алқабы, яки барлық көлемнің 86 пайызы ояға келтіріліп, 2,7 млн тонна дән қырмандарға төгілген. Бірақ майлы дақылдарды жинау баяу жүруде. Мұндағы көрсеткіш – 24 пайыз. Бастырылған дақыл 1,2 млн тоннаны құрайды.

Үстіміздегі жылы респуб­ликадағы дәнді дақылды алқаптар 22, 1 млн гектар жерге себілді. Сөйтіп, егін өткен жылға қарағанда, 651 мың гектарға артық егілді. Соның ішінде жаздық бидай 18,7 млн гектарды алады. Бүгінгі таңда осыншама алқаптың дәнін жинап алуға 42 мың комбайн қатысуда. Бұлардың 14 мыңы – жоғары өнімді техника. Биыл осыншалықты көлемдегі егістік алаптардан 19,2 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Рас, бұл көрсеткіш былтыр­ғы 23 млн тоннадан едәуір төмен. Дегенмен, мұны да аз астық дей алмасақ керек. Енді тек егіншілер осы астықты төкпей-шашпай, ысырапқа ұшыратпай жинап алса, жетіп жатыр.

Астық өндірушілер алдында тұрған аса маңызды проблема жылдағыша алынған дәнді экспортқа шығару болмақ. Шыны керек, шетелдерде біздің астықты алуға тілек білдірушілер жыпырласып кезекке тұрып жатқан жоқ. Керісінше бәсекелестер көп. Сол сияқты көлік проблемаларының шоғыры да бірден тарқатыла салатын түйін болмақ емес. Бұдан әрі Ресеймен арада астықты теңіз порттарына шығару үшін тариф саясаты келісімінің болмауы біздің бидайдың бәсекеге қабілеттілігін мүлдем төмендетіп жібереді.

Дегенмен, Үкімет экспорт саясатын оңды шешу бағытында біршама жұмыстар жасап жатыр.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button