Басты ақпаратМәселе

Балабақша бәріне жете ме?



Астана қаласында жыл сайынғы туу деңгейі жоғары (25 мыңнан астам бала) және ішкі көші-қон (жылына 50000 адамнан астам) дамып келе жатқандықтан, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуге сұраныс артып тұр. Сондықтан да балабақша кезегі іс жүзінде азаймай тұр.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев жуыр­да Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізгені мәлім. Президент жиында сөйлеген сөзінде балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығына қатысты былай деді: «Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр, былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді».

Балабақшамен қамту мәселесі әзірге күн тәртібінен түсер емес. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде деген сауалдармен Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің бас маманы Олжас КАИРДОСОВҚА жолыққан едік.

– Еліміз бойынша балаларды толықтай балабақшамен қамтуға басымдық беріліп отырғаны белгілі. Балабақшаға сұраныс жоғары. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайызға қамтудың жолдары қандай? Астанада қанша мектепке дейінгі ұйым бар, оның қаншасы мемлекеттік, қаншасы жекеменшік?

– Астана қаласы бойынша 432 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 100-і – мемлекеттік, 329-ы – жекеменшік (285 ұйымда мемлекеттік білім беру тапсырысы бар), 3-еуі – ведомстволық. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамту үшін ағымдағы жылғы 9-30 қаңтар аралығында 8000 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс өтті.

– Ашылған балабақшалар техникалық және санитарлық талапқа сай ма?

– Мектепке дейінгі ұйымды ашар алдында кәсіпкер объектінің (ғимараттың/үй-жайдың) мектепке дейін­гі білім беру саласындағы қызметті ұйымдастыру үшін белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы санитарлық-­эпидемиологиялық қорытынды алады.

– Мектепке дейінгі тәрбие және оқытудың жаңа стандарты, үлгілік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Қандай жұмыстар атқарылды?

– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде балабақшалардағы әр топ перспективалық жоспар аясында балалардың қызығушылығын, жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әр баланың әлеуетін барынша ашуға және нәтижеге бағытталған жұмыс жасайды. Сонымен қатар әр тәрбиеші апталық орындалған жұмысы бо­йынша циклограмма және әр баланың жеке даму картасын толтырып, баланың қызығушылығы бойынша және өзі таңдаған әрекет түрін ұйымдастырады.

– Жекеменшік балабақшалар бала тәрбиелеумен қатар ақша табуды көздейді. Дегенмен талаптар бойынша баланы қауіпсіздікпен қамтамасыз ету бірінші орында тұруы тиіс. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар балаға қолайлы жағдай туғызып отыр ма?

– Әрине, әрбір жекеменшік балабақша, біріншіден, кәсіпкер ретінде ашылады, яғни өз қызметін ақылы көрсетеді. Сондықтан бірінші орында кәсіпкерлер сапалы білім берумен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болу керек.

Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар балаға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Алайда жауапкершілік танытқан кәсіпкерлермен қатар, әрине барлығы емес, кейбір кәсіпкерлер өз қызметін мемлекеттік органдарға білдірмей көрсетеді. Ондай фактілер тек қана әлеуметтік желілерге шыққан кезде анықталады. Бұл, әрине, Білім басқармасының құзыретіне жатпайтынын ескеру керек.

Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымы, ведомстволық бағынысына қарамастан, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарын, жарақтандыру нормалары бойынша барлық қажетті жабдықтармен қамтылуы, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету талаптарына сәйкес болуы тиіс.

P.S: Осы ретте біз педагог қауымның ішіндегі көбінесе елеусіз қалып қоя беретін, алайда еңбегі өлшеусіз тәрбиешілердің бағасын біліп, бағамдап, қолдауымыз қажет. Тәрбиешілер – ең алдымен, балаларға өмірге ең қажетті дағдыларды үйрететін, сауатын ашып, жасына сәйкес білім беретін, мектепке дайындайтын тұлғалар. Жауапкершілігі мен атқарар жүгі жөнінен салмақты болғанмен, тәрбиеші жалақысы көтерілгенмен, мұғалімнің табысына тіпті жете алмайтын халде. Оларды қолдау да кезек күттірмейтін іс.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button