Қала мен Сала

ЖАЙДАРЫ ЖАЙДАРМАН

БАСТАУЫН 2005 ЖЫЛДЫҢ 29 МАУСЫМЫНДА АЛҒАН ЖАЙДАРМАН ОЙЫНДАРЫ ҚАЗІР ХАЛЫҚТЫҚ ЖОБАҒА АЙНАЛЫП ҮЛГЕРДІ. ЕҢ АЛҒАШ «ТУҒАН КҮН» ЖОБАСЫ ДА СОЛ КҮНІ ӨТКЕН ЕДІ. СОДАН БЕРІ АСТАНА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӨТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН АРНАЙЫ ЖОБА БИЫЛ ДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ.

img_042600-kopirovat

«Астана» концерт залында өткен шараға еліміздегі ең танымал, ең үздік жайдарманшылар бас қосып, өзара «Ағалар» және «Інілер» деген атаумен екі топқа бөлініп сайысты. Бірінші топта кіл «ардагер» жайдарманшылар болса, екінші топ құрамында биылғы маусымда өнер көрсетіп жүрген командалардың өкілдерінен құралды.
Ойын алдында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, жайдарманшыларға сәттілік тіледі. «Бұл – жай ғана сайыс емес, жастармен байланыстыратын, олардың ой-пікірін, мұң-мұқтажын да білуге болатын алаң» деген ойын білдіріп, өзі де ойынға қазылық етті. Сондай-ақ, қазылар құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен, тележүргізуші Берік Уәли, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, театр және кино актері Әділ Ахметов болды.
Жалпы сайыс жеңіл, еркін түрде өтті деуге болады. Қатысушыларға уақыт жағынан да, тақырып бойынша да нақты шектеу қойылмады. Қамтылған тақырыптар да сан алуан.
Ойын барысында сахнадан алыстаңқырап кеткен «ардагерлерге» қарағанда жыл бойы біріншілікте өнер көрсетіп, ел алдында жүрген «Інілер» құрамасы бабында екенін байқатты. Әсіресе, «Сәлемдесу» және «Көріністе» жақсы көріне білді. Ал үлкендер «Сұрақ-жауап» бөлімінде қамшы салдыртпады. Десе де, ойын соңында қос команданың да ұпайы тең болып, Есен Елеукеннің ұсынысымен үлкен кубок «Ағалар» құрамасына бұйырды. Ал «Інілер» тобындағы жетісайлық Марат Сәрсенбаевты қазылар алқасы «Үздік ойыншы» деп танып, арнайы жүлдемен марапаттады.
Бір мүшел бойы жастардың қызығушылығына бөленіп, телеарнаға шыққан соң да, рейтингтің төрінде тұрған «Жайдарман» ойынын тек қана әзіл сайыс, қуақы қалжың емес, жастармен байланыстыратын, олардың мұқтаждығы мен өресін анықтайтын алаң деп қарастыратын сәт келген секілді. Дәл қазіргі сәтте отыз мың жас пен жасөспірім жайдарман ойнап жүр. Бұл – үлкен күш. Небәрі он үш жылдың ішінде осынша күшке ие болған Жайдарманның алары биік, асуы алда.
Ендеше, бар жанарды жаулаған Жайдарманның туған күні құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button