Басты ақпаратМәселе

Ажырасудың белең алуы – құндылықтар құлдырауы



Бүгінде елімізде отбасын сақтай алмай, ажырасатындар қатарының артқаны алаңдатады. Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуының алғашқы және аса маңызды кезеңі отбасында өтеді. Алайда қазіргі таңда көптеген қазақ отбасылары бірлескен өмірдің бас­тапқы кезінде болатын уақытша қиындықтарға төзбей, шаңырағын шайқалтуда. Әсіресе некелескеннен кейін тым қысқа уақытта айырылысатындар көбейіп, әке мен шешенің тәрбиесін тең көріп өспейтін балалар саны артты. Ұрпағын толыққанды отбасында өсу құқығынан айыратын ата-аналар оларды бүкіл болашағына әсер ететін құндылықтардан да ада етуде.

Әрине, отбасындағы зорлық-зомбылық пен ұрыс-керіс шаршатып, баланың көз алдында үлгілі отбасының емес, көңілге қаяу салатын жұптың үлгісін көрсеткенше, ажырасқанды жөн көретіндер де бар. Алайда өмір сүру жеңілдеген сайын сәл болмашы қиындыққа төзбей екі жаққа кетіп, мемлекеттен кейінгі кіші отанын сақтай алмайтындар көбейгені де рас. Ұлттық ста­тистика бюросының мәліметіне сәйкес, соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағанда, АХАТ органдарының деректері бойынша былтыр елімізде 128,5 мың жұп отау тіксе, 17,7 мың жұп ажырасқан. Бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1 пайыз төмен екен, бірақ бәрібір қуанатын жайт емес. Елімізде ең көп неке 2013 жылы тіркеліпті, 168447 жұп. Соңғы 10 жыл ішінде бұл рекорд жаңармаған. Керісінше, ажырасқандар көп. Оған материалдық жағдай, ене мен келін мәселесі, отбасындағы буллинг, қызғаныш, нәпсіқұмарлық және тағы да басқа жағдайлар себеп болған.

Бірінші зардап шегетін – бала

Ашық дереккөздерге сүйен­сек, елімізде әр үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ажырасу бойынша 2021 жылы Алматы қаласы 5281 жайтпен көш бастады. Одан кейінгі орындарда 4717 дерекпен Қарағанды облысы мен 4296 жағдаймен Астана қаласы тұрған.

Ал қалалық сот берген мәліметтерге сәйкес, елордада 2022 жылы ажырасуға барлығы 8667 арыз түскен, соның ішінде ажырасқандар саны – 3647, татуласқандар – 2500 отбасы. Ал 2021 жылы барлығы 8080 арыз түскен, оның 3187-сі бойынша азаматтар ажырасып, 1500 отбасы татуласқан.

Астана қаласы бойынша балалар құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Әсима Бимендинаның айтуынша, ажырасу процесінен әсіресе балалар қатты зардап шегеді. Мектепте де ең қиын балалар солар болады. Себебі бір-бірімен сыйыспаған әке-шешесі мүлікті ғана емес, баланы бөлісуде де ымыраға келе алмай, екі ортада содан балалар қиналады.

– Ажырасып жатқан жұптардың балаларды бөлісе алмайтыны – өзекті мәселе. Соның кесірінен балалар күйзеліске түседі. Олар не істерін білмейді. Оларға әке де, шеше де керек. Ал ата-анасы бірге тұра алмаймыз дейді. Сот оларға бекітіп берген кездесу кестесін де дұрыс сақтамайтындар бар. Сондықтан балалар түрлі психологиялық қиындыққа ұшырайды. Оларды көргенде жүрегіміз ауырады. Ата-ана ажырасып кетсе де, ортақ баласы үшін бір-бірімен адамдық қатынасын сақтап қалуы керек. Мектеп психологтары ата-анамен отбасы қарым-қатынасы бойынша жұмысты жиі жүргізуі қажет.

Ләйла ЗИНАШЕВА, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы:

– Ажырасудың негізгі себептері – мінездің үйлеспеуі, ерлі-зайыптының біреуі­нің ішімдікке салынуы, зинақорлық, үшінші жақтың араласуы, жұба­йының немесе зайыбының жұмыс істегісі келмеуі, қол көтеру. Сонымен қатар, ажырасу факторларына, әрине, материалдық жағдай мен идеологияның жоғы да жатады. Некені бұзу мәселесін көтерген ерлі-зайып­тының жасы, негізінен, 18-ден 50 жасқа дейінгі аралықты құрайды. Әсіресе 20-38 жас аралығындағы адамдардың некесі жиі бұзылады. Некені бұзуға көбіне әйелдер қауымы көп жүгінеді. Менің тәжірибемде ажырасқан ең қысқа неке уақыты 1 жыл болды. Әдетте, мұндай жағдай жас жұбайлар мерзімсіз жүктілікті жоспарлап, үйленуге асығыс шешім қабылдағанда орын алып жатады. Психологтар кеңесінің, жүргізетін терапияларының арқасында некесі сақталып қалатындар да жеткілікті. Алайда отбасында ерлі-зайыптының біреуінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тұрмыстық зорлық-зомбылық болған кезде, тараптарға татуласуға мерзім берілмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына психологиялық көмек беріліп, олар арнайы дағдарыс орталығына жіберіледі. Мұндай жағдай көбіне әйел азаматшалардың арасында жиі кездеседі, бұл, әрине, өте өкінішті.

