Қала тіршілігі

«Бәйтерек» түбіндегі берекелі мереке



Елорда төріндегі «Бәйтерек» аясында думан қызығы жалғасуда. Монумент алаңында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көктем мейрамына көңілденіп, шат-шадыман күймен серуен құрып жүр. Кешеден бері мұнда қазақы дастарқан жиылмады, сауық-сайран салтанаты тарқамады…

ERM_6188

«Бәйтерек» жанында құрылған мерекелік сахна шымылдығын бүгін сағат 11:00-де «Жастар» театрының әртістері ашады. Бағдарлама барысында көрермен назарына «Наз» би ансамблі мен «Қаллеки» театры өнер көрсетеді. Кешке дейін жалғасатын концертте Еркін Нұржанов, Жаңабай Өтегенов, Құрмаш Маханов, Дос, «Жігіттер» квартеті, «Дабыл» мен «Аламан» тобы, Айгүл Иманбаева, Мөлдір Әуелбекова, Бауыржан Исаев, Алмас Кішкенбаев, тағы да басқа эстрада жұлдыздары ән шырқайды.

Жаңа жылды қарсы алар қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Өмір ағашының» маңайында алты ақшаңқан киіз үй тігіл­ген. Бұл – Жолаушылар көлігі, Ауыл ша­руашылығы, Сәулет және қала құрылысы, Инвестиция-лар және даму, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар сынды қала әкімдігіне қарасты басқармалардың отауы. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйде жайылған дастарқанға қазы-қарта, құрт-ірімшік, қымыз, бауырсақ қойылған. Кез келген адам төрге шығып, дәстүрлі тағамнан дәм тата алады. Сондай-ақ, киіз үйдің құтты қонақтары «Тұсау кесу», «Бесікке бөлеу», «Беташар», «Сәлем салу» рәсімдерінің куәсі болады.

Наурыздың думанды алаңында орын тепкен алтыншы киіз үйдің заты ерекше. Мұнда «ЭКСПО – 2017» Ұлттық ком­паниясының бренд-аймағы орналасқан. «Барша келушілерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, еліміз асыға күтетін ЭКСПО жайлы кеңірек мағлұмат береміз. Халықаралық көрменің тарихы мен соның шеңберінде Қазақстанда өткізілген шаралармен таныстырамыз. Осы айтылған ақпараттарға байланысты викторина ойнатамыз. Дұрыс жауап бергендерге компания атынан естелік сыйлықтар тарту етіледі» дейді модератор Әділ Жұмекенов. Киіз үй жанында күн сәулесінен қуат алатын баламалы энергия көзі тұрғызылған. Тұрғындар соның көмегімен іске қосылған төрт теледидар көрінісін тамашалайды.

Көрме нышанына таңдалған «Мөлдір», «Қуат», «Сәуле» атты үш кейіпкерді арнайы ілінген тақтада пазл арқылы құрастыру жарысы өтеді. Кеше Балшырын есімді 9 жасар қыз мұндай пазлды жылдам жинастырып, ұйымдастырушылар ұсынған сыйлыққа кенелді.

Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы халықтың ашық аспан астында шай ішіп, тамақтанатын мүмкіндіктерін де қарастырған. Белгіленген тәртіпке сай алаңда тәтті-дәмділер сататын дәмханалар орналастырылған.

Көпшілік ортаға «Мерекелік іс-шараға көңіліңіз тола ма?» деген сауал тастаған едік, Жарқынбек Жұмаділ атты астаналық тұрғынның жауабы жүрекке жылулық ұялатты. «Ұлыстың ұлы күнін шын көңіліммен мейрам деп қабылдағандықтан, осы жерде үш адам ұйымдасып бір киіз үй тігіп қойса да қуанамын» дейді ол. Ал, «Бәйтеректің» алдындағы мерекелік бағдарламаның шет шағасын айттық. Қалғанын алаңға келіп, өз көзіңізбен тамашалаңыз.

Мәдина ЖАҚЫП

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button