ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Байқоңыр атауы бекітілді



Жақында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдауында Астанада ашылатын төртінші ауданға Бай­қоңыр атауы ұсынылып, мақұлданды.

Осы аптада қалалық оно­мастикалық комиссия бұл атауды талқылап, бекітті. Республикалық ономастикалық комиссия қалалық комиссия шешімін өзгертпей, өз отырысының хаттамасын әкімдікке жіберді. Кеше өткен қалалық Қоғамдық кеңес отырысында Астана мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов осылай деп хабарлады.
Қоғамдық кеңесте қаралған мәселелердің бірі Астана қала­сының шекараларын бел­гі­леуге қатысты болды. Онымен Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақты­бай Тайталиев таныстырды.
«Соңғы бес жылда Астана халқының саны 35 пайызға ұл­ғайып, 645 мың адамнан 1 млн 10 мың адамға жетті. Былтыр қала территориясына 8 мыңнан астам гектар қосылды. Бұл – Майбалық көлі, пантеон. Халықтың тығыздығы мәселесін шешу үшін жаңа мектептерді, балабақшаларды, емханаларды, көлік жүйесін, инженерлік инфрақұрылымды салу мақ­сатында төртінші ауданды ашу қажеттілігі туындады» деді баяндамашы.
Оның айтуынша, төртінші ауданның шығыс бөлігі Алматы ауданымен, батыс және оңтүстік бөлігі Сарыарқа ауданымен, ал Есіл өзені арнасымен Есіл ауданымен шекараласады. Жалпы алғанда, қала аумағы 79 мың 733 гектарды құраса, соның ішінде жаңа аудан 18 мың 129 гектарды алады. Халық санына келсек, онда 211 мың адам тұратын болады.
Қоғамдық кеңес отырысында, сондай-ақ, Астанадағы қоршаған ортаны сауықтырудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жос­пары жобасы талқыланды. Жобаны қалалық Табиғи ресурстер және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірге Қазақстанның экологиялық ұйым­дары ассоциациясы әзірледі. Атал­мыш ассоциация төрайымы Айгүл Соловьева кеңес мүшелері қойған сұрақтарға жауап берді.
Бұл жобаға сәйкес, Промышленный тұрғын алабын 2-ЖЭО-дан келетін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарлануда. А.Соловьеваның сөзінше, алайда бұл елді мекеннің бүкіл тұрғындарын орталықтан бері­летін жылумен қамту әзірге мүмкін емес. Тек бір автономды қазандықты тұтынушылар ғана орталық жылу жүйесіне қосылады. Сол кезде қазандық жойылады. Соның өзінде ауаға таралатын зиянды қалдықтар едәуір азаятын көрінеді. Мәселен, «Астана Энергия» АҚ-тың қоршаған ортаны қорғау зертханасының меңгерушісі Наталья Мухинаның айтуынша, қалдықтар 17 тоннаға кемиді.
Отырыста, бұған қоса, қала экологиясы, елордаға газ тарту мәселесі, оның тиімділігі туралы біраз айтылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астананың бірқатар нысандары сұйытылған газбен жылытыла бастады. Алдағы жылдары Қызылордадан құбыр бері қарай тартылып, Қарағанды арқылы табиғи газ да келуі тиіс. Осының қайсысы арзандау болады? Кеңес мүшелерінің пікірінше, айтқандай айырмашылық бай­қалмайды.
Астанадағы қоршаған ортаны сауықтырудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жос­пары жобасын жүзеге асыруға инвесторлар тартылмақ. Қо­ғамдық кеңес бұл жобаны бе­кітті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

3 пікірлер

  1. Өте нашар атау! Нашар! Қызылорда облысының халқын экологиялық апатқа ұшыратып, жұрттың наласына қалып отырған космос гаванының атын Астанаға әкеліп тықпалау тіпті де тапқырлық емес.

  2. Байқоңырдың атауы жөнінде. Менің аты-жөнім – Бейсенбай тегі Руза Зайкенқызы. Ертеректе, тіл үшін павлодарлифтпен соттасқанымда, аты-жөнімде де дұрыс емес жазу үшін талабым болды, сотқа арызымда. Сот әрине, қалай бар, жеке куәлігімде сондай шешім шығарды. Жұмысымды келісім-шарттар арқылы атқарамын. Әдетте 2 тілдегі. Соның қазақшасында да, Тау-Кен Жеке кәсіпкерлігі, Бейсенбай тегі Руза Зайкенқызы. Орысшасында да дәл солай. Соны кейбіреулер орысша мәтінде ИП Тау-Кен, фам. Бейсенбай теги қылғысы келіп-ақ тұрады). Көрсетем жеке куәлігімді, кәсіпкерлік куәлігімді, қайда бір де бір орысша сөз жоқ, айтамын, заң жүзінде дұрыс емес, қалай келісім шартқа отырамыз, егер жоқ орысша атауларды жазып қойдыңыздар деймін. Келіседі, ендеше?
    Тілдер заңы, 19 бапта, жер-су атаулары транслитерация заңымен жазылады деп көрсетілген. Орысша мәтінде, оған басқа тілден кірген сөзді бейімдеу ол, білуімше, транскрипция деп аталады. Сондықтан Байконур, Байконыр. Сайып келгенде, бәрібір қазақша емес. Ал транслитерация бойынша, онда басқа тілден кірген сөз, кірген тілдің әріптерімен түпнұсқадада беріледі. Сондықтан, барлық орысша мәтіндерде, дұрысы қазақ атауымен БАЙҚОҢЫР болуы керек. Мысалы жиі кездестіреміз ғой, орысша мәтінде (қазақшада да) ағылшын, т.б. тілдегі сөздерді өз тілінде, өз әріптерімен жазылып тұрғанын. Бұл да сол сияқты.

Пікір үстеу

Back to top button