Қалалық сот берген мәліметтерге сәйкес, елордада 2022 жылы ажырасуға барлығы 8667 арыз түскен, соның ішінде ажырасқандар саны – 3647, татуласқандар – 2500 отбасы. Ал 2021 жылы барлығы 8080 арыз түскен, оның 3187-сі бойынша азаматтар ажырасып, 1500 отбасы татуласқан

Әйел дамуына ерлер ілесе алмай отыр

Бүгінде қоғамның қай саласында да әйелдер тым белсенді болып алды. Олар заманмен бірге тез дамып кетті. Түрлі істі меңгеріп, өмірге құлшынысы күшейді. Әйел өзін бағалауды үйренді. Сондықтан баламен ғана үйде отыратын бұрынғы көнбіс әйел жоқ. Әрі олар еркектен көп табатын болды. Ал бұл жылдамдыққа ер адамдар ілесе алмай келеді. Соған қарамастан, отбасын қалай да сақтау үшін ерін жетелеп, оның да өсуін талап ететін әйел ажырасуға жол бермейді. Алайда жетекке көнбек түгілі, қызғанышы басым, жауапкершілігі төмен, жарының өсуін теріс пиғылға ұластыратын, түбі зорлық-зомбылық көрсетуге дейін баратын ерден әйел ақыры кетіп тынады. Қазіргі қоғамдағы ажырасудың тағы бір себебі – осы.

– Ер адамдарда жауапкершілік жоқ. Оларға бәрі оңай секілді. Өзі құрған отбасына өздері жауап бере алмайды. Әйелдің тағдыры онсыз да сынаққа толы. Екі жаққа кетпеуге, негізінен, ер адам жауапты болуы тиіс. Ата-анасы ер балаға дұрыс тәрбие бермейді немесе әкесіз не шешесіз өседі. Үйленіп, бала тудырады да, қыдырып кетеді, – дейді елорда тұрғыны Гүлдана Арманқызы.

Ал кей адамдар отбасын сақ­тауда әйелдің үлесі басым дейді. Қазір тікелей эфир өткізетін психологтардың көбі: «Отбасында ерге қарағанда әйелдің күшейгені, әйелдің көп тапқаны жақсы емес, ондай жағдайда әйел тәкаппарланбай, өзін басып отыруы керек. Мұны күйеуінің бетіне басу арқылы олар ұрыс-жанжалды көбейтіп, отбасына келетін берекені кемітеді. Қандай ақша тапса да, ер адамның тапқаны берекелі болады. Жалпы әйел «мен білемдікке» салынып, түздегі жұмысы көбейгенде, энергиясы отбасына емес, сыртқа кеткенде, ердің күші кемиді. Кейбір ер адамдарға бұл тіпті ұнайды, олар жауапкершілік өзінен азайған соң әйелге сеніп, алға аса ұмтылмайтын болады, тіпті кейбірі масыл болып алады, бұл психологияда дәлелденген» деп айтады. Демек, әйелдің тәрбиесі көп жағдайда отбасын сақтауға әсер етеді. Себебі ақылды әйел қандай болса да күйеуін алға шығарып, оның абыройын асыруды ойлайды.

Бүгінде бой жете бастағаннан некенің қасиетін ұғындырып, бір түскен жеріне тастай батуды айтып, қызының құлағына құятын ата-ана да азайды. Ері ренжітіп төркінге келсе, «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп қызын отбасына қосудың орнына қасында қалдыруға тырысады. Отбасында анасының қиындық көруі, жәбірленуі соны көріп өскен қыздың да өмірге, болашақ жарына деген сеніміне көлеңкесін түсіріп тұрады. Анасының зардап шеккенін көрген қыздар тұрмыс құрғанда анасы барған құрбандыққа баруды жөн санамайды. Отбасы деген қасиетті ұғым олар үшін төмен бағаланады. Одан бөлек, ғаламтордағы түрлі ақпарат ағыны, адам санасын сан-саққа жүгіртетін бағыттардың көптігі де өз әсерін тигізбей қоймайды.

