Астанадан ауылға дейін…
Астана
Елорданың Байқоңыр ауданында жарық жазуларының мониторингін жүргізу қолға алынды. Тексеріс кезінде анықталған ақаулықтар негізінде нақты жұмыстар жүргізілді.
Алматы
Оңтүстік мегаполисте жыл соңына дейін аялдамаларда электронды табло қатарға қосылады. Оның алғашқысы Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісінде пайда болады.
Шымкент
Шымды қаланың Ташкент бағытынан кіретін қақпа жаңартылды. Шаһардың кілт бейнесіндегі қақпасының сәулеттік кескіндемесі көп өзгерген жоқ. Негізінен, қақпа төріндегі облыс атауы қала атына ауыстырылды.
Қарағанды облысы
Кеншілер өңірінде 2022 жылға қарай вольфрам шығару қолға алынуы мүмкін. Геологтар облыстағы Солтүстік Қатпар кен орнында вольфрам қоры мол екенін растады.
Өскемен
Алтайдың баурайындағы қалада жақын аралықта 85 жаңа автобус сатып алынып, маршрутқа қосылады.
Батыс Қазақстан облысы
Облыстың батысындағы Сайқын кентінде екі пәтерлік 16 үйдің құрылысы басталды. Жалпы, биыл ауданда екі пәтерлік 5 үй және инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген жер учаскелері қолданысқа берілген.
Қызылорда
Қаланың 200 жылдық мерейтойы аясында Қорқыт ата ескерткіші жаңғыртылды. Жаңғырту жұмыстары демеушілердің қаражаты есебінен жүргізілді. Ескерткіш аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды, керамогранитпен қайта қапталды.
Павлодар
Павлодарда облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінің тұңғыш төрағасы Хамза Тоқпановқа оның өзі негізін қалаған телестудия ғимаратында мемориалды тақта орнатылды.
Қостанай облысы
Алтынсарин ауданындағы «Жайлау» демалыс базасында жастардың аймақаралық ақпараттық лагері ұйымдастырылды. Келешек бұл мекен жастардың демалыс орталығына айналғалы тұр.