Мәдениет

«Әзірет Сұлтан» мешіті

Әлемнің ең көрікті 10 мешітінің қатарына кіретін Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті Орта Азиядағы әсем де зәулім ғибадат орындарының бірі саналады. 2012 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған бұл мешіттің жалпы сыйымдылығы – 12 мың адам. Жоба авторлары – Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Сағындық Жанболатов, ҚР Суретшілер одағы мен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Есенғали Ахметов.

Мешіт атауын Елбасының өзі ұсынды. «Төрт мұнаралы сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар» деген еді Мемлекет басшысы мешіттің ашылу салтанатында.

Мешіт үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында дәрет алатын орын, екі неке қию залы және 500 адамға арналған ауызашар, құдайы ас беретін асхана орналасқан. Екінші қабатта ерлерге арналған намаз оқу залы, ал үшінші қабатында имамдар бөлмесі мен сыныптар, діни бағдарлама түсіретін студия, діни-рухани ағарту сайт әкімшілігімен қатар әйелдер намаз оқитын зал бар.

Кіші залдан үлкен залға өтер жердегі қабырғаға Елбасы мешітке сыйға тартқан «Күміс Құран» ілінген. Ол Ресейдің Ақша зауытында осы мешіт үшін арнайы тапсырыспен жасалды. «Күміс Құранның» түпнұсқасы Хазіреті Осман бин Аффанның әмірімен VII ғасырда жазылған. Күміс Құран 162 беттен тұрады.

Мемлекет басшысының мешітке тағы бір сыйлығы – көне Құран Кәрімнің салмағы 40 келі. Көне Құран Оңтүстік Қазақстан облысынан табылған.

Мешіттің әлемнің өзге мешіттерінен ерекшелігі – оның дизайнында қолданылған ою-өрнектердің 80 пайызы – ұлттық нақыш үлгілері. Сәулетші Сағындық Жанболатовтың айтуынша, «Әзірет Сұлтан» мешітін жобалау конкурсына 54 компания қатысқан. Қазақстандық ірі компаниялармен қатар Англия, Малайзия, Жапония, т.б. көптеген мемлекеттер өз жобаларын ұсынды. Конкурсты жеңген қазақ сәулетшісі екі нұсқаны конкурсқа ұсынған. Оның басты мақсаты бұрын еш жерде кездеспеген, таза қазақы үлгідегі мешіт жобасын жасап шығу болды.

«Бұдан бұрын Қазақстанда мешіттер екі үлгімен салынатын. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аталмыш құрылыстарда Өзбекстан мен Иранның әсері байқалады. Яғни күмбездер көк түске боялып, порталдары мен ою-өрнектері де Азияның классикалық үрдісінде жасалады. Солтүстіктегі мешіттер болса татар үлгісіне жақын. Біз осы екі үлгіден тыс таза қазақы нұсқаны таңдадық.

Оның алдында қазақтың көне қалаларының құрылысында кездесетін сәулет өнерінің үлгілерін зерттедік. «Әзірет Сұлтанның» порталдарын киіз үйге ұқсатып жасадық. Күмбездерін да қазақы нақышта жобаладық. Мешіт түсіне ерекше мән бердік. Дәстүрлі ислам дінінің де, қазақтың ежелгі сәулет өнерінде кездесетін түстерін де есепке алдық. Қазір алыстан қарағанда мешіт көзге ақ түсті болып көрінеді. Бірақ жақындап барып қарасаңыз, оның түрлі түсті екенін көресіз. Күмбездері де солай. Мұны Сарыарқаның гүлдеріне ұқсатып жасадым.

Мешіттің төрт мұнарасының әрқайсысының биіктігі – 77 метр. Күмбез саны – 10.
Олардың диаметрі – 10,45 метр.
Үлкен намаз залындағы күмбез Орталық Азиядағы ең үлкен күмбез болып есептеледі.
Оның биіктігі – 51 метр, ені – 28 метр.
Мешіт аумағында 800-ге тарта көлікке арналған автотұрақ бар

Ал мешіттің ішкі дизайнын жасаған Есенғали Ахметовтің сөзінше, «Әзірет Сұлтан» ұлтымыздың өнер үлгісін шетелдіктерге танытатын жобаға айналды. «Бұл мешітке кірген сайын шетелдіктерді көрем. Сонда олар ою-өрнектерге үңіліп жатады» дейді ол.

Түркияның радио-теледидар порталы өткен жылдың аяғында таратқан хабарында. «Орталық Азияның екінші үлкен ғибадат орны – Әзірет Сұлтан мешіті ұлттық нақыш, ою-өрнектермен безендірілген. Астананың теңдесі жоқ және ғажайып ғимараттары арасында жетекші орын алады. Мешіт 13 гектар аумаққа ие. Төрт мұнаралы мешіт дәстүрлі хан сарайы тәрізді» деп баяндалған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button