Басты ақпаратЖаңалықтар

Әз-Наурыздың айшықтары



Биыл Астанада қар көбесі ерте сөгілді. Көк­тем лебін сезінген жұрт­шылықтың көңіл-­күйі де жоғары. Әдемі мезгілмен бірге, жақсылық атаулының жаршысындай болып же­тетін Наурызда да күн әдеттегіден жарқырап, айналасын нұрлан­дырып тұрды. Мәз-мәйрам болған ел қалалық әкімдік алдын­дағы алаңға мерекені тойлап, көңілді сергіту үшін жиналды.

ERM_6724

Орталық алаңнан әуелеген әсем әндер айналаны кернеп тұр. Қаз-қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлер алыстан менмұндалайды. Жұртшылық олардың әрқайсысына кезекпен-кезек кіріп, аралап жүр. Бұрын киіз үйлерге лауазымды тұлғалар ғана кіріп, қарапайым халыққа оның есігі жабық болатыны жиі сынға алынушы еді. Ал Астана биыл жақсы дәстүрді қолға алып, әрбір киіз үйді ұлттық бітім-болмысымыздан сыр шертетін музей секілді жасақтапты. Олардың әрқайсысында тұскиіздер ілініп, домбыра, қылқобыз секілді ұлттық аспаптар, ағаштан, теріден жасалған қолөнер бұйымдары қойылыпты. Салт-дәстүрімізді ұлықтаған сегіз киіз үйдің қатарында Білім, Энергетика басқармаларының, «Астана-Тазалық» ЖШС-ның, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тіккен үйлері бар. Сондай-ақ, университет пен колледж ұжымдары да бір-бір үйден тігіпті.

Айтпақшы, алаңдағы іс-шараларға негізінен, Сарыарқа ауданының әкімдігі жауапты болғанын атап өткен жөн. Ал алаңның қақ ортасындағы сән-салтанаты келіскен сахнадан әндер әуелеп, жырдан шашу шашылды. Мың бұралған қыздар би билеп, мерекенің көрігін қыздырды. Елорда жұртшылығын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, әсем ән-күйін тарту еткендердің қатарында Досымжан Таңатаров, Алмас Кішкенбаев, Бибігүл Ысқақова, Альбина Оганесян, Жади, Әсел Нұртазина, Берік Сексембаев сынды өнерпаздармен бірге, «Наз», «Артист» ансамбльдері мен «ДиАрт», «Ханзада», «Арт-домбыра» топтары бар.

Мерекелік думанды қыздырған алаңды аралай жүріп, қаз-қатар тізілген 10 палаткаға табан тіредік. Бұлардың тоғызында – тағам түрлері, ойыншықтар, күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттар сатылса, Ішкі саясат басқармасының палаткасында ұлттық тағамдар, атап айтқанда, бауырсақ, наурыз көже, палау тегін үлестіріліп жатыр екен. Халық дәмнен ауыз тиіп кетіп жатыр. Шетте тұрған жастау әйелді сөзге тарттық. Өзін Күләш деп таныстырған ол: «Мен жыл сайын Наурызды тағатсыздана күтемін. Ұлыстың ұлы күнінде жеген тағамның дәмі де тәтті көрінеді маған. «Көппен көрген ұлы той» дейді ғой қазақ. Ақ түйенің қарны жарылған бүгінгі мерекеде таратылып жатқан бауырсақтардың дәмі тіл үйіреді. Үйде де пісіресің ғой бауырсақты. Бірақ дәл осылай дәмді шықпайды» деп күледі Күләш. Ал елге қазан-қазан палау үлестіріп, бауырсақтан ауыз тигізіп, алғысқа бөленіп жатқан қыздарды әңгімеге тарттық. Аты-жөндері Жаңагүл Мұханмединова, Гүлден Байкенова және Ләйлі Мұханмединова екен. Олар тәп-тәтті бауырсақты өздерінің Фатима, Салтанат атты аспаздары пісіргенін айтты.
Жағалай жүріп, у-шу болып арқан тартысып, қол күрестіріп жатқан адамдарға қарай жақындадық. Қалалық әкімдік пен Дене тәрбиесі және спорт басқармасы салауатты өмір салтын дамыту үшін арқан тартысу, тоғызқұмалақ, қол күрестіру секілді ойындар ұйымдастырыпты. Міне, білекті жігіттер арқан тартысуда. Бес адамнан топ-топқа бөлінген жастар бір-біріне дес берер емес. Бұл жарыста «Чемпиондар» тобы бірінші орынды, ал Төтенше жағдайлар басқармасының «Жас-тар» тобы екінші орынды, «Арын» тобы үшінші орынды иеленді. Ал қор күрестіру сайысында 70 кг салмақтағы азаматтардың арасында Руслан Даутов атты қала тұрғыны бірінші орынды еншіледі. Екінші орын Айдос Қадырға бұйырса, үшінші орынды Әлижан Мұратов алды. Жеңімпаздар құр қол қайтқан жоқ. Ұйымдастырушылар оларға сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етті.

Спорттық шаралардан балалар да қалысар емес. Олар тоғызқұмалақтың қызығына түскен. Шеткері тұрған екі қызды әңгімеге тарттық. Оның ересектеуі – Аружан Сағындықова екен. №64 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы. Екіншісі – Гүлсезім Сағындықова. Ол №15 мектеп-лицейінің 3-сыныбында оқиды. «Мен үйге қонаққа келген балалардың бәріне тоғызқұмалақты үйретемін. Әкем тоғызқұмалақ мидың ойлау қабілетін дамытады деген. Үйде мен, ағам, әкем ойнаймыз. Бұл – біздің қазақтың ұлттық ойыны. Ол маған ұнайды» дейді Аружан.

Астана қаласы Дене тәрбиесі және спорт басқармасына қарасты Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының менеджері Ержігіт Өсербайдың айтуынша, спорттық шаралар бүгін кешке дейін жалғасады. Жоғарыда айтылған сайыстардан басқа, тұрғындар арасында қазақша күрес, асық ату, гир көтеру, нысана атудан да жарыс болады. Ұйымдастырушылар тұрғындарды бұқаралық шараларға белсене атсалысуға шақырды.

Қалалық алаңдағы мерекелік шаралар кешке дейін жалғасып, Астана аспанын ән мен күйге көмкерді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button