Мәдениет

Астықты аймақтың тартуы



Кеше «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында Ақмола облысының Астана қаласындағы мәдени күндерінің ашылу салтанаты өтті. Қаланың орталық алаңында өткен шара барысында аталмыш облыс басшысы Мәлік Мырзалин сөз сөйлеп, астықты аймақтың үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Облыс күндерінің ашылуына орай өткен концертті астана әкімі әсет исекешев тамашалады. 

19399902_732793226925474_3635855307220287467_n

Астанаға іргелес жатқан өңірдің бас қаладағы мәдени күндері 25 маусымға дейін жалғасады. Бүгіннен бастап жексенбіге дейін «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде Көкшетау қаласы мен Шортанды, Бурабай, Қорғалжын аудандарының қолөнер шеберлері мен «Блэк» ЖШС шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал облыс өнерпаздары «Дала сыры» атты концерт қояды.

23 маусымда «Жеңіс» саябағында «Ақмола жұлдыздары» гала-концерті өтіп, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдас­тырылады. Сол күні «Этноауыл» амфитеатрында Ақмола облыстық орыс драма театры Мұхтар Шахановтың шығармасының желісімен «Шыңғысхан» рок-операсын, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыс­тық қазақ музыкалық драма театры «Жастар» сарайында Шахмет Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегі» драмасын қояды.

24 маусымда Ш.Құсайынов атын­дағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры «Этно­ауыл» амфитеатрында көрермендерге «Көкше әуендері» концерттік бағдарламасын ұсынады. Ақмола облыстық орыс драма театры 25 маусымға дейін М.Горь­кий атындағы мемлекеттік ака­демия­лық орыс драма театрында балаларға арнап «Бремен музыканттары» спектаклін, 22 маусымда А.Островскийдің «Жасаусыз қалыңдық» караоке-мелодрамасын, 23 маусым күні М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын, 24 маусымда П.Морозованың музыкалық феериясы бойынша «Алқызыл желкендер» қойылымын және 25 маусымда Е.Шварцтың «Аждаһа» трагифарсымен облыс күндерін түйіндейді.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button