Әлеумет

Аурудың алдын ал



Әлемдiк тәжiрибеге сүйенсек, қатерлi iсiктi емдеу негiзгi үш қағидатқа сүйенедi. Олар – ауруды ерте кезеңiнде анықтау, кешендi ем-дом жүргiзу, науқасты медициналық бақылауға алу.

Бiздiң медицина мамандары үшiн дәл қазiргi жағдайда осы үшеуiнiң алғашқысы маңызды саналуы тиiс.
Неге десеңiз, онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жиi кездесетiн еуропаның кей елдерi дамыған диагностикасының арқасында ауруды ерте сатысында анықтап, өлiм-жiтiмнiң санын әжептеуiр азайтуға қол жеткiзiп отыр.
Бүгiнде ел аумағы бойынша жалпы саны 144 мыңнан астам науқас тiркеуде тұр. Жыл сайын 30 мыңдай адам қатерлi iсiкке шалдығып, күн сайын аталған ауруға қатысты сегiз жағдай тiркеледi екен.
Өңiрлiк мәлiметтердi жiктесек, онкологиялық аурулар көрсеткiшi жөнiнен Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Қарағанды облыстары тiзiмнiң басында тұр. Ал, Астана аяқ жағында…
Осы тұста елордалық мамандардың профилактикалық тексерулердi жүйелi жүргiзуде, диагностикалау мен емдеудiң озық әдiстерiн пайдалану арқылы қатерлi iсiктi ерте анықтауда ауқымды жұмыстар атқарып жүргенiн айтқан жөн.
Астанада қатерлi iсiкке шалдыққандарды ерте сатысында анықтау жағдайы бiршама жақсарып келедi. 2010 жылы бұл көрсеткiш 46,5 пайызды құраса, өткен жылы 50 пайызға жоғарылаған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында Денсаулық сақтау министрлiгiне онкологиялық ауруды ауыздықтайтын салалық бағдарлама әзiрлеудi жүктеген едi. Осыған сәйкес, Министрлiк 2012-2016 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектi дамытудың салалық бағдарламасының» жобасын жасап шықты.
Онда ауруды ерте сатысында анықтауға басымдық берiлген.
Емдеу iсiне инновациялық технологияларды енгiзуге көңiл бөлiнген. Бағдарлама қолданысқа енсе, 2016 жылға қарай елiмiзде онкологиялық көмектiң заманауи үлгiсi толық қалыптасып бiтедi.
Скринингтiк тексерулердi жүргiзу республика бойынша 92 пайызға дейiн жетедi. 2016 жылға қарай онкологиялық аурудан болатын өлiм 15-20 пайызға дейiн төмендейдi. Қатерлi iсiк ауруларын ерте бастан анықтау бүгiнде 47,5 пайызды құраса, төрт жылдан соң 53 пайызға артады.
Бағдарламаны толық жүзеге асыру үшiн алдағы бес жылда 207 млрд теңге жұмсау көзделiп отыр. Бұл қаражаттың басым бөлiгi Астана қаласында Ұлттық онкологиялық орталық салуға, өзге де облыс орталықтарында ам-булаториялық диспансер орталықтарын құруға жұмсалады.

Шынар ДОСАН


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button