Басты ақпаратМәдениет

Астана театрларында – аншлаг

Астана – елдің орталығы ғана емес, мәдениеттің, көркем туындылардың, жыр жауhары мен әдемі ән-күй кештерінің, әлемдік, ұлттық классикалық дүниелердің ортасы, биік өнердің ордасы. Осы демалыс күндері мәдениеттің ақсарайы атанған театрларда елордалықтар мен қала қонақтары таңғажайып премьераларға куә болды.

«…АДАСҚАН ҰЛЫҢДЫ ЖАЗҒЫРА КӨРМЕ, ЖАРАТҚАН!»

Қазақ театр өнерінде жаңа­шылдығымен, жаңа қырымен көрінген Жастар театрында Нариман Төребаев пен Ермек Аманшаевтың «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан!» драмасының премьерасы өтті.

Драма тіршіліктің тауқыметінен ерте есейген ұлдың тағдыры жайлы сыр шертеді. Әке мен бала арасындағы көзге көрінбес нәзік байланыс турасында ой толғайды. Жалғанның бір сәттік қызығына мастанып, перзентінің тәрбиесіне араласпаған әкені сергелдеңге салып, тұңғиыққа батырған қандай мұң? Оның ата тегін буынынан балта шауып үздірмей, үрім-бұтағын болашаққа бастайтын соңғы үміті ақтала ма?

Қойылымның  қоюшы режиссері – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

– Бұл туынды ерекше, себебі оны еліміздің үлкен, ойшыл азаматы Ермек Аманшаев жазды. Әуелі повесін оқыдым, қатты әсер етті. Өзгелерден бөлек драматургияны көңілге түйдім. Төрт-бес жылдан соң, қазіргі жаңа драматургия стилімен, көп сөзден гөрі іс-әрекеті арқылы айтар ойын білдіретін қойылымға осы повесті сахналауды мақсат еттік. Жастарға, ата-аналарға үлкен ой салатын, халқымызға керек шығарма деген оймен театр сахнасында көрсетуге тырыс­тық. Премьераның алғашқы күнінде де залда ине шаншар орын қалмады, келушілер көп болды. Басты идеясы – әке мен баланың арасындағы байланыс, тәрбие сөз болады. Жұмыс, ­карьера қуып жүріп, баласының тәрбиесіне араласпаған әкенің орны толмас өкініші, қайғысы, қоғамдағы келеңсіздікті көрсететін әлеуметтік мәселе көрсетілді, – деді режиссер Нұрқанат Жақыпбай өз сөзінде.

– Шығарма басында повесть болып жарыққа шықты, сосын Жастар театрымен, еліміздің ең беделді, белді режиссерлерінің бірі – Нұрқанат Жақыпбаевпен бірлесіп, әлеуметтік драма жанрында бір дүние жасауды қолға алдық, – дейді туынды авторы, драматург, сыншы, прозашы, режиссер, продюсер, сценарист Ермек Аманшаев.

– Әрине, авторлар үшін шығарманың қалай шығатыны өте маңызды. Егер де драматургиялық шығарманың сахналық шешімі болмаса, онда спектакль шықпайды. Жақыпбайдың өзіндік қалыптасқан стилі, өрнегі бар. Театр ізденісінің арқасында повесть өзіндік ерекшелігімен сахнаға шықты, үнемді, шағын ғана шектеулі кеңістікте сахналық шешімдер арқылы көрерменге жол тартты. Әрбір кейіпкердің өз ойын айтуына, оны көрсетуіне мүмкіндік болған айрықша туынды ретінде қабылдауға болады, – деді шығарма авторы Е.Аманшаев.

«ҚЫЗ ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАНДА»

«Махаббаттың формуласы қандай? Ғажап сезімнің құдіретін танып білдім, қыр-сырына қанықпын деп әркім айта ала ма? Дүниедегінің бәрінің де сыңары бар. Әуедегі аққу да екеу болып ұшады. Даладағы киік те екеу болып жүреді. Тіпті жер астынан қылтиған көк те екі бүршік болып шығады. Бес күн жалғанда екеу боп, бірің ренжісең, екіншің жұбатып, бірің күлсең, екіншің қуанып, бірің әке болсаң, екіншің шеше болып, ұл өсіріп, қыз өсіріп, отан болып отырудан артық қандай бақыт бар?! Қандай сүйіспеншілік бар?! Соның бәрін біле тұра, неліктен біз ғұмырымызды көңіл түкпіріндегі идеалымызды күтуге арнаймыз?!». Бұл диалог жазушы Сұлтанәлі Балғабаев жазған пьеса бойынша Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық-драма театрында қо­йылған «Қыз жиырмаға толғанда» премьерасында айтылды.

