Басты ақпаратҚала тіршілігі

Электронды әкімдік

ЭЛЕКТР БАҒАНАСЫ ҚАЙДА КЕТКЕН?

Дмитрий ГЛУШКО:
– Мәскеу көшесінің Тілен­диев даңғылымен қиылысатын тұсы – проблемалық аумақ. Негізі, бұл жерде жарық бағанасы болуы керек-тұғын. Бірақ оның орнына тротуар үстінде электр сымдары шығып жатыр. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ой­лаған біреулер оны кірпішпен қоршап қойыпты.
Аудандық әкімдікке хабарласып, жағдайды айтқан соң бағана орнатылды. Бірақ бағананың шет-шетіне әлі де тас төселмепті. Осы мәселе бойынша тағы да хабарласып отырмын.

 Сарыарқа ауданы әкімдігі:
– Құрметті Дмитрий Глушко! Сіздің шағымыңыз бойынша аумақты жақсарту жөнінде шара қабылданды. Жайсыз жерлер реттелді. Елорданың тыныс-тіршілігіне атсалысқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

ЖИЕКТАСТЫ ЖҰЛЫП ӘКЕТІПТІ

Бахтияр ХАМИТ:
– Қайырлы күн! Қар тазалаушылар­дың кесірінен Шыңғыс Айтматов көшесі, 29А мекенжайындағы жеке­меншік мекемеге тиесілі алаңның жиектасына (бордюр) нұқсан келгені туралы шағымданған болатынмын. Кеше осы жөнінде маған әкімдік қыз­меткерлерінің бұл мәселені қалпына келтіргені туралы смс-хабарлама келді. Бірақ шын мәнінде бұл жұмыс әлі де атқарылған жоқ. Осы мәселеге мән беріп, жиектасты орнатуларыңызды сұраймын. Дәлел ретінде назарларыңызға бүгін түсірілген мына суретті ұсынамын.

Есіл ауданы әкімдігі:
– Құрметті Бахтияр Хамит! Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп, нұқсан келген алаң қалпына келтірілді. Фотоматериал қоса ұсынылып отыр. Қала өмірінде белсенділік танытқаныңызға рақмет.

МҰНДАЙ КОНТЕЙНЕРДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

Виктория СЕЛЕЗНЁВА:
– Басқа үйлердегі мынандай электр лампаларын сұ­рыптап тастауға арналған қызғылт-сары контейнерлер жүйесі істеп тұр ма екен? Ал біздің үйдің маңындағы, яғни Сәтбаев көшесі, 4/1 үйдің жанындағы осындай екі контейнерді үнемі бақылап жүрміз. Ол көп уақыттан бері бірқалыпты тұр. Көрсетілген нөмірге хабарлассақ, ешкім жауап бермейді.
31 мамыр күні тұрғындардың бірі мұнда электр лампаларын тастаған. Олар сол күйі ұзақ тұрды. Бірде балалар сол лампаларды аулаға алып келіп ойнап жүр. Содан кейін «109» қызметіне хабарласуға тура келді. Сол күні кешкісін жұмысшылар келіп, ауланы сыпырып кетті. Олар тендерді енді ұтып, осы контейнерлердің ауыстырылатынын, содан соң үнемі қызмет көрсетіп отыратындарын айтты. Бірақ содан бері 5 ай өтті, бая­ғы жартас сол жартас. Біреу­лер тағы да лампа тастапты, оны алып кетуге ешкім асығатын емес. Ал жәшіктер тұрмыстық қалдыққа толып тұр. Егер үнемі тазалап отырмаса, мұндай контейнерді орнатудың қажеті қанша?

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы:
– Құрметті Виктория Селезнёва! Сіздің шағымы­ңыздан кейін көрсетілген мекенжай бойынша қызмет көрсету жүргізілді. Фотоматериал ұсынылады. Қала өміріне белсенді араласқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

ҚҰМНАН АЯҚ АЛЫП ЖҮРУ МҮМКІН ЕМЕС

Диас ИСАБАЕВ:
– Бұл – Петров 21/2 мекенжайының ауласы. Көріп тұрғандарыңыз­дай, аулада құм шашы­лып жатыр. Көрші үйдің пәтер иелері кооперативі үнемі құмды қалай болса солай тасиды. Өті­ніш, оларға ескерту жасап, жол үстіндегі құм­ды жинап тастау­ды тапсырыңыздаршы. Жауын-шашын болса, мұның бәрі лай-батпақ болады ғой.

 

Алматы ауданы әкімдігі:
– Құрметті Диас Исабаев! Петров көшесі, 21/2 мекенжайындағы құмның дұрыс орналастырылмауы жөнінде ПИК мамандарына ескерту жасалды. Жол үстіндегі құм тазартылды. Назарыңызға фотоматериалды ұсынамыз. Хабарласқаныңызға рақмет.

ҚОҚЫС ЖӘШІГІ НЕГЕ ЖОҚ?

Жанна ҚҰРМАНБАЕВА:
– Қыркүйектен бері қы­зымды сабағынан күн­­­делікті өзім алып қай­­тамын. Ол Көктал-1 тұр­­ғын алабы, Киров кө­ше­сінің бойындағы №41 орта мектебінде оқиды. Қайтар жолда ата-­аналар үнемі мектеп жа­нындағы «Наз театры» аялдамасында тұрамыз. Алайда аялдама шатыры әбден ескірген. Сынықтарын жел ұшырып әкетеді. Оның үстіне, аялдама маңында бірде-бір қоқыс жәшігі қо­йылмапты. Осы жағдайды суретке түсіріп, Сарыарқа ауданы әкімдігі мен «109» қыз­метінің телеграмдағы чат-ботына жолдадым. Бұдан кейін аялдама шатыры ретке келтірілді. «Коркем-НС» мердігер ұйы­мының мамандары ол жерді күнделікті тазалайды. Бірақ қоқыс жәшігі әлі қойылмады.

Сарыарқа ауданы әкімдігі:
– Құрметті Жанна Құрманбаева! Барлық шағымыңыз бойынша жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта осы аялдама жанына қоқыс жәшігі орнатылды. Елорда өміріне белсенді араласқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

Деректер iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан іріктеліп алынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

  1. Қала тіршілігінен хабардар еткендеріңізге рақмет. Қала тіршілінде не болып жатыр екен деп қарасам, көп ақпарат аламын.
    Өнер, мәдениет тақырыптары онсыз да әлеуметтік желіде жарыса жазылады ғой. Сол сәтте-ақ әр адамның жеке парақшасынан жылтыңдап шыға келеді.

Пікір үстеу

Back to top button