Мәдениет

Қуыршақ театры мөлдір дүниеге зәру

Оқушы кезімізде қолға киетін қуыршақтармен кішігірім қойылымдарды сахналаушы едік. Бүгінгі мектептерде мұндай үйірменің бар-жоғын білмеймін. Есесіне қуыршақ театрлары өз алдына отау тігіп, әр қалада ашылып жатыр. Періштедей пәк әлемнің кейіпкерлерін көрсету оңай шаруа емес. Оның үстіне, балаға қатысты нәрсеге ерекше ұқыптылық пен мұнтаздай тазалық керек қой. Осы орайда Астана қаласының әкімдігіне қарасты Қуыршақ театрына бас сұғып, ондағы мамандармен әңгімелескенбіз. Мәдени шаңырақтың жаңалықтарымен танысып, жай-күйін біліп қайттық. 

Ормандағы оқиға (2)

Айтпақшы, кеше әлем­нің барша қуыр­шақ театры кәсіби мере­келерін атап өтті. Мейрам қарсаңында астаналық труппа Ресейдің Тамбов қаласына аттаныпты. Онда наурыздың 19-ы мен 25-і аралығында халықаралық фес­тиваль ұйым­дастырылады. Біздің әртістер бұл байқауға «Атамекен» трагедиясын ұсынбақ. Спектакльді қабырғалы қа­ламгер Сәкен Жүнісов «Аманай мен Заманай» повесінің желісі бойынша жазған. Қойылымда туған жеріне жете алмай отырған шағын қазақ ауылының тұрғындары жайлы баяндалады. Әсерлі уақиғалары балауса көңілге бірден ұнайтындықтан, бұл туындының қомақты жүлде еншілері сөзсіз.

Естеріңізде болса, аталған мекеме былтыр жазда жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Театр директоры Тоғжан Хасанғалиеваның айтуынша, бұл өзгеріс шығармашылық ұжымға оң әсерін тигізген. «Алғаш рет 2007 жылдың 4 шілдесінде қуыршақ театрының бөлімі болып ашылдық. Сол күннен бері бізде арнайы ғимарат болмады. Сондықтан қойы­лым­дарымызды балабақша, мектеп, білім ошақтарында қойып жүрдік. Жаңа ғимаратқа қол жеткізгеннен кейін «көшіп-қонуға» ыңғай­лас­тырылған туындыларымызды өз сахнамызға лайықтап, қайта пысықтап шықтық. Бұл ретте қызметкерлеріміз аз еңбектенбеді» дейді ол.

Ал репертуар мәселесін сұрағанымызда, кейіп­керіміз сәл күмілжіп қалды. «Өкінішке қарай, опера театрлары да, драма театр­лары да, қуыршақ театрлары да мөлдір пьесаларға зәру. Сонда да театр­ла­рымыз тіршілігін жасап, өмір сүреді. Жоқтан бар жасайды. Біз де бұл түйткілдерден айналып кете алмай отырмыз. Театр қоржынына түскен туындылардың 80 пайыздайын өзіміз өңдейміз. Себебі, қазіргі балалардың психологиясы, қабылдау қабілеттері мүлде басқа. Соны ескеріп, жаңағыдай қадамдарға барамыз. Пьесаның артықтау тұсын алып тастап, санаға сіңіруге ауыр тиетін сөздер болса, сәл жеңілдетеміз. Сөйтіп, шығарма толықтай ой елегінен өтті-ау деген кезде ғана сахналауға көшеміз. Әлбетте, бір мезетте тұтас репертуарды жаңарту мүмкін емес. Өміршең пьеса­ның сахнадағы ғұмыры да ұзағырақ болмай ма?! Ал нашарлау дүниелер уақыты келгенде репертуардан өзінен-өзі түсіп қалады. Сондықтан репертуарға тың туындыларды қосып тұру ләзім. Жоспар бойынша біздің театр жылына екі жаңа қойылымның тұсауын кеседі» деп ағынан ақтарылды басшы.

Қуыршақ театрының арнайы авторлары бар. Мәселен, танымал театртанушы Еркін Жуасбектің «О, тоба!» атты заманауи пьесасын кішкентай көрермендер сүйіп тамашалайды. Сондай-ақ, Қуат Ежембектің «Ер Төстік» ертегісін пьесаға айналдырып театрға табыстағаны зор еңбек болды. Ертегілердің ішіндегі «Қаңбақ шал» да бүлдіршіндерге қатты ұнайды. Жалпы, осындай еңбектер туралы қоюшы-режиссер Айжан Салаева өзінің ойымен былайша бөлісті. «Ертегімен сусындап өскен бала ақ пен қараның, жақсы мен жаман­ның, әлді мен әлсіздің, адал мен арамның ара жігін ажырататындай саналы ұрпақ бо­лып есейеді. Сол үшін ата-ана балаларының осынау құн­дылықтан көз жазып қал­мауын қадағалау керек. Рас, қазіргі күні ертегі айтып беретін әжелер азайды. Жұмыс­басты шешелердің уақыты жоқ. Сондықтан мектеп бас­шылығының қуыршақ театры­мен мейлінше көбірек байланысқаны жөн» дейді маман.

Қойылымдарға қолғапты, планшетті, тросты, адам бойлы, марионетка қуыр­шақ­тар қолданылады. Қаһар­ман­дардың бет-әлпеті, кескін-пішіні бала психологиясына кәдімгідей әсер ететінін ескеретін мамандар бұл іске өте жауапкершілікпен қарайды. Қиындығы мол процеске үздіксіз ізденіс пен шексіз қиял қажет. Әуелі кейіпкерді режиссер ойлап табады. Содан кейін суретші оның эскизін салады. Соңғы кезеңде тігінші қуыршақтың әрбір элементін жасайды. Бүгінде мұндағы қуыршақтардың ең үлкені тоғыз жаста.

Театрда қызмет атқарып жүрген барлық мамандардың біліктілігі жоғары деңгейде. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Ал­матыдағы Өнер академиясы осы театрдың актері мен режиссерін даярлайды. «Не­гізі, біздің әртістеріміздің ерекшелігі – кез келген театрда жұмыс істей алатындығында. Өйткені, олардың бойынан дауыс та, пластика да, таза мәнер де табылады. Ал драма театры актерінің қуыршақ театрында қызмет атқаруы екіталай. Егер кісінің табиғатында қуыршаққа деген жылы сезім, икемділік бала кезден болмаса, оған уақыт өте келе жан бітіру әсте мүмкін емес» дейді театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова.

Былтыр жазда жоғарыдағы профессордың атындағы І Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтті. Шараға Италия, Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Тәжікстан сынды елдердің театрлары келіп қатысты. Жиын барысында осы театрлармен қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасу мақсатында «Eurasia puppet» қуыршақ театрлары ассоциациясы құ­рылды. Бұл жайттың кәсіби шеберлікті шыңдауға көп үлес қосары анық.

Ұлыстың ұлы күні қарса­ңында қуыршақ театры елор­далық өрендерді «Наурыз­бектің хикаясы» және «Нау­рыз жайлы аңыз» атты премьералармен қуантады. Одан бөлек, шетел драматургтерінің белгілі шығармаларын сахналау жос­парлануда.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button