Басты ақпаратБілім

АТА-АНАЛАРДАН АҚША ЖИНАУ ДҰРЫС ПА?



Бүгінде мектептегі оқушылардан ақша жинау мәселесі жиі айтылады. Әсіресе, оған ата-аналар тарапынан қарсы пікірлер көбірек кездеседі. Жуырда Астана қаласы әкімі­нің тапсырмасымен мектеп қажеттіліктеріне ақша жинау жағдайларының жиілеп кетуіне байланыс­ты елордалық мектептерде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі қоғамдық комиссия құрылды.

okushhy

КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Комиссияның құрамына «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, қалалық мәсли­хаттың депутаттары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енді.
Бейсенбі күні Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордалық журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда, әсіресе, оқушылардан ақша жинау мәселесі көбірек талқыланды. Оған Білім бас­қармасының басшысы егжей-тегжейлі жауап берді. Осыған байланысты құрылған комиссия елордалық мектептерде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын бастады. Топ мүшелері аптасына екі рет, яки сәрсенбі және сенбі күндері жұмыс істейді. Олар «Әкімге өтініш» қызметі арқылы қала әкімінің атына, Білім бас­қар­масына немесе әлеуметтік же­лілерде ата-аналардан шағым жолданған мектептерге барады. Бүгінде аталған топ бас қаладағы №1, №17, №50 мектептерді аралаған. Сонымен бірге, жалпы білім беретін оқу ордаларына инфографика үлестірілді. Онда ата-аналар мен оқушыларға қажетті ақпараттар жазылған.
«Жалпы астаналық 85 жалпы білім беретін мектепті күтіп ұстауға мемлекеттік қазы­на­дан бөлінетін қаржының 76,6 пайы­зы еңбекақыны төлеу қорына берілген, 13 пайызы жетім балаларды, аз қамтылған отбасы­лардан шыққан балаларды, бас­тауыш сынып оқушыларын тамақтандыруға, 4,7 пайыз ком­муналдық қыз­меттерге, 5,7 пайыз ғимаратты күтуге және қызмет көрсетуге, салыққа және басқа шығындарға қарас­тырылған» дейді Қасым­хан Сенғазыев.

ҚОРҒА ҚАРЖЫ КЕРЕК ПЕ?

Білім басшысының айтуынша, мектепті қамтамасыз ету үшін қаржы жеткілікті деңгейде қаралған. Бірақ, соған қарамастан, кейбір білім ордаларында мектеп немесе сынып қоры құрылып, жұмыс істейтін көрінеді. Оған оқушылардан қорға деп ақша жиналады. Осы жайында ата-аналардың да пікірін білдік. Үш баласы бірдей мектепте оқитын Қуат Есенбай деген замандасымыз оған ақтарыла жауап берді.
«Менің үш балам мектепте оқиды. Оқу жылы басталған кезде әр сыныптың ата-аналар жиналысы болады, сол жиында ең бірінші қорға ақша жинау мәселесі көтеріледі. Оны және ата-аналардың өздері бастайды. Басында 2500-3000 теңгеден деп бастама көтергенімен, белсенді ата-аналар ақыры 5000 теңгеден жинайық деген шешімге келеді. Егер бұған қарсы уәж айта бастасаң, «бәрі балаларымыз үшін емес пе?!» дейді. Амалсыз сөзден тосыласың. Одан соң не болады дейсіз ғой? Жаңа жылға қарай немесе одан кейін қордағы ақша бітіп қалады. Тағы ақша жинайық деген бастама көтеріледі. Сөйтіп, он оқу айы ішінде тек қана сыныптың қорына деп 5000 теңгеден екі-үш рет ақша жиналады. Мектепте орташа есеппен үш мың оқушы оқитын болса, тек бір рет бес мың теңгеден жинағанда қомақты қаржының басы құралады. Келесі жылы балаларымыз басқа сыныпқа көшеді, тағы солар­дың бөлмесін жабдықтауды біз, ата-аналар, мойнымызға аламыз. Шындығында, мұндай шығындарға арнайы қаржы бөлінеді емес пе? Ол қайда жұмсалып жатқаны түсініксіз. Бірақ бір айта кетер жай, ақша жинау мәселесін үнемі ата-аналардың өздері көтереді. Әр сынып ата-аналары арасында сондай белсенділер табылады. Бұл жерде мұғалімді кінәлай алмаймыз» дейді ол. Қуат замандасымыз ащы да болса, шындықты ашық айтып отырған секілді. Демек, оның сөзіне қарағанда, ақша жинауға ата-аналардың да ықпалы зор екендігін байқауға болады. Әрине, ата-аналардың да әлеуметтік жағдайы біркелкі емес. Мәселен, бір үйде бір бала мектепке барса, келесі отбасыдан 4-5 жеткіншек оқуы мүмкін. Әсіресе, бүгінгідей қымбатшылық кезеңде көп балалы отбасыларға мектепте оқитын баласын киіндіру мен оған қажетті сабақ құралдарын алу да оңайға түспейді.

