Денсаулық

Ажалға дес бермеген…



«Хабар» агенттігінің атынан арнайы «Телеарнаның арнайы сыйлығы» номинациясына қалалық №2 балалар ауруханасы ие болды. «ALTYN SHIPAGER» мүсінін табыстаған белгілі тележүргізуші, журналист Мая Бекбаева сәбидің өміріне араша түсетін ақ халатты жандардың жанкешті ерлігін толғаныспен айтып берді. Ал «Бірегей операция жүргізгені үшін» номинациясында жеңіп алған қалалық №2 балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Жайылғанов болды.

 

Бұл осыдан бір ай бұрын болған еді. Түс ауа жедел медициналық көмек желісі бойынша №2 қалалық балалар ауруханасының жарақат пунктіне 12 жастағы бала жеткізілді. Темір жол көпірінде жоғары кернеу­лі токқа түсіп, оның салдарынан есінен танып, бес метр биіктіктен жерге құлаған.
Баланың жағдайы өте ауыр, бас-беттің, мойынның, кеуде қуысы, арқаның, іштің, білектің, сол жақ қол мен оң жамбасты тұтас күйік шалған. Ауыр дәрежедегі күйік зардабынан есінен танып, қабырғасы мен бас сүйегі жарылған.
Жеткізілген сәттен аурухананың хирург, нейрохирург, травматолог және реаниматолог мамандары қарап, шұғыл көмек көрсетіледі. Жарақатты тазалап, жедел түрде реанимация және интенсивті терапия бөлімшесіне жатқызылады. Барлық зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Сол күні шұғыл түрде бас миына операция жасалды. Дәрігерлік тілмен айт­қанда: алдымен сол жақ самайындағы жараны нейрохирургия­лық өңдеу, сүйек фрагменттерін резекциялау, мидың сол жақ аспалы бөлігін тексеру. Бас миының қатты қабатының пластикасын жасау.
Екі дүниенің ортасында жатқан періште бала миға жасалған өте күрделі отадан кейін көзін ашып, тілге келіп анасын таниды. Осыдан бес күн бұрын науқастың денсаулық көрсеткіші жақсарып және жағдайы бір қалыпта тұрақталғаннан кейін аурухананың күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Бүгінде жағдайы қалыпты, денесіндегі күйіктің орны да жазылып келеді.


Екінші жағдай осыдан екі апта бұрын, миының зақымдануымен 10 жасар бала ауруханаға жеткізіледі. Ойын баласы кесілген ағаш құлаған кезде астында қалып, ауыр бұтағы баланың басын жарып кеткен.
Тағы да нейрохирург, травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлермен аяғынан тік тұрып, шұғыл түрде жансақтау бөлімшесіне жатқызылып, миға ота жасалды. Жай тілмен айтқанда, мидың қауашағын ашыпты дейміз ғой, бұл жерде бірнеше операциялар жүргізілген: Бас миы сүйегінің сол жақ маңдай-төбе-самай сүйектерінің резекционді декомпрессивті трепанациясы. Сол жақ төбе сүйегінің пішінді эпидуральді гематомасын алу, бас миының қатты қабатының пластикасы. Осындай күрделі ота баланың жанын сақтап қалады, екі-үш күнде жағдайы тұрақталғаннан кейін нейрохирургия бөлімшесіне аударылды. Бала есін жиып, қайта сөйлей бастады.
Ауыр сынақ тұралатып тастап, жанын шүберекке түйген балалардың ата-аналарының хәлі айтпаса да түсінікті. №2 балалар ауруханасының барша қызметкерлері бір кісідей жұмылып, сәбидің жанын арашалауға кіріскен сәттерін елестеткенде жай оқырман менің өзім толқып кетемін. Ақ халатты жандардың артықшылығы да осында жатса керек. Басқаның бәрі күдерін үзгенде баланың жүрегін қайта соққызып, бас сүйегін жамап, миын қалпына келтіруге тәуекел ету үлкен қайсарлықтың белгісі болса керек. Ал қазіргі күннің қаһармандары кім дегенде ойыма осы жандардың есімі оралады.
Ол – Азамат Жайылғанов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, Сәкен Жүнісов – интенсивті терапия және реанимация бөлімінің меңгерушісі, Бақытхан Сағидолла – күйік бөлімінің меңгерушісі. Осы ұжымның бас дәрігері – Біржан Досмаилов. Мерейлерің үстем бола бергей, қадірлі дәрігерлер!




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button