Қала мен Сала

Балалар теміржолы болған еді



Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары маңызды оқиғалардың бірі – Ақмола қаласында 1946 жылы Балалар теміржолы ашылды. Бұл КСРО-дағы жеті осындай жолдың бірі болса, еліміздегі алғашқы балалар теміржолы еді. Тоғызыншы маусымда болған ашылу салтанатына Қарағандыдан, Петропавловсктен, Көкшетаудан мектеп оқушылары қатысты. Сол уақытта Ақмолада, Бурабайда, Көкшетауда, Атбасарда және Жезқазғанда балалар теміржолдары белсенді түрде салына бастады, тиісті техника орталықтан – КСРО Жол қатынастары министрлігі арқылы қамтамасыз етілді.

Ақмоладағы балалар теміржолы «Кіші жол» деп аталды, ке­йіннен – «Кіші Тың жол», пойыз­дар «Жас тыңгер» деп аталды. Теміржол мәдениет және демалыс паркіне айналып, «Жеңіс» және «Абай» стансаларының аралығында жүретін. Саябаққа демалуға келгендер міндетті түрде негізгі аттракцион – кәдімгі пойызға отырмай кетпейтін.
Балалар теміржолы тек қана аттракцион болып қойған жоқ, қосымша салмақты кәсіптік білім көзіне айналды. Пайдалану ережелері, жабдықтары кәдімгі теміржолдардың тәртібіне жақын болды. Жазда мектеп оқушылары сонда жолсерік, кондуктор, диспетчер, кезекші жұмыстарын атқарды, тіпті ересек тәжірибелі инструктор басшылығымен машинистің де қызметін атқарды.

Қыс мезгілінде балалар теміржол үйірмелерінде ­теориялық білім алды. Мұнда тек кәсіптік білім беріп қана қойған жоқ, қызығушылығы бойынша ән, би, т. б. үйірмелері жұмыс істеді.
Балалар теміржолының педагогикалық маңызы, тәрбиелік мәні зор болды, балалар ұжымда жұмыс жасауға үйренді, жол жүргіншілерімен, үлкен адамдармен қарым-қатынас жасады, өз іс-әрекетіне жауапкершілікті сезінді, тәртіпке, техникалық қауіпсіздік талаптарына үйренді.Балалар жолдары теміржол кадрларын дайындаудың шеберханасына айналды, балалар теміржолының түлектері теміржол оқу орындарына жеңілдіктермен қабылданды.
2002 жылы балалар теміржолы жабылды.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мемлекеттік архиві
­ғылыми-зерттеу бөлімінің

басшысы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button