– Қазір қазақшылық азайып барады. Бұл – интернеттің, Батыс мәдениетінің әсері. Ұрыс-керіс бір жақтан ғана болмайды. Қыз­дың да, ердің де тәрбиесі дұрыс болмай тұр. Оның үстіне, қазір жалғызбасты ананы қолдаймыз деп оларды күшейтіп алдық. Бір баланы туып алады да, күйеуін қорқытып шыға келеді, бұл жағын да ескеру керек, – дейді елордалық Гүлнұр Өтеулиева.

Отбасын қалай сақтаймыз?

Елордада сотқа ажырасуға арыз бергенде, сот татуласу мерзімін ұсынады, оның барысында тараптар психологтың көмегін алады. Бұл кезеңде медиатор қосылады, олар алимент және отбасының басқа мәселелерін шешумен айналысады. Егер ерлі-зайыптылар татуласса, онда талап татуласуға байланысты қараусыз қалдырылады, егер татуласпаса, онда бір ай ішінде заңды күшіне енетін сот шешімі шығады.

Елімізде Жоғарғы сот 2018 жылдан бастап «Отбасылық сот» қанатқақты жобасын іске қосты. Жобада тек отбасы-неке ісін қарайтын жеке судьялар белгіленген. Егер бұрын сот отбасын өз қалауы бойынша жай ғана ажырастырған болса, бүгінде татуластырушы судья тараптарды отбасы қаты­насын сақтауға бағыттайды, дауды ерлі-зайыптыны татуластыру арқылы шешу үшін жан-жақты шаралар қабылдайды, бірінші кезекке кәмелетке толмаған балалардың мүддесін қояды. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар өз өмірін жақсартуға және отбасын сақтап қалуға немесе ажырасқаннан кейін жақсы қарым-қатынаста болуға және балалардың мүддесі үшін өзара араласып тұруға мүмкіндік алады. Әрбір іс бойынша отбасы сала мамандарымен, яғни психологтармен және медиаторлармен жұмыс істейді. Психологтар отбасы терапиясын өткізе отырып, қарым-қатынастағы дағдарысты жеңуге көмектеседі, медиатор мүлікті бөлу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау және т. б. мәселелерді шешеді. Яғни бұл жобада судья осы мамандармен байланысты отбасының барлық мәселесін шешеді.

Астанада отбасы тәрбиесін, жалпы, отбасы институтының нығаюына мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Осы ретте Астана қаласының әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның рөлі зор. Негізгі міндеті – жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қоғам институттарымен бірге отбасы мүддесін қорғау. Комиссия мүшелері тұрақты түрде азаматтарды қабылдап, қаладағы отбасылық орталықтарға барып тұрады. Мәселен, отбасы құндылықтарын жастар арасында нығайту және отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптарында арнайы тренингтер өткізеді. Қиын жағдайға ұшыраған әйелдермен, жастармен тілдесіп, олардың мәселесінің шешілуіне атсалысады.

Назгүл МАҚЖАН, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйел­дер істері және отбасылық-­демографиялық саясат жөнін­дегі комиссия мүшесі:

– Ажырасудың себебі көп, әркімнің мәселесі әр түрлі, сан алуан тағдыр иесі бар. Әрине, заманауи қоғамда әйелдердің құқығы көтеріліп келеді. Алайда біз отбасы құндылықтарын бірінші орынға қоюымыз керек. Ата-баба дәстүрін жалғастырып, отбасының ұйытқысын сақтау маңызын насихаттауымыз қажет. Осы ретте комиссияда салт-дәстүрді негізге алған «Ұлттық құндылықтар» атты арнайы жұмыс тобы құрылған. Жастарды қоғамда әлеуметтендіріп, отбасы өміріне дайындау қажет. Бұл ретте азаматтық қоғам институттары, жоғары оқу орындары және қоғам белсенділері бірігуі керек. Сонымен қатар, отбасы қатынасының аспектілері бойынша психологиялық көмекті күшейткен жөн.

Соңғы он жылда ажырасқандар саны жағынан 3 өңір көш басында болған, олар – Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылордада басқа өңірлерге қарағанда ажырасу азырақ. Демек, отбасын сақтауда қазақы тәрбиенің маңызы зор. Сондықтан оқу орындарында арнайы пәндер енгізіп, ұлттық тәрбиені жүйелі, оңтайлы сіңірудің жолын қарас­тыру керек. Балаға мектептен де, үйден де тәрбие жұмысы көп жүргізілуі қажет. Ұлттық тәрбиемен қатар, жаңа заманға сай бейімделіп, жұптар отбасын сақтау үшін бірдей дамып, бірдей алға ұмтылу керек. Әйел, ер демей, бір-бірінің дамуына, жеке көзқарасы мен сезіміне құрметпен қарауды үйренсе, кедергі келтірмесе, сөйте тұра дәстүрді де сақтап, отбасы құндылықтарын жоғары қойып отырса, жалпы бір мақсатқа жұмылса, жас отаудың шаңырағы биік, босағасы берік, өздері мәңгілік бірге болары сөзсіз.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button