Басты ақпаратСаясат

«Астана» – үш дүркін чемпион!

Бүгін футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында соңғы турдың ойындары өтеді. Осы турдың нәтижесінде қола жүлдегер белгілі болады. Ал алтын медаль иегері чемпионат аяқталмай-ақ анықталып қойды. «Астана» биыл үшінші мәрте қатарынан ел чемпионы атағын жеңіп алды. Дәл өткен жылдағыдай Алматының «Қайрат» командасы күмісті олжалады.futbol

«Астана» футбол клубы бүгінде ел спортының мәр­те­белі ұжымына айналып отыр. 2009 жылы құрылған команда биыл сегізінші рет ұлттық біріншілікте бақ сынады. Бес чемпионатта жүлдеге қол созды. Премьер-лигаға қосылған жылы бірден жеңімпаз болатындай ойын көрсеткен де еді. Алайда «Ақтөбе» командасынан оза алмады. Ал ақтөбеліктер болса, сол жылы еліміздің чем­пионатын бесін­ші рет жеңіп алған болатын. Сондай-ақ үш рет қатарынан алтын жүлде иеленіп, ре­кордтық көрсеткішке де қол жеткізген.
Міне, осы рекордты биыл «Астана» да қайталап отыр. Жалпы «Астана» соңғы үш жылда тамаша өнер көрсетіп келе жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн. Болгария маманы Станимир Стойлов команданың тізгінін ұстағалы астаналық команда тек қана ел чемпионаты мен кубок бәсекелерінде топ жарып қой­май, УЕФА аясындағы турнирлерде де табысты өнер көрсете бастады.
«Астана» биылғы чем­пион­дық атақты «Оқжетпес» командасымен ойыннан кейін иеленді. Көкшетауда өткен матчта есеп ашылмаған. Ал «Астана» үшін бір-ақ ұпай қажет болғандықтан, осы тең ойынның нәтижесі чем­пиондыққа жеткізді.
Айтулы матчтан кейін бас бапкер Стойлов өзінің қуа­нышымен бөлісті. «Менің футболшыларым мен үшін нағыз батырлар. Үшінші рет қата­рынан ел чемпионы атағын жеңіп алды. Әсіресе, коман­даның жанкүйерлеріне айтар алғысым шексіз. Бұл жеңіске олар да ортақ. Осындай деңгейде ойнауымызға барлық жағдайды жасай білген клуб басшылығына да риза­шылығымды білдіремін. «Астана» футболшылары шынымен де батырлар ғой, өйткені олар биыл үш майданда қатар өнер көрсетіп келеді. Ұлттық чемпионат, ел кубогы, сонымен қатар Еуропа турнирлерінде ойнап жүр. Оның үстіне қаншама футболшымыз Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетеді» деп ағынан жарылды «Астана» тізгінін ұстаған болгариялық бапкер.
«Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамит­жанов та команданың жар­қын жеңісіне орай өз пікірін ортаға салды. «Астана» ко­­мандасының жеңісі – бұл үлкен еңбектің жемісі. Қата­рынан үш рет чемпион­дық тұғырға көтерілу – ерекше көр­сеткіш. Бұл бүкіл ко­ман­даның ортақ жеңісі деп санаймын. Осы орайда алдымен команданың жан­күйерлерін құттықтағым келеді. Станимир Стойлов бастаған бапкерлер ұжымына да, клубтың әкімшілігіне де алғысымды білдіремін. Ал жасыл алаңда ойнайтын футболшыларымыз, әрине, ерекше құрметке ие. «Астана» үшін маусым әлі аяқталған жоқ. Біз әлі УЕФА аясындағы Еуропа лига­сында ойындарымызды жалғастырамыз. Алдағы бей­сенбіде «Олимпиакос» командасын қабылдаймыз» дейді «Астана» футбол клубын алға жетелеп келе жатқан Саян Хамитжанов.

ЕУРОПАҒА АШЫЛҒАН ТАҒЫ БІР ЕСІК

Үш дүркін Қазақстан чемпионы атанған «Астана» осымен үшінші рет Еуропадағы ең дүбірлі доп додасына қатысуға мүмкіндік алды. Былтыр Чемпиондар лигасына тұңғыш рет қатысқан елордалықтардың тұсауы топтық кезеңде кесілді.

СӘТТІ БАСТАМА 

Чемпиондар лигасының ірік­теу кезеңінен әрі асуы неғайбыл «Астана» айды ас­панға бірақ шығарып, кәрі құрлықтың қауқарлы коман­даларының ат басын елге бұр­ғызып еді. Осы жолын биыл да жалғап, топ­тық кезеңге өтуге сәл сәттілік жетіспей қалды. Оған мойыған астаналықтар жоқ, есесіне Еуропа лигасында аянып қалмауда.
Былтыр «Астана» іріктеу кезеңінің екінші турында
Сло­венияның «Марибор» командасын жалпы есеп бойынша 3:2 есебімен қапы қалдырған. Бұл матч елордалықтардың есінен әлі кете қойған жоқ. Алғашқы матчта сырт алаңда
1:0 болып ұтылып келіп, өз алаңында өткен матчта қарсы­ластар тағы да гол салған. Сонымен үш гол салса ғана келесіге өтеді. Бұл орындалмастай кө­рін­генімен, астаналықтар үш сол соғып, мақсатына жетті.
Одан кейін финляндиялық «ХИК» командасына тап болды. Бұл матч та оңайға соқпай, зорға дегенде 4:3 есебімен алға шықты. Ал плей-офта кипрлік «Апоэль» клубынан айласын асырды.
Осылайша, топтық кезеңге өткен «Астана» сол жылы финалда ойқастаған «Атлетико
Мадрид» командасымен және «Бенфика», «Галатасарай» секілді тісқаққан клубтармен айқасты. Әжеп­тәуір айбат көрсеткен елор­далықтар жан­күйерлерін жерге қаратпай, өз жерінде өткен матчтардың бәрінде жеңілген жоқ. Осыған қарап-ақ, «Астананың» Чемпиондар лигасындағы дебютін сәтті өтті деп бағалауға болады. Расында да, Еуропаның ең танымал футбол сарапшылары «Астана» бізді таңғалдырды» деп пікір білдірді.

ЕЛОРДАЛЫҚТАР ЕУРОПА ЛИГАСЫНДА

Ал биыл «Астананың» кәрі құрлыққа жорығы Еуропа лигасымен түгесілмек. Екінші жыл қатарынан ел чемпионы болған елордалықтар алғашқы қадамын Чемпиондар лигасында бастағанымен, топтық кезеңге бір табан жақын қалғанда жолдан тайды.
Бұл жолы іріктеу кезеңін бірден екінші раундтан бастаған «Астана» литвалық «Жалгирис» командасымен күш сынасты. Бірінші ойын сырт алаңда тең аяқталып, қарымта матчта 2:1 есебімен әупірімдеп басым түсті.
Сөйтіп, үшінші іріктеу раундында Шотландияның әйгілі «Селтигіне» тап болды. Бұл – біздің сыралғы қарсыласымыз. Бұрын біздің елге табаны тиген олар «Шахтермен» біраз тартысқан. Алғашқы матч «Астана Аренада» өтіп, қос команда бір-бір голдан соқты. Ал жауапты ойында 2:1 есебімен есе жіберді.
Осылайша Чемпиондар ли­гасының топтық кезеңіне өте алмаған «Астана» бірден Еуропа лигасының тобына топ ете түсті. Қазіргі уақытта «В» тобында «Апоэль», «Олимпиа­кос» және «Янг Бойз» командалармен бірін­ші ойынды өткізді. Алдымен «Апоэль»-мен ойнап, 2:1 есебімен жеңілді. Содан кейін өз үйінде швейцариялық «Янг Бойз» клубымен тең түсті. Ал грекиялық «Олимпиакос» командасынан 4:1 есебімен ойсырай ұтылды. Енді 3 қараша күні осы командамен қарымта матч өтеді.
Екі рет чемпион болғандағы «Астананың» Еуропадағы жолы осылай өрбіп жатыр. Енді келесі жылы тағы да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуге барын салып көрмек. Мұның дәмін татып көрген елордалықтар ішкі біріншіліктегі жеңістер ірі доп додаларына ашылатын есік екенін ескереді. Соның нәтижесінде биыл үшінші мәрте чемпион атанып, тағы бір жолдаманы иеленді.

5720ad8e61969Саян Хамитжанов, «Астана» командасының бас менеджері:

– Биыл біз алтын жүлдеге қол жеткіздік және Еуропа лигасының топтық кезеңіне түстік. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз. Оның ішінде жанкүйерлердің де үлесі зор. Командамыз тағы бір рет Қазақстандағы ең күшті клуб екенін дәлелдеді. Бұған мерзімінен бұрын жеткенімізді ерекше атап өткен жөн. Егер чемпиондықтың тағдырын соңғы турға қалдырғанда, психологиялық тұрғыдан командаға ауыр тиетін еді. Сондықтан биылға жоспарланған ең негізгі жоспар орындалды. Енді тек Еуропа лигасын, сондай-ақ, Қазақстан кубогын ойлауымыз керек.

photo_76212Станимир Стойлов, «Астана» командасының бас бапкері:

– Әр маусым – біз үшін үлкен салтанат. Дегенмен чемпиондық оңайлықпен келген жоқ. Ұпай жо­ғалт­тық. Алматылық «Қай­рат­тан» өз алаңымызда және қонақта есе жіберіп, жақындатуға ыңғай беріп қойдық. Бірақ біз соңында дегені­мізге жетіп, еңсеміз бәрінен биік болды. Негізгі көздегеніміз орындалды. Енді
Еуропа лигасында ұпайымызды молайтуға күш
саламыз. Аязға қарамай астаналықтар бізді қолдауға келеді деп ойлаймын. Стадионның төбесі – жабық, іші – жылы, энергияға толы болады.

tanatТаңат Нөсербаев,«Астана» шабуылшысы:

– Біз Еуропа лигасында бар болғаны бір-ақ ұпай алдық. Алайда алда әлі үш матч бар. Ел чемпионы болғанымызға тоқмейілсімей, соңына дейін шайқасуға бар күш-жігерімізді саламыз. Жақында «Олимпиакос» командасымен жауапты ойын. Жарақат алып қалғанымызға, шаршағанымызға қарамастан, жанкүйерлердің қалың қолдауының арқасында жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.

shomkoДмитрий Шомко, «Астана» қорғаушысы:

– Менің ойыныма көңілі толған жұртқа алғысым шексіз. Біз, әрине, темірден жарал­мағанбыз, маусым соңына қарай шарша­ға­нымыз бі­лінеді. «Астана» – еліміздің ең мықты футбол командасы екенін дәлелдеу үшін біз барлық матчтарда жақсы ойын өрнегін көрсетуге тыры­самыз. Бізге тек елордалықтар ғана емес, бүкіл ел жанкүйер болып отыр. Сол үшін «Олимпиакос» командасымен болатын ойында аянып қалмаймыз.

abzalАбзал Бейсебеков, «Астана» қорғаушысы:
– Мен өзімді әлі «Аста­наның» «ардагер» ойыншысы ретінде санамаймын. Осыдан екі жыл бұрын еуро­палық лигада доп теуіп, дәлірек айтқанда, поль­шалық «Корона» коман­дасында ойнап аздап тәжі­рибе жинадым. Қазір мен Қазақстан біріншілігінде ғана емес, Еуро кубоктарда ойнап жүрмін. Егер Еуропаның мықтырақ командаларынан ұсыныс болып жатса, мансабымның жаңа кезеңі туралы ойланып көруге болады. Әзірге жолым «Астанамен» байланысты болғандықтан, басқа клуб туралы ойлаған жоқпын. Еуропа лигасында ойынымыздан жаңылмаймыз деп сенемін.

Беттерді дайындағандар: Ғалым ҚОЖАБЕКОВ, Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button