Басты ақпаратМәселе

Бай болсаң, cалығың майлы болсын

Байлыққа салық салу мәселесі елімізде 2020 жылдан бері айтылып келеді. Бұл сөз тіпті жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың да аузынан шықты. Содан бері бұл жай қоғамда қызу талқылану үстінде. Енді оны заң жүзінде жүзеге асырудың жолдары қандай? Ол тек қымбат көліктерге қатысты болса, нақты қандай көліктерге? Міне, осы мәселені көпшілік жан-жақты білгісі келеді. Бір анығы, жаңа салықты 2024 жылдан бастап енгізу жоспарлануда.

Міне, біз осы мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне хабарласқанбыз.

– Иә, байлыққа салық салу мәселесі кейінгі кезде нақты көтеріліп жатыр. Бұл туралы қазір заң жобасы да дайындалуда. Салық салу, негізінен, яхта, жеке ұшақ пен элиталы үйлер мен пәтерлерге, автомобиль, басқа да жылжымайтын өте қымбат дүниелерге қатысты болмақ. Алайда олардың құны қанша болуы керек деген жағдай әлі нақтыланған жоқ. Дегенмен біздің пайымдауымызша, салық бағасы 100-150 мың доллардан жоғары көліктерге салынатын сияқты, – деді өзін Қамбар Сәлимов деп таныстырған министрлік өкілі.

– Ауқатты, бай қазақстандық­тар өз отандастары алдында әлеу­меттік жауапкершілік жүктеуі тиіс әрі ол елдің дамуына оң әсер етуі қажет. Байлыққа салынатын салықтың түпкі мақсаты сонда, – дейді бұрынғы Сенат депутаты Ерболат Мұқаев. – Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Табыс көзі көп, олигарх азаматтар біздің елімізде қазір, құдайға шүкір, көбейді. Солардан осындай салықтар арқылы мемлекет бюджетіне қомақты ақша түсіріп, ол елдегі кедейлікті жоюға, тұрмысы төмен адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталуы керек.

Байлыққа салық салу деген бастаманы өткен жылы алғаш рет көтерген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы еді. Ол тіпті көлемі 300 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 400 шаршы метрден асатын жеке үйжайларға (особняк), 2020-2021 жылдары шығарылған «Aston Martin», «Bentley», «Ferrari, Maserati», «Люкс», «Премиум», «Mercedes-Benz», «Lexus», «Cadillac», «Land Rover» маркалы қымбат көліктерге, сондай-ақ яхтасы, ұшақ пен тікұшақтары барларға салық салған әділетті болады деген пікірін ашық білдірді.

Жылына 25 миллион теңгеден көп табатындар үшін 10%-дан жоғары табыс салығын белгілеу қажет

– Мұндай салық дүниежүзінің көптеген елдерінде бар. Мәселен, 500 шаршы метр үй-жайы бар адам мен 30 шаршы метр шағын бөлмеде тұратын адамды салыстыруға болмайтын шығар? Шетелде осыны ойлап, байлар артық ақшаларынан, көл-көсір байлықтарынан кедей-­кепшіктерге де бірдеңе тисін деп айқай-шусыз, дау-дамайсыз өз еріктерімен бөлісіп жатады. Ал бізде осындай әділетсіздіктің салдарынан қаңтар қырғыны орын алды. Мен сізге айтайын, қазір Астанадан ұшып кетіп, кешкі асын Лондонда ішетін бай-бағландар мен қатар біздің елде тамаққа ақша жеткізе алмай жүргендер жетерлік. Ешкім саған 500-600 шаршы метр сәулетті сарайдың иесі болуға тыйым салып жатқан жоқ. Тек қосымша салығыңды төле де тұра бер. Міне, бұл идеяның негізгі ұстанымы осы болып отыр, – дейді қаржы сарапшысы Махамбет Өміртайұлы.

Сонымен қатар байлыққа салынатын салықты жақтаушылар бұл жерде «белден басуға» болмайтынын қатаң ескертеді. Егер қызды-қыздымен бұл салық орта тап өкілдерінің мойнына салынып кетсе, өте қиын болады. Сондықтан асыра сілтеуден сақ болуға шақырады.