Осыдан 40 жыл бұрын, 1983 жылы жазушы Сұлтанәлі Балғабаев жазған пьеса бойынша қойылымның премьерасына демалыста балаларыммен барып қайттым. Билеттер алдын ала сатылып кеткен. Аншлаг болды. Режиссері – Дәурен Серғазин, қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов, киім үлгісінің суретшісі – Алма Сырбаева.

Жібек есімді кейіпкердің 20 жасқа толған туған күн кешінде болған оқиғалар негізінде өрбіген спектакльді Алматыда студент кезімізде, осыдан 33 жыл бұрын 19 жасымда Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында пьеса бойынша қойылымға барғаным есіме түсті, бүгін тағы бір жастық шаққа саяхат жасағандай болдық.

Туындыда ұлы сезім – махаббат мәселесі қозғалады. Қала мен ауылдағы сезім турасындағы қайшылықты ойлары, түсініспеу­шіліктер басты қақтығыс тудырады. Үлкен буын мен жастардың махаббатқа қатысты қарым-қатынасы, отбасындағы тұтастық терең зерделенеді.

Риясыз көңіл мен қызғаныш, шындық пен жалған, адалдық пен арамдық арпалысқа түскен «Қыз жиырмаға толғанда» мело­драмасында шынайы махаббат әспеттеліп, әділдік салтанат құрады.

Ғайни рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Алтынай Нөгербек сомдаса, Жібекті жас актриса Бегімнұр Қалила орындады. Ғайыпберген рөлін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әбілмансұр Серіков ерекше ойнаса, Гаухар образын Арай Омарова сомдап шықты. Есімсейітті «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Жақыпбек көңілге қонымды жеткізсе, Тәукен «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспановтың орындауында көрінді.

– Бұрындары сахналанған шығарманың өн бойына заманауи үн, әуен қосып, бестен бірін өзгертіп, жаңашылдықпен театр сахнасына алып шықтық, – дейді қойылымның режиссері Дәурен Серғазин.

Әбілмансұр Серіков – жастар арасында өте танымал актердің бірі. Одан өзі сомдаған кейіпкері туралы сұрағанымызда, қызықты пікірлер келтірді.

– Ғайыпберген – қалада оқитын, махаббатқа, сезімге жеңілдеу қарайтын жас жігіт. Қалада қыз-бозбала көп, неше түрлі сезім, неше түрлі сатқындық та болып жатады. Қойылымда ауыл баласының сенгіштігі, қаладағы жігіттің әккі, қулығы – бәрі таразы басына түседі. Мінезі жеңіл болса да, махаббатқа адал болмаса да, ол Жібекке шын ғашық, сезімі шынайы – соны көрсетуге, көрерменге жеткізуге тырыстым. Кейіпкердің өзін ақтап алар шындығы бар, өз таным-түсінігі өзіне дұрыс. Ал Жібек – нәзік болғанмен, бір сөзінде тұратын, жалғандыққа жаны қас жан. Ғайыпберген қанша ғашық болса да екеуі қосылмайды, себебі таңдаған жолы әртүрлі, табиғаты басқа. Оншақты жылдан бері әріптес­теріммен бірге түрлі қойылымда ойнап жүргендіктен, бірлесе жұмыс істеу бізге аса қиындық туғызбағанын айтып өткім келеді. Мелодрама жанрында алғаш рет ойнадым. Драматургияның бұл жанры өзгеше, оңай емес екенін жұмыс барысында байқадым.

Негізі, спектакльді қоюға идея тастаған мен. Себебі өзім осы қойылымды көріп өстім, анам – Жібектің рөлін сомдаған жан. Театрымызда мелодрама жанры жоқ, сондықтан соны қосайық деген ой келді. Мелодрама – адамның табиғатына жақын дүние, сол себепті де жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді. Өнердің құдіреті де сол.

– Осыдан қырық жыл бұрын жазылған дүние қайтадан сахна төрінде жарқ ете қалғанда қобалжығаным бар. Ол кезде жас болғандар қазір алпысқа келіп қалды, ол кездегі нәрсені бүгінгі жас қалай қабылдайды деген сұрақтар мазалағаны рас, – деді пьеса авторы, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев премьерадан соң сахнаға шыққан сәтінде.

Жазушы спектакльді қойған режиссер мен актерлік құрамға, қолдаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын жеткізді. Кеш соңында министр­лік атынан шығармашылық топқа ықылас гүлі әкелінді, зал толы көрермен ыстық ықыласын ду қол шапалақпен жеткізді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button