Әлеумет

Астаналық шабандоздар арыны



Наурыз мейрамының бір ерекшелігі ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртады. Ал қазақтың болмысымен біте қайнаған өнердің бірегейі, әрине, жануар төресі – жылқы түлігімен байланысты екені белгілі. Елімізде аталып өтілетін қай мерекені алып қарасақ та, ат өнерінсіз қызығы келмейтіндей көрінеді. Халық  ат құлағында ойнайтын шабандоздардың ептілігі мен қайсарлыған көруге асығады. Осы орайда біз Наурыз мейрамы қарсаңында қаламыздағы ат спортына мамандандырылған мекемеде болып, осындағы тірлікпен танысып қайтқан едік.

IMG_5114

Астана іргесіндегі Көктал кентінде ор­наласқан шағын ип­по­дромның базасында «№7 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 2004 жылы құрыл­ған еді. Содан бері мекемеде елордамызда ат спортын дамытуға бағыт­талған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Алғашқыда көкпар, бәйге және аударыспақ секілді сайыс түрлері бойынша жаттығулар және жарыстар ұйымдастырыла бастаған. Біртіндеп спорт мектебінің тәрбиеленушілері еліміздің әр аймағында өтіп тұратын жарыстарға қатысатын болды.

Арада екі жыл өткенде қала әкімдігінің бастамасымен ма­мандандырылған мектептің бағдарламасына олимпиадалық спорт түрлерін енгізу жөнінде мәселе көтеріліп конкур (атпен кедергілерден секіру) спорты қосылады. Білікті мамандар шақырылады. Қыз қуу мен теңге ілу сайыстары бойынша да топтар ұйымдастырылды. Жыл өткен сайын ат спортына қызыққан жастар мен балалардың қатары да көбейе түсті.

Аталған мекеме базасында ат спорты түрлерінен Астана қаласының құрама командалары да жасақталды. Шеберлігі шыңдала түскен шабандоздар республикалық, сонымен қатар, халықаралық жарыстарға қатысып, елордаға жүлде әкеле бастады. Мәселен, 2010 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстанның ашық біріншілігінде астаналық шабандоздар бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алған. Ал Алматыда конкурдан өткен Әлем кубогының этапында бір алтын және қола жүлдеге қол созады. Ханты-Мансийск қаласында жасөспірімдер арасында өткен Бүкілресейлік жарыстан да астаналықтар қанжығасы майланады.

2011 жылы мектеп бағ­дар­­ламасына тағы бір олим­пиадалық спорт түрі енгізілді. Атап айтқанда, үшсайыс қо­сылады. Бұл – манежде бел­гі­ленген бағытпен аяңдап жүру, желдіртіп жүру және кедер­гілерден өту сайыс­тарының қосындысы. Яғни, тиянақ­ты­лықты, жылдамдықты және ептілікті қажет ететін, үш күндік жарыс түрі. Бұл спортқа да қатысушылар табылып жатты.

Бір айтарлығы, аталмыш мекемеде шыныққан көкпар­шылардың жетістіктері кө­ңіл көншітеді. Астана көк­паршылары Қазақстан чем­пионатының тұрақты қатысу­шылары болып қана қоймай, соңғы жылдары жүлдегерлер қатарынан жиі көрініп ке­леді. Атап айтар болсақ, ел­орда құрамасы 2012 жылдан бері көкпар жарысында алтын, күміс және қола жүл­де­гер атанды. Мәселен, 2015 жыл­дың өзінде ғана 12 спорт­­шы ұлттық құраманың са­пында қабылданып, бір­неше халықаралық жарыс­тарда ел намысын қорғады. Қазақстанның спорт шебері атағын алғандардың алдында көш бастап тұрғандар да осы көкпаршылар болып отыр.

Ал олимпиада бағдарламасына кіретін конкур және үшсайыс жарыстарында да астаналық спортшылар жылдан жылға жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізе бастады. Сеул, Ташкент, Омбы, Алматы, Бішкек, Астана қалаларында өткен Әлем кубогы этаптары мен халықаралық турнирлерде Астана шабандоздары ел намысын абыроймен қорғап, сан мәрте Қазақстан туын биіктен желбіретті.

Осыдан екі жыл бұрын атал­мыш мекеме «Астана» көк­пар клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіп­орны болып қайта құрылды. Дәл бүгінгі таңда астаналық шабандоздар күнделікті жат­тығуларын жүргізіп, алдағы жарыстарға дайындық үстінде екен. Осы орайда халықаралық жарыстарда сайысқа түсіп, ел мен елордамыздың намысын абыроймен қорғап жүрген көкпаршылар Бауыржан Аймағанбетов, Қайрат Әлімқұлов, Данияр Ғалинұров, Нұрлан Асқаров, Әділхан Хасенов, Евгений Альтергот, конкуршы-үшсайысшылар Анель Худякова, Әнуар Дос­майылов, Аян Ғани, Валерий Стародубцев, Виктория Котина сынды спортшыларға үлкен сенім артылып отыр. Әрине, бұл ретте жаттықтырушы-әдіс­кер­лердің еңбегі де ұшан-теңіз екенін айтуға тиіспіз. Ат құла­ғында ойнап, көптеген жарыс­тарда жүлде алып жүрген шабандоздарды дайындап жүрген Григорий Матюх, Ерлан Қанапин, Данияр Оспанов, Ирина Прилепская, Валерия Кабжанова және басқа да білікті мамандар елордамызда ат спортын дамы­туға орасан үлес қосып жүрген майталмандар десе болады.

– Біздің клубтың спортшылары тек жарыстарға қатысып қана қоймай, елордамызда өтіп тұратын мемлекеттік мерекелеріміз бен ұлттық мей­рамдарымызда түрлі шара­ларға атсалысып, жарыстар ұйым­дастырады. Бұл ретте Астана қаласының Дене тәрбиесі және спорт басқармасының ат спортын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтқым келеді. Халқымыз «Ер қанаты – ат» деп текке айтпайды ғой, яғни, жылқы түлігі елдіктің де, ерліктің де, сымбаттылықтың да символы болса керек. Сон­дықтан Астанамызда ат спортын өркендетуге барынша үлес қосып келе жатқанымызды мақтан етеміз, – дейді бізбен әңгімесін түйіндеген «Астана» көкпар клубы» МКҚК директоры, спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Аманжол Хасенов.

Астаналық шабандоздардың бір күндік тірлігіне көз жеткізіп, алдағы сайыстарға дайындалып, аттарын күтіп-баптап жүрген шабандоздарға сәттілік тіледік. Жеңісті күндерде жүздесейік деген ниетпен қол алыстық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button