Расы керек, бизнесі, өзіндік кәсібі болғанмен, ел тұрғындарының 95 пайызы – орта тап өкілдері. Осы тұрғыда салықтың кімдерге салынатынын нақты айқындап алу керек. Сосын мұны рейдерлік басып алу немесе біреудің байлығын тартып алу еместігін заңмен бекітіп тұрып, сіздің хан сарайындай сәулетті үй-жайыңызды, қымбат машинаңызды ешкім алып қойып, өміріңізге қауіп төндірейін деп отырған жоқ. Тек осы байлық сізде болғаны үшін сіз қазынаға қомақты қаржы төлейсіз. Сол үшін мемлекет сіздің меншігіңіз бен қаржыңызды және өзіңізді қорғайды» деп алдын ала жан-жақты түсінік жұмыстар жүргізу аса маңызды, – дейді қаржы сарапшысы.

– Бұл жерде «сән-салтанат салығы» деген ұғымды нақтылап, түсініп алу керек, – дейді кәсіпкер Айқын Жанболат. Оған нелер жатады? Антиквар картиналар ма, жауһар, жаһұт бұйымдар ма, әлде қара уылдырық па? Қазынаның ортайған қоржынын толтыру үшін «пілдер» мен «акулалардың» орнына орта бизнесте жүрген еңбектің қара нарлары кетіп қалып жүрмесін, – дейді сарапшы Ермек Қасиет. – Қазіргі үйіміз бен көлігімізді, басқа да жылжымайтын дүниелерімізді маңдай терімізді төгіп жүріп, қол жеткіздік. Бұл біздің – ақы адал еңбегіміз. Әрі оған жыл сайын салық төлеп отырмыз. Осы да жетпей ме?

Мен сізге айтайын, нағыз бай­лар оңай тапқан дүниелерін еш­қашан өз атына жаздырмайды. Ал өз атына жаздырып, соның рақатын көрсем дейтін нағыз еңбекқор жандар. Оларды байлар қатарына қосып, қосымша салық төлеттірсе, ол салық қайда барады? Қазынаға ма? Мен «бұл ақшалар жоқ-жітіктерге жетеді» дегенге онша сеніңкіремеймін.

– Біздің жағдайымызда «элиталы үй» деген не? Алты-жеті баласы бар фермер 200-300 шаршы метр үй-жайда тұрса, ол оның «элиталы үйі» бар болып санала ма? Немесе сол фермер қозғалтқышы 4-5 литрлік жол таңдамайтын көлік мініп жүрсе, ол керемет бай болып санала ма? Ал бірнеше жерде жұмыс істейтін табысы жоғары мемлекеттік қызметкер жалпыға ортақ табыс декларациясын тапсырса қалай болады? Мемлекет олардың табысын бөліске салмау керек. Мемлекет бірнеше жер телімі бар, күнде ауыстырып екі-үш өте қымбат көлік мініп жүрген супер байларға назар аударуы қажет. Бірақ тексере келсеңіз, солардың біреуі де олардың атында болмай шығады.

Бұған дейін салынып келген жеке табыс салығын салудың прогрессивті шкаласына қайта оралу жөнінде бір алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаев айтып қалды. Бұрын айына 250-300 мың теңгеге дейін табыс табатындар 7% салық төлейтін. Ал орта таптың салығы 10%-дан аспайтын. Енді Мемлекет басшысы: «жылына 25 миллион теңгеден көп табатындар үшін 10%-дан жоғары табыс салығын белгілеу қажет. Олардың қандай сома төлейтінін комиссия анықтайды. Бұл 13 немесе 15% болуы мүмкін, бірақ 15%-дан аспағаны дұрыс» деп ұсыныс айтты.

Міне, осылардың барлығын салмақтай келіп, бір оңтайлы тұжырым жасалуы керек. Әрине, «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы дегендей, дәулетті адамдардың көп болғаны жақсы. Бірақ олар қазір қолындағы жиған-тергенін оңайлықпен бере қоймайды. Кедей-кепшікпен өз ықтиярымен бөліспейді. Сондықтан оларды салықты көбірек төлеу арқылы қоғамға пайда тигізуді көздеу – өте дұрыс тұжырым. Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір біздің елге прогрессивті салықты да, байлық салығын да қатар енгізген дұрыс көрінеді. Сонда ғана әділеттілік орнап, бай мен кедейдің арасы бір саты болса да жақындай түсер еді деген ой-пікірге көпшілік келісіп отыр. Енді осы негізде жаңа заң жобасын әзірлеу еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды. Құжат келесі жылы үкіметке ұсынылмақ. Мәселенің мән-жайы сол кезде нақты белгілі болады.

 

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button