Басты ақпаратСараптама

Озған ауылдан тозған ауыл көп…

немесе Астананы азық-түлікпен қамту жайы қалай?

31 қаңтарда Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Осы отырыста Мемлекет басшысы «Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ бұл жұмыс орындалмады. Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда, қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен, осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіп­орындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдағаны жөн» деп атап көрсетті.

Елорданың іргесі жыл сайын кеңейіп, тұрғылықты халқы көбейіп келеді. Жан санының артуына ілесіп қаланың инфрақұрылымы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне түсетін салмақ та артқаны белгілі. Әсіресе бас қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету елорда Есілдің жағасына ірге тепкен күннен бастап маңызды мәселеге айналған. Сол себепті «Елорданың азық-түлік белдеуі» құрылып, оған мемлекет тарапынан қыруар қаржы да бөлінген-тұғын. Алайда бұл жобаның атқарылуымен елорданың азық-түлік мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Атап айтқанда, Арқа төсіне астана салғанымызға 25 жылдан асқанмен, бас қаланың басты азық-түлігін әлі күнге дейін алыс аймақтардан, керек десеңіз, шетелден тасимыз. Себебі Астана төңірегіндегі ауылдардың да өндірісі әлі күнге дейін өрге баса қойған жоқ. Міне, осы мәселеден де елорданың болашақ дамуы ауылмен қатысты екенін аңғаруға болады.

Ауыл азса, Астанаға да салмақ

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 6293 ауылды елді мекен бар, онда 7,8 млн адам тұрады, яғни еліміздегі жалпы халық санының 41%-ы ауылда. Әрине, ауылдарды дамыту туралы жобалар бұрын да болған. Үкіметтің берген есебіне сенсек, 2019-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасының аясында республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылған. Бірақ Үкімет осылай деп есеп бергенмен, қазірге дейін елімізде озған ауылдан гөрі тозған ауыл көп. Әсіресе шекара маңындағы көптеген ауыл жабылып, жабылмағанының жағдайы кетіп, әзер тұр. Ел тәуелсіздік алғаннан бері «Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына кірді» деген жалған мақтанға айтылған жарнама сөзге алданып жүргенімізбен, еліміздің шет-шалғайдағы елді мекендері мен ауыл, кенттері, анайырақ айтсақ, көтінен кейін кетті. Ауылдарда мектеп, әкімдік, дүкеннен басқа орында жұмыс жоқ, Міне, бұл да төменнен жоғарыға дейін көрсетілетін өтірік есептің нәтижесі деуге болады. Мал бағайын десе ауылдың іргесіндегі жерлерге дейін әркім иемденіп алғандықтан, ауыл тұрғындары жалғыз бұзауының өзін құйрығынан ұстап бағуға мәжбүр. Жұмыс жоқ, мал өсіруге ыңғайсыз болғаннан кейін, ауыл тұрғындарының көбі кедей деп айтсақ қателеспейміз. Бірақ осыған қарамастан Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келді. Өткен жылдарда Үкіметтің есебінде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетілсе, кедейшілік деңгейі 4,5 пайыздан аспайды деп ақпарат берді. Шын мәнінде, кейбір ақпарат көздері бойынша жұмыссыздық деңгейі бізде бұдан жоғары екені айтылады. Кедейлеріміздің саны да осы деңгейде немесе одан да көп.

Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда, қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен, осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр.

Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, жастардың көбі ірі қалаларға қарай ағылады. Тіпті жұмыс іздеп шетел асып жатқандары да бар. Ауылдан жастар кеткеннен кейін қарттар да иен қалған елді мекендерде тұра алмай, шарасыздықтан қалаға қарай жылжиды. Сосын да шығар қазір елордада ауылдан көшіп келіп үй жалдап, жұмыс істейтіндер өте көп. Бас қалада жұмыс істейтін баласына қара тартып, елордадан үй сатып алып жатқан зейнеткерлер де аз емес. Бұл өз кезегінде еліміздің бас қаласындағы ауыз­судың, балабақша, мектептің жетіспеуі сынды мәселелерді айқындай түсті.

Ендігі үміт – «Ауыл аманатында»

Әрине, ауыл тұрғындарының бұл жағдайынан билік те хабарсыз емес. Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгелі бұл мәселеге жіті назар аударды. Бұл жөнінде Президент өткен жылғы Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет» деп атап көрсеткен еді.

Өткен жылы қараша айында Мемлекет басшысы «Ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институционалдық жағынан қамтамасыз етілуін дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартып, жайлы өмір сүру ортасын жасау» мақсатында Жарлық шығарып, Үкіметтен 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды бұйырған еді. Осы тапсырмаға сәйкес қазір ауылдарда «Ауыл аманаты» жобасы атқарылып жатыр. Сондай-ақ ауылдарды дамытуға алдағы уақытта 1 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланыс­ты мәселелерді шешуді басты мақсат еткен бұл жоба аясында ауыл тұрғындарына 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие беру көзделіп отыр. Әрине, елімізде бұдан бұрын мұндай төмен өсіммен несие беріліп көрген жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ауыл тұрғындарының кірісін арттырып, шаруашылығын шалқытуына серпін береді деп күтілуде. Дегенмен жұрт көңілінде «баяғы жартас – бір жартас» болып, «бұл тиімді сая­саттың да ауыл тұрғындарына қайыры болмай қалмай ма?» деген күдік те жоқ емес. Өйткені бұдан бұрын ауылға бағытталған тиімді саясаттардың көбінің пайдасын ауыл тұрғындары емес, қаржы ұйымдарымен ауыз жаласқан пысықтар көрді. Момын ауыл тұрғындарының көбі ауылға бөлінген қосымша қаражаттан игілік көре алған жоқ. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасы баянды болсын дейтін болсақ, оның нақты игілігін ауыл тұрғындары көруіне кепілдік ету керек.

Жері кең елде жайылым жоқ

Ауыл аймақтарының ахуалын реттеу – экономикалық қана емес, ел үшін саяси, стратегия­лық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе.

Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәлімет жан-жақта шашырап жүрсе, жайылымдық жерлердің көбі мал бақпайтындардың меншігіне өтіп кеткен. Сол себепті Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерді қайтарып алуды тапсырған еді. Үкіметтің есебіне сүйенсек, өткен жылы 5 миллион гектар жер қайтарып алынған. Мұның 4,8 миллионы – жайылым. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, жұрт мал бағуға жайылым таппай жүргенде, жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар жер эрозияға ұшыраған. Оның 29 млн-ы енді мүлде жарамсыз. Ал еліміз бойынша 15 облыста мал жаю үшін 9 млн гектарға жуық жер жетіспейді. Жер жетіспеген соң, мал бағу да қиындап, жем-шөптің бағасы жыл сайын аспандап барады. Бұл жөнінде ауыл тұрғынының да айтары бар.

Қадияр АҒЫЛАН, ауыл тұрғыны:

– Ауылда мал бағу барған сайын қиындап барады. Көбімізде жайылым жоқ. Ауылдың іргесіне дейін егін. Алда-жалда егінге түсіп кетсе, миллион теңгеге дейін айып салады. Олар егіндіктерін қоршап қоймаған соң, аяқты мал көзден таса болса, егінге түсіп кетеді. Қыста тезегін сүйреп, жем-шөбін беріп 6 ай жағаласқанымыз аздай, жаз бойы малдың соңынан қалмаймыз. Тым құрыса шаппалық жер де берілген жоқ. Оны да совхоздан сатып аламыз. Іргемізге дейін егін салып, жаздай тарықтырған егіншілерден күзде бір бау сабан алу да қиын. Бидайдың жемге жарайтын қалдығының өзін сатып бермейді. Жем-шөпті бірақ сатып алсақ, 6 ай қолда бақсақ, Арқада мал бағудың қандай керегі бар?! Міне, бұл елімізде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының бір-бірін толықтырып, қатар дамудың орнына, екеуі бірін-бірі шектеп отырғанын көрсетеді. Бұл – еліміздің ауыл шаруашылығын реттеу жүйесінің әлсіздігінің көрінісі.

Ал мал шаруашылығына беріліп жатқан қосымша қаражаттың қарапайым тұрғындар үшін ауылы алыс. 100 сиырың болса да, шаруа қожалығың болмаса, Үкімет тарапынан берілетін қосымша қаражатты ала алмайсың. Ал «шаруа қожалығын құрамыз, жер бер» деп ауданның жер басқару орындарына барсаң, «жайылымдық жер жоқ» деп шығарып салады. Ал егістік жер алу үшін бәс саудаға қатысуың керек. Оған ауылшаруашылық техникаң болуы шарт. Оны пысықтар елдің техникасын көрсетіп, бармақ басты, көз қысты ғып алып кетеді екен. Осылайша, ауыл шаруашылығына бөлінген қаражаттың қызығын да ауылдағы тұрғындар емес, қаладағы қалталылар мен шенділер көріп жатыр. Бұлай кете берсе, ауыл қалай дамиды?! Ауыл құрыса, қаланы қалай азық түлікпен қамдайды?!

Ауылдағы ендігі бір мәселе – ауылдағылар өз өнімін, малын ақшаға жаратып сата алмайды, оның да пайдасын арадағы делдалдар көреді. Мәселен, ет алушылар ауылдан келіп әкетсе, сиыр етінің келісін 1700-1800-ден асырмайды. Олар оны қалаға апарып, 2300-3500 теңге аралығында сатады. Базарға өзіміз апарып сатайық десек, оның да машақаты мол. Жоқ сылтауды айтып арзанға сұрағанын былай қойғанда, 6 келі етті жеңілдік үшін шығарып тастайды. Онымен қоса, лабораториялық тексеру үшін деп 6000 теңге, есіктен кіргені үшін деп 1000 теңге, бәрін қоссаң, шыққан шығынның өзі 20000 теңгеден асып түседі. Жол шығыны тағы бар. Олар не үшін 6 келі жеңілдік (скидка) шығаруы керек? Сол жері бізге түсініксіз. Оны қадағалап отырған Үкімет жоқ. Бір малдан 6 келі етті тегін алғанда, 20 малдан қанша ақша түседі?! Міне, бұл да ет базарын басқаратындардың өз қалтасын қампиту үшін ойлап тапқан амалы.

Ауылдың жағдайы астанадағылардың жылы кабинетте отырып жасаған жоспары мен бағдарламасымен түзелмейді. Бізге ауылдың жағдайына үйлесетін нақты шаралар керек. Әр ауылда ет, сүт, жұмырт­қа сияқ­ты ауылшаруашылық өнімдерін қабылдайтын орындар болуы керек. Әлі күнге дейін малдың терісін, жүнін құнға жарата алмай отырмыз. Тері тулақ, жүн қоқыс болған заман. Терісін илеп, жүнінен өнім өндірсек, шетелден киім тасудың қажеті не?! Мынадай кең-байтақ елде отырып, шетелден ет, ­тауық еті, жұмыртқа, киім-кешек импорттап отырғанымыздың өзі ұят.

Әнуар НҰРТАЗИН, экономика шолушысы:

– Қазақстанда толыққанды азық-түлік хабын қалыптастыруды жеделдету керек. Сондай-ақ халыққа қаржы өнімдері және салымдар үшін тартымды жобаларды әзірлеп, ұсыну керек. Бұл қарапайым адамдардың ақшасын алаяқтық әрекеттер арқылы жымқырудың алдын алады. Сондай-ақ ол отандық, әсіресе ұсақ инвесторлардың жұмысына жан бітіреді. Инвес­тициялық алаңдардың тиімді және әлемде танылған үлгілерінің трансфертін жүргізу де маңызды. Бүгінгі таңда инвесторлар салықтық және басқа да жеңілдіктерге ғана емес, сонымен қатар бюрократиясыз және сыбайлас жемқорлықсыз өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолайлы инвестициялық ортаға мұқтаж. Осы шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инфляциялық қысымды азайтып, онымен күресте қателіктерді қайталамауға мүмкіндік береді.

Өңірлердің логистикалық әлеуетін ескере отырып, азық-түлік хабын қалыптастыруды тездету керек. Бұл – төтенше жағдай кезінде, белгілі бір аймаққа көмек көрсету кезінде мемлекеттік қолдау мен тұтастықтың факторы. Яғни азық-түлік өндірісінің орнықты жүйесін құру қажет. Бұл дегеніміз – жылыжай кешендері, суармалы жерлер және өнімді мал шаруашылығы. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыруда директивті әдістермен ғана емес, сауда саласындағы монополизация деңгейін төмендетудің нарықтық тетіктерін енгізу арқылы жүзеге асырған жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушіден тұтынушыға тікелей әрі тез жетуі тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button