Елорда тынысы

Азияда үздікпіз!



Ұлттық спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлов «Аспаннан шұға жауған күн» деген мақаласын тұшынып оқығаным бар-ды. Оңтүстік-Шығыс Азия­да өткен байрақты бәсекеге түскен велошабандоздың көңіл-күйін қаламгер осылай сипаттайды. Сол секілді «Аспаннан алтын жауған күн» десек, 37-рет Астанада ұйымдас­тырылған Азия чемпионатының мән-маңызын ашқандай боламыз.

 Жарыстың соңғы екі күні еркін күрес шеберлері бозкілемге көтеріліп, шеберлік байқасты. Байрақты бәсекеге Мадияр Құрамысовтың балуандары бабында келіпті. 70 келіде Санжар Досжанов, 79 келіде Болат Сақаев екеуі жартылай финалда Иранның мықтысын ұтса, финалда Өзбекстан өкілінен айласын асырды. Әсіресе, Болат Сақаевтың финалдағы қарсыласы Бекзод Абдурахмоновтың даңқынан ат үркетіні рас. Токио Олимпиадасының жүлдегері, бірнеше рет Азияны ұтқан айлалы, айбарлы қарсылас. Алайда Болат бабында екен, өзбекстандық балуанның мысын оңай басты. Одан кейін 4 салмақта қазақстандық балуандар белдескен финалдық бәсекені тамашаладық.
74 келіде белдескен Дархан Есенғали финалда  жапон  өкілі Кирин Киношитаны ұтып, алтыннан алқа тақса, 86 келіде Азамат Дәулетбеков Иран мықтысы Ализера Каримидің осал тұсын тауып, екі дүркін Азия чемпионы атанды. Ал 92 келіде Ризабек Айтмұхан, 125 келіде Юсуп Батырмұрзаев күміс медальды қанағат тұтты.

Сөйтіп, Қазақстан еркін күрес командасы 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен (2006, 2021 жылы Қазақстан еркін күрес балуандары 3 алтын медаль ұтып алған-ды), 179 ұпай жинап, командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Командалық есепте 129 ұпай жинаған Жапония екінші, 124 ұпай жинаған Иран үшінші орынға ие болды.

Жарыстың алғашқы күндері бозкілемке көтерілген грек-рим күрес шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 5 кола медальмен 160 ұпай жинап, жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтаған-ды. 10 салмақ дәрежесінің 7-інде финалға шыққан ирандық балуандар 5 алтын медальға ие болды.

Кейінгі жылдары қырғызстандық грек-рим шеберлерінің өнеріне қызыға әрі қызғана қарайтын болдық. Әсіресе, 60 келіде кілемнің көркін қыздырып жүрген Жоламан Шаршенбеков пен 77 келідегі қырғыз мықтысы Акжол Махмудовтың әдіс-тәсілді орындау шеберлігіне, өз-өздерін сенімді ұстап, қарсыласының мысын жақсы басатынын білеміз. Бұлар біздің балуандар үшін алынбас қамал болып тұр. Айтпағым, Иран мен Қырғызстан бірінші екінші орынды бөліссе, Қазақстан грек-рим шеберлері үшінші орынмен ойынды түйіндеді.

1995 жылы грек-рим күресінің балуандары Руслан Жұмабеков, Бахтияр Байсеитов, Дәулет Тұрлыханов, Сергей Матвионко төрт алтын медаль алған еді. Бұл нәтижені қайталауға әзірге мүмкін болмай тұр. Бір өкініштісі де сол!

Әйелдер күресінде біздің бұрымдылар жерге қаратпай, 2 алтын және 3 қола медаль ұтып алды. 76 келіде сынға түскен Эльмира Сыздыкова екі дүркін, 72 келіде белдескен Жамиля Бакбергенова үш дүркін Азия чемпионы атанып, ұлт спортының жаңа тарихи бетін ашты.

Бұрымдылар күресінде командалық есепте Жапония көш бастаса, Қытай мен Үндістан екінші-үшінші орынды бөлісті. Одан кейінгі орындарға Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан ие болды.

Күрес түрлері бойынша жалпы командалық есепте Қазақстан 7 алтын, 4 күміс, 9 қола медаль алып, бірінші орыннан көрінді. Жапония еншісіне 6 алтын, 4 күміс, 10 қола медаль тиіп, командалық екінші орын алса, Иран командасына 6 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бұйырып, үшінші орыннан көрінді. Одан кейінгі орындарды Қыр­ғызстан, Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия, Бахрейн, Корея елі еншіледі.

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button