ҚАМҚОРЛЫҚ КЕҢЕС ҚАЖЕТ

Ұзақ жылдардан бері білім саласында еңбек етіп жүрген, тәжірибесі мол, абыройлы азамат, елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай ағамыз өзгеше бір ой тастады. Ол кісі ата-аналармен бірлесе отырып, Қамқорлық кеңес құрған жөн дейді.
– Бүгінде мектептегі оқу­шылардан ақша жинау күрделі мәселеге айналып отыр. Әрине, біз өзіміздің мектепте осы жағдайға байланысты бұйрық шығарып, тыйым салдық. Ақша қай кезде жиналады? Мектеп ішінде мәдени шаралар көп ұйымдастырылады. Мәселен, оқушылар сыныппен бірігіп, киноға, театрға, концертке баруы мүмкін. Ал мектептегі кабинетті жабдықтауға қаржы жиналмайды. Бізде ондай жағдай кездесіп көрген емес. Әрине, жағдайы жетіп, мектепке көмектесемін деген ата-ананың қолын қақпаймыз. Ол үшін, әлгінде айтқандай, Қамқорлық кеңес құру қажет. Бірақ бәрі де заң аясында болу керек. Оның жұмысы ашық болған дұрыс. Жиналған қаржы қайда жұмсалып отыр­ғанын бәрі білу керек. Бір жылдан бері осы жобаны жүзеге асыра алмай жүрмін. Барлық құжаттарды әзірлеп, ҚР Әділет министрлігіне тапсырған едім. Олардан құжат екі рет қайтып келді. Кеңес құрамына елімізге белгілі азаматтар тартылды. Осы жобаны заңдастырып, күшейту керек, – деп мектеп басшысы сөзін одан әрі жалғап кетті.
«Біз мектепке мұғалімдерге көмек көрсету, сыйлық жасау деген дүниелердің барлығын тоқтаттық. Осы тақырыпта ата-аналармен ашық әңгімелестік. Мектептің өз бюджеті бар. Мәселен, осы қазан айына біздің мектепке 24 млн қаржы қарастырылған. Осы қаржыға мұғалімдердің жалақысы мен оқушыларды тамақтандыру, автобус тасымалы секілді түрлі жұмыстар кіреді. Жазғы жөндеу жұмыстарына арнайы қаржы бөлінеді. Біздің мектебіміз әйгілі ғұлама, ғалым атамыз Әлкей Марғұлан атында болғандықтан, түрлі ғылыми экспедицияға шығамыз. Соған ата-аналар тарапынан қолдау көрсеткендер болды. Кейбір білім ордаларында «мектеп қоры», «сынып қорына» ақша жинайды екен деген сөздерді естіп қаламын. Бізде ол жоқ. Осының қажеттілігі бар ма? Артық сөз содан шығады» дейді Ербол Іргебай ағамыз.
Түйіндеп айтқанда, бүгінгі таңда оқушылардан ақша жинау мәселесі өзекті дүниеге айналып отырған секілді. Енді оған қалалық билік назар аударды. Комиссия құрылды. Елордалық ата-аналар да аталған топтың жұмысын жіті бақылап отырған секілді. Олардан үлкен үміт күтеді. Біз де үміт күтеміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button