Қоғам

Ауру астан келеді



Қырғызстан мен Қазақстанның арасында «азық-түлік соғысы» басталып кеткендей.  Әуелі 8 қазанда Қырғызстан Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарынан құс еті мен жұмыртқаны тасымалдауға уақытша тыйым енгізді.

Екі күннен кейін, 10 қазанда Қазақстан Үкіметі Қырғыз Респуб­ликасының ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясының жария­лаған шешімінің заңсыздығын айыптады. «Алматы облысында соңғы 10 жылда ешқандай құс аурулары тіркелген жоқ. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жарияланған құстардың Нюькасл ауруына қатысты карантин 2018 жылдың 19 қыркүйегінде тоқтатылды. Демек, Қырғыз Респуб­ликасының Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарынан құс еті мен жұмыртқа тасымалдауға тыйым салуы заңсыз» деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ал 12 қазанда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қырғыз­станнан Қазақстанға ет әкелуге уақытша тыйым салды. Құзырлы ведомстводағылар бұл шараның «Қырғызстан аумағында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша қалыптасқан жағымсыз жағдайға байланысты» енгізілгенін түсіндірді. Атап айтсақ, Қазақстанға ет экспорттайтын қырғыздың 5 кәсіпорнына шектеу қойылды. Бұған қоса, 2012 жылдан бері жүргізілген көшпелі инспекция жұмысының нәтижесінде қырғыздың басқа 4 кәсіпорны «қара тізімге» кірген болатын.
15 қазанда Қырғызстан елімізден құс еті мен жұмыртқа әкелуге шектеу қоюды алып тастады. Себебі Қазақстан елдің оңтүстігіндегі жоғары патогенді құс тұмауы бойынша эпизооптикалық ахуалдың тұрақтанғаны туралы «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықта» жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижесін қыр­ғыздарға жіберді. Мұндай сауда соғыстары Қазақстан мен Ресейдің арасында да арагідік болып тұрады. Бір жолы Қазақстан екі ресейлік кәсіпорынның құс етін экспорттауына, сондай-ақ тірі құстарды және құстың жемдерін әкелуге тыйым салды. Оған Ростов облысындағы «Ақ құс-Ростов» құс фабрикасында құс тұмауының жаппай өршуі себеп болған. Қыркүйек айында «Россельхознадзор» қазақстандық шпроттарды импорттауды тоқтатты және тағы төрт кәсіпорынның өнімдерін қауіпті деп таныды. 1 қазанда ресейлік құзырлы мекеме Қазақстаннан әкелінетін барлық мал шаруашылығы өнімдеріне шектеу қойылатынын хабарлады. Бірақ тараптар бұл мерзімді бір жылға шегеру жөнінде мәмілеге келді.
Тағы да тұтынушылардың есіне сала кетейік, бұған дейін 5 ресейлік компанияға қатысты уақытша шектеу енгізілген болатын.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button