Басты ақпаратҚоғам

Аудандық газет бағы неге жанбай тұр?



Біздің елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Осы тілдің қолданылуы, беделі туралы ұлтымыздың қатардағы жанашырлары айтып та, жазып та жүр, одан ешқандай жақсы жағына қарай өзгеріс байқалмайды.

«Ұра берсең шайтан да өледі» демекші, ана тілімізге жанашыр­лардың саны ептеп артып келе жатқан сияқты. Мен ертеден айтып келе жатырмын: тілге қажеттілік тумай, оның қолдану аясы кеңеймейді. Бізде шаралардың басым көпшілігі ресми тілде өтеді де, аудармашы ресми тілден қазақ тіліне аударады да, іс қағаздарына тігіп қояды. Оның тілде қолдануға ешқандай пайдасы жоқ. Шараны өткізу керісінше болуы керек, мемлекеттік тілде өткізіліп, қажет болған жағдайда ғана ресми тілге аудару қажет. Немесе қазақ тілін оқытатын курс­тарды алайық. Менің байқауымша, формальды түрде өтеді. Одан қазақ тілін үйренушілер шамалы. Президентіміз Қ.Тоқаев айтпақшы, тілді саясатқа айналдырған оны үйренуге, пайдалануға орай басқа әдістерінің қолдануымыз керек сияқты. Меніңше, жоғарыдан төмен қарай бірінші басшылар мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет, сонда қарамағындағылар да сол тілде сөйлей бастайды. Екінші, жұртты қазақ тілді ақпарат құралдарын оқып, көріп, таңдауға бейімдеуіміз қажет. Ол үшін әрбір ауданда, үлкен мекемелерде қазақ тілді газеттер болғаны дұрыс. Газет тілі әдеби шығармаларға қарағанда жеңіл. Газет – сол ауданның айнасы. Қазақша оқи отырып, ауданның саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайын біліп отырады. Өкінішке қарай, аудандық қазақ тілді газеттердің бағы жанбай тұр. Өзім туып өскен Ақмола облысы Ақкөл ауданының газетін зерттеп көрейік. Осы ғасырдың бас кезінде аудан әкімі мен редактор болып келген шығысқазақстандық азамат Қуаныш Нұрсадықов екеуінің ауызша келісімі бойынша қазақ тілді «Ақкөл өмірі» газетін шығаратын болады. Алғашқы жылдары айтылғандай, газет өз дәрежесіне сай шығып тұрды. Менің байқауымша, жергілікті жердің штаттан тыс тілшілерімен жұмыс өз дәрежесінде жүргізіледі. Бірте-бірте газет ауданның айнасы болудан қалды. Басқа газеттерден алынған материалдар көбейе бастады. Мұндай газеттің оқушылары да азая бастады. Ақыры газет аралас тілді болып, ресми тілді материалдар көбейіп, таза ұлттық тілді болудан қалды. Қызметкерлері де жиі ауысып жатты. Онымен қоса, баспаханаға арналған ғимаратты ол өзі жекешелендіріп алды. Әкіммен ауызша келісімдері бойынша ғимаратты полиграфия үйі ретінде сақтаймын деген сөздері болыпты деп естимін. Ол келісім сақталмаған, алдында сауда үйіне айналдырды, артынан өзі астанаға көшеді де, сатып жіберіп, қазіргі иесі сауда орталығын жаңартып жатқан көрінеді. Әрине, бұл Нұрсадықов мырзаның азаматтығына жатпайды. Қазір «Ақкөл арайы» газеті Қазпоштаның бір бөлмесін жалдап, сонда газет шығарып отыр дегенді айтады.

Ал Аршалы ауданында редактор Цыгановтың айтуынша, газеттер «Аршалы айнасы» (1050 дана) және «Вперёд» (2000 дана) болып шығатын көрінеді. Бұрынғы әкімдердің біреуі қай газетке мақала қай тілде жазылған, сол тілде барыңдар деген нұсқау беріпті. Осы нұсқауға байланысты екі газет те аралас тілде болып отырған сияқты. Бұл да қуантарлық жағдай емес.

«Егемен Қазақстан» газетінен Мұрат Қапанұлының «Тереңкөл тынысы» неге шөміштен қағылды» деген мақаласын оқи отырып, біздің солтүстік облыстардың аудандарындағы қазақ тілді газеттердің жағдайы мүшкіл екен деген ойға қалдым. Солтүстік облыстардың аудандары біртіндеп қазақыланып келеді. Ақкөл ауданында кеңестік дәуірде 20 пайыздан болса, қазір тұрғындардың жартысы – біздің ұлттың өкілі. Онымен қоса, ауданда тұратын татар, ингуш, неміс, т. б. ұлт өкілдерінің басым көпшілігі – қазақ мектептерінде оқығандар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Тілді сақтаудың бірден-бір жолы – қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын көбейту, соның мезгілі жетті. Жергілікті әкімдіктер мен ақпарат министрлігі осы сұраққа көңіл аударып, түбегейлі шешеді деп үміттенемін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button