Басты ақпаратСпорт

Астаналық марафонға қызығушылар көбейді



Биылғы «Astana Marathon-2022» халықаралық жарысына АҚШ, Англия, Испания, Италия, Голландия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстан спортшылары қатысты. Жарыс жолына 2,5 мың адам шықты.

Марафонға, негізінен, әуес­қой спортшылар, сонымен қатар ел чемпиондары мен шет елдерден келген атлеттер қатысты.

Халықаралық марафонға жүгірушілер арасында Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов те болды.

Жарыс алдында елорда әкімі қатысушыларға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлудеміз. Қала тұрғындарының түрлі спортпен шұғылдануы үшін тиісті спорттық инфрақұрылымдар ашып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне қолдау көрсетіп жатырмыз. Елорданы спорттық кластері жақсы дамыған қала деп атауға болады. Шынайы пейілдеріңізбен бүгінгі жексенбінің таңында ұйымдас­тырылған шараға қатысуға белсенділік танытқандарыңызға алғысымды айтамын. Қала көшелерінің бойымен жөңкіген бұлттармен жарыса межеге жеңіл жетулеріңізге сәттілік тілеймін!» деді елорда әкімі А.Көлгінов.

Күн жаңбырлы болғанмен, жарысқа келген спортшылардың жүзінен ешқандай қобалжу байқалмады, керісінше, жүгіруге деген құлшынысты білдірген көңілді күй аңғарылды.

Ал жарыстың өзіне келер болсақ, 42,2 шақырымдық классикалық марафонда мәре сызығын бірінші болып Аман Нұркелді кесіп, халықаралық жарыстың алтын медалін иеленді. Ал екінші орынды Әкім Еркебай еншілесе, қола жүлдеге Дархан Іскендір қол созды. Әйелдер арасында бірінші орынды Әсел Қабылбекова, екінші орынды Анастасия Мажанская иеленді. Ал үшінші орынды Татьяна Молчанова олжалады.

Жарыстың екінші түрі – 10 шақырымдық жарыста ерлер арасында бірінші орынды Вадим Левченков, екінші орынды Дмитрий Щеглов иеленсе, үздік үштікті Әлімжан Балтабек түйін­деді. Ал әйелдер бәсекесінде бірінші орынды Айгүл Аржаникова, күміс жүлдені Гүлмира Әменова иеленсе, Полина Глущенко үшінші орыннан көрінді.

Биылғы «Astana Marathon 2022» аясында ең жылдам 10 қазақстандық жүгіру клубы енетін «Көшбасшылар тақтасы» рейтингісі іске қосылды.

Дәстүрлі «Astana Marathon»-ға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалды. Бұл жарысқа шетелдік атлеттердің де қызығушылығы артып келеді.

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button