Басты ақпаратМәселе

Жылы аялдамалар жайлы ма?

Әзірге елорданың қысы жайлы болып тұр. Алайда ақпан айында ақтүтек боран соғып, мінез танытатыны бар. Мұндай кезде жылы аялдаманы іздеп, бір сәт бойды жылытып алуды ойлайсыз. Өткенде газетіміздің №8 (4441) нөмірінде «Жылы аялдамалар қатары арта ма?» деген мақалада бас қалада «ЭКОпром Павлодар» ЖШС 40 жылы аялдаманы орнатуға міндеттелгенін, алайда 28-ін ғана салғанын, оның өзі іске қосылмағаны туралы жаздық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қордаланған мәселелерді сынға алып, шешуді Үкімет пен Астана қаласының әкіміне тапсырды. Әсіресе елорданы жайлы, ыңғайлы қалаға айналдыруда демалыс орнының (саябақ, гүлзар мен бақтар) санын арттырып, көлік кептелісін реттеудің және жылы аялдамаларды жайлы етудің маңызын атады.

Астана қаласындағы қыс алты айға созылады, елордалықтардың басым көпшілігі қоғамдық көлікпен қатынайды десек, онда Астананы жайлы қала етуде жылы аялдамалардың маңызын бірден түсінеміз.

@Astanovka98 Telegram арнасы қалалық әкімдіктің деректеріне сілтеме беріп, Астанада автобус күтетін 190 жылы павильон бар екенін, оның 162-сі ашылғаны туралы жазды. Қалған 28-і стандартқа сай болмағаны үшін әлі қосылмады. Олар қайта жөндеуді керек етеді.

Жалпы Астана қаласында 1091 аялдама бар болса, 2015 жылдан бастап жылы аялдамалар пайда бола бастады. Бүгінде жайлы да жылы аялдаманың саны 162-ге жетті

Жылы, алайда жұмыс істемейтін павильондар тізімін Telegram канал былай көрсетеді:

  1. Конституция көшесіне қарай, Қарталы көшесі
  2. «Целинный» шағын ауданы, Тәуелсіздік даңғылына қарай
  3. «Маркет Көк» қала бағытында
  4. №94 мектеп-гимназиясы көшесіне қарай, «Көктал»
  5. «Саранда» ТК, Мәңгілік елге қарай
  6. Тәуелсіздік даңғылы бағытындағы №73 орта мектеп
  7. Тәуелсіздік даңғылына қарай, №72 мектеп
  8. №51 мектеп-гимназия, Тәуелсіздік даңғылына қарай
  9. «Шығыс» ТК аялдамасы
  10. «Ақниет дүкені», Тілендиев даңғылына қарай
  11. «LCD Koktal 2»
  12. «BC The Square», Сығанақ көшесі
  13. «Нұрлы жол» вокзалы, қала бағытында
  14. №2 Ақмола облыстық ауруханасы, қала бағытында
  15. «Шұғыла» (Тілендиев даңғылы), қала бағытында

Яғни қатты аязды күндері бұл аялдамаларға келмеген жөн.

Жә, адамдар бір амалын тауып, қыстан да өтер. Маңыздысы жауапсыз мердігерлерден қашанға дейін қарапайым халық зардап шегуі тиіс?!

Жалпы Астана қаласында 1091 аялдама бар болса, 2015 жылдан бастап жылы аялдамалар пайда бола бастады. Бүгінде жайлы да жылы аялдаманың саны 162-ге жетті.

Сол жағалаудағы «Ми­нистрліктер үйі» және «Қорғаныс министрлігі» аялдамасында жайлылықты сезінуге болады. Өйткені бұл жабық павильонда кофе ішіп, бой жылытып, қажетті азық-түлікті сатып алуға мүмкіндік бар. Қалған жерлерде мұндай жайлы жағдайды байқау қиын. Содан кейін үйсіз-күйсіз жүрген адамдар түнейтін орынға айналғанын жасыра алмаймыз.

– Негізі, жылы аялдамаларды кәсіпкерлерге беріп, олардың тазалығын, ыңғайлылығын сақтауды міндеттеу керек. Бір жағы, кәсіпкер ісін дамытады, екінші жағы, жылы аялдамаларда қаңғыбастар паналамайтын болады, – дейді Рамазан есімді қала тұрғыны.

Қала тұрғынының айтқан сөзінде жан бар. АҚШ, Канада, Швейцария, Нидерланд және тағы басқа елдердегі аялдамалардың формасы, форматы жағынан таңғалдырады. Олардыкі жайлы, жылы ғана емес, кітап оқисыз ба, тамақ ішесіз бе, WiFi-ға қосылып смартфонға үңілесіз бе, кино көресіз бе, бәріне ыңғайлы. Тіпті аялдама емес, демалыс кешені деп баға беруге әбден болады. Мәскеуде де осыған ұқсас аялдамалардың нышанын көруге болады.

Айтқандай, 2013 жылы Мәскеуде жылы аялдамалар іске қосылса, арада екі жыл өткенде Астанада осындай аялдамалар орнатылды. Яғни Мәскеудің ізін басып келеміз. Алайда біздегі аялдамалардың ерекшелігімен мақтана алмаймыз…

Осы бізге креативті аялдамалар салуға не кедергі? Астана қаласындағы жылы аялдамалардың бюджеті аз емес. Мәселен, былтыр бас қала бойынша 40 жылы аялдама жобасы мемлекеттік сатып алу конкурсында жарияланды. Оның біреуінің құны 15 миллион теңгеге бағаланды. Мұны «ЭКОпром Павлодар» ЖШС 12 миллион теңгеге ұтып алғаны белгілі. Рас, бұл қаржыға бір бөлмелі пәтер сатып алуға да болады. Солай! Алайда ерекше дизайн, креативті жоба ретінде бағалай алмаймыз.

Байқоңыр ауданы инфра­құрылым бөлімінің басшысы Тоқтар Хасенов:

– Иә, тұрғындар арасында жылы аялдамалардың бюджетін естіп, сынап жатады. Кәсіпкерлерді түсінуге болады. Аялдаманы салуға қажетті материал бірнеше есеге қымбаттады. Жылы аялдаманың техникалық шарты қыста жылы, жазда салқын болуы тиіс. Ол үшін аялдама электр жарығына қосылуы керек. Астана қаласының ережесіне сай кабель жер астымен жеткізіледі. Ең қиыны – осы. Сол аумақта кәсіпкерлік субъектісі болса, онда меншік иесінен кабель өткізу үшін рұқсат алады. Кейде асфальтты, кейде жаяу жүргіншілер жолындағы брусчатканы кесіп, кабель жүргізіп, одан кейін қайта қалпына келтіруге міндеттеледі. Мұның бәрі жылы аялдаманың құнын қымбаттатады, – деп жауап берді.

Қысқасы, жылы аялдамалар кәсіпкерлер үшін де, тұрғындар үшін де жайлы болмай тұр.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button