Экономика

БАНКТЕР КӘСІПКЕРЛЕРДІ МАЙШЕЛПЕК КӨРЕ МЕ?



procentvbanke_thumb

«Шағын кәсіпкерлікке – кең өріс». Тәуелсіздік туын көкке көтерген жылдардағы алғашқы әңгімеміз осылай басталып еді-ау… Жеке кәсіптің не екенін бұрын білмеген елге басында бәрі тансық болды. Күн санап саңырау құлақтай қаптап шыққан кәсіпкерлерге қызыға да, қызғана қарадық. (Бұрын бай адамдарды өз көзімен кім көріпті?!) Оларға мемлекет тарапынан түрлі көмектер жасалды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер елдің еңсесі тіктелуіне айтарлықтай үлес қоса бастады. Салықтың басым бөлігі істің көзін таба білетін адамдардан түсті. Аз уақытта ел бюджетінің бүйірі томпайды. Қазір де кәсіпкерлік саласынан құйылатын салық түсімдерінің көлемі қомақты. Мәселен, басқасын айтпағанда, елордасы Астана қазынасына түсетін салықтардың 67 пайызы шағын және орта бизнес өкілдерінің үлесіне тиеді екен. Бұл мәліметті жақында Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы мәлімдеген болатын. Бірақ, солай бола тұра, бүгінде кәсіпкерлерге «біртүрлі» көзқарас қалыптасып келе жатқан сияқты. Неліктен?

Кәсіпкерлерге ұры-қарақшылар да жау. Еліміздің ақпарат айдынын сүзе қалсаңыз, мүлкі тоналған, ұрланған, қарақшылық мақсатта өлтірілген кәсіпкерлер туралы көп мәліметті кездестіресіз. Бұдан әрине, жабайылау қоғамның кәсіпкерлерге деген көзқарасы менмұндалап тұр. Мұның себебі де түсінікті. Бәрінің тұрмысы бір деңгейде болған кеңестік кезеңде байларға, жалпы байлыққа қатысты терістеу көзқарас саңаға берік сіңгені рас. Бай адам – сараң, жауыз, қанаушы, кедейдің маңдай терін жеу арқылы дәулет жиған адам. Осы теріс негатив санамыздан әлі өшетін емес. Бүгінде бай адамдарға қарақшылық шабуылдардың көбеюі сол кеңестік кездегі теріс көзқарастың жемісі емес деп кім айта алады? Етін ауыртып еңбек еткісі келмейтін кержалқауларда бұл көзқарас тіпті сұмдық болады. Бұдан бірер жыл бұрын Атырау қаласында кәсіпкерді өлтірген қарақшыдан сот «не үшін өлтірдің?» деп сұрағанда ол: «қалтасындағы 200 мың теңгесін бере салғанда, мен оны өлтірмейтін едім» деп шімірікпестен қарап тұрды. Бұл жауаптан соң не айтуға болады?

Жә, қарақшылар жабай көзқарастағы адамдар делік. Олардың санасын емдеу – ұзақ жылдарға созылатын үрдіс. Ал еліміздің қаржылық құрылымдары, қаржы институттары саналатын банктер де (олар қоғамымыздың жоғары санаттағы өкілдері ғой) біздің кәсіпкерлерді реті келген жерде «сорып» қалуға тырысатынын қалай түсінсек екен?! Соңғы кезде банктердің «аппетиттері» сұмдық артып бара жатқаны да қолымызға еріксіз қалам алдырып отыр.

Биылғы жылдың басында бір топ кәсіпкер ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» демокаратиялық партиясы фракциясына банктердегі берекетсіздіктерге қатысты шағымданған болатын. Ең бірінші, әрине банктердің несиені теңгемен беруден бас тартуына наразылық танытты. Тіпті, теңгемен берген жағдайда да, несие шетелдік валютаның айырбас бағамына сәйкес босатылады екен. Одан соң, теңгемен берілетін несиеге есептелетін пайыздық мөлшерлемені де анағұрлым жоғарылатқан. Обалы не керек, кәсіпкерлердің шағымы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Қадірәлиева депутаттық сауал әзірлеп, бұл мәселелердің барлығын Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтың назарына ұсынды. Елбасмыздың өзі ел аумағындағы ішкі есеп-қисап, алыс-берістерді тек теңгемен жүргізу арқылы экономикамызды біртіндеп долларсыздандыруға бет бұру қажеттігін айтып жатқанда, банктердің теