Басты ақпарат

Балалар неге аурушаң?



2000 балаға – бір медбике

Астана мәслихатының депутаттары Мәжит Шайдаров, Зәуре Жүсіпова және Сергей Солодовников бастаған топ елордалық оқушылардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша №1 және №3 мектептерге арнайы барды. Олар мектептерде орналасқан медициналық пункттердегі ахуалмен танысты. Осыған дейін Білім және ғылым министрлігінде болып, ондағы маман мәселесі шешілмей келген мұндай медициналық пункттер бүгінде түбегейлі денсаулық сақтау саласына қарайтын болды. Бұл шешім мектеп директорлары үшін қолайлы болды. Өйткені олар бірінші кезекте баланың біліміне жауап беретіндіктен, бұл мәселені шешуге денсаулық сақтау саласының мамандары кіріскеніне қуанған. Жағдай біртіндеп реттеліп келе жатқанымен, мамандардың жетіспеушілігі негізгі мәселеге айналып отыр. Мектептердегі мұндай кабинеттерде отыратын медбикелердің жалақысы аз. Мамандар бұл жерге келе бермейді. Осының әсерінен дәрігерлердің жалақысын бір жарым айлық мөлшермен ұстаған күннің өзінде бір мектепте көбіне бір ғана маман отыр. Қазіргі таңда жалпы орта білім беретін мектептердегі штатта бір ғана медицина қызметкері бар. Олар осы мектептердегі 1500-2500 балаға жалғыз өздері бақылау жасауға мәжбүр. Ал норма бойынша әрбір 500 балаға бір медбикеден болуы керек екен. Бір маман оқушыларға қажетті иммундық алдын алу шараларын да, химиятерапияны да, тереңдетілген медициналық тексеруді де жүргізуге үлгере алмайды.

Бір сыныпта – 45 оқушы

«Бізде 980 бала оқуы керек, ал қазір 2 мың 400 бала оқып жатыр. Осыған қарап-ақ, мек­тебіміздегі жағдайды біле беруге болады. 5-7 минутта сыныптарды тазалап, ауа кіргізіп үлгеріп отыру керек. Бір сыныпта 42-45 балаға дейін отыратын жағдайлар бар. Бұл – бала үшін өте ауыр. Осындай жүктемемен жұмыс жасауға келетін мұғалімдер де аз. Осы жылы 18 маманды жұмысқа алған болсақ, оның 10-12-сі қайтадан кетіп қалды. Жауапкершілігі жоғары, жалақысы аз жұмысты істегісі келмейді. Бір күнде, тіпті, еңбек кітапшаларын да алмастан кеткен ұстаздар бар» дейді №1 мектеп-лицейі директорының орынбасары Бақыт Хасенова. Мектеп директоры Айдарбек Меңдібаев болса, төменгі сыныптарға арналған парталардың баланы еріксіз еңкеюге бейімдейтінін, олардың кейбірі әкеліп орнатып жатқанда-ақ сынып қалып жататын жағдайлардың орын алатынын айтып қынжылды. Осының барлығы баланың денсаулығына кері әсерін тигізуде.

Не істеу керек?

Мектеп оқушыларының денсаулығына депутаттардың алаңдауы, мәселені шешуге мән беруі – құптарлық іс. Бұл мәселе, тіпті, күн са­йын айтылып жатса да артық емес. Себебі бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ. Рас, Астанада көші-қонға қатысты оқушы саны жыл сайын ғана емес, күн сайын артып отыр. Осылай екен деп барлық мәселені сол себепке таңып отыра беруге тағы болмайды. 145 мыңдай оқушысы бар астаналық мектептерге бала сыймай жатқанын айтып та, жазып та келеміз. Алдағы оқу жылында бұған оқушы саны қосылмаса, азаймайтыны тағы анық. Таяу уақытта 30 мектеп бой көтереді деп күтіп отырмыз. Мұндай салмақтың балаларға түсетінін ескерсек, бұл мәселе жайбасарлықты көтермейді. Қоғам болып, оны жедел шешуге тырысу керек.
Былтыр қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров Астана мектептеріндегі медициналық пункттерге 167 дефибриллятор орнатылатындығын айтқан болатын. Әзірге бір ғана мектепке орнатылып үлгерген бұл құралдың да пайдасы зор болып отыр. Алдағы уақытта автоматтық дефибрилляторлар мектептегі медициналық пункттерде немесе дене шынықтыру сабағы өтетін жерлерге орнатылады. Оны арнайы медициналық білімі жоқ адамдар қолданып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, мектеп асханаларындағы тағамдардың сапасын, мектеп дәрігерінің санын арттырып, оған қоса стоматологиялық кабинеттер ашып, спорт залдардың ауқымын кеңейтіп, сыныптағы бала санын азайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек. Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін оны назардан тыс қалдыруға болмайды.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Қалдықыз ИБРАГИМОВА, №3 мектеп-гимназиясының медбикесі:

– Соңғы жылдары оқушылар арасында көздің көруі нашарлап бара жатыр. Бір сыныпта 30 бала бар десек, соның 4-5-еуінің көзінде ақау болмаса, қуанамыз. Мектептегі №1 кезекте тұрған аурудың өзі осы болып отыр. Бұған телефон, смартфон, планшет, компьютердің ықпалы бар. Балалар мұндай құралдармен мектепке де келеді. Бес минут үзілісте отыра қалып телефондарын шұқып үлгереді. Асханаға барғанда да тамағына ден қоймай, екі көздері осы телефонда болады. Бұған үйдегі ата-ананың да кінәсі бар. Мұғалімдердің ескертуіне құлақ аспай жататын да балалар көп. Баланы қадағалау керек.

Зәуре ЖҮСІПОВА,  Астана қаласы мәслихатының депутаты, №84 мектеп директоры:

– Қаламыздағы халық өсімі мәселесі өте ауқымды болғандықтан, біз көптеген мектептерде екі есе бала оқытып жатырмыз. Бір сыныпта 42-45 балаға дейін отырған жағдайлар бар. Ал негізгі талап бо­йынша 25 баладан аспауы керек. Бұл сыныптарда бала қалай демалады? Ол да оқушының денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Екінші мәселе: мектептегі спорт залдарға байланысты. Бір мектепте 1200 оқушы оқиды десек, спорт залы да сондай балаға арналуы керек. Бала санының көптігінен ол жерде де ондай мүмкіндік жоқ. Үшіншіден, ата-аналардың арасында баласын бірнеше үйірмелерге беру сәнге айналып кетті. Бала мектептен шыға сала оны бүкіл спорттық секциялар мен басқа да үйірмелерге апарады. Бұл мәселеде де тоқтау болу керек. Әр нәрсенің шегі болатыны сияқты, бұл жағдайда баланы сүйрей берудің шегін ата-анасы білуі, түсінуі керек. Осындай көп салмақты баланың санасына түсіру – оның денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр.

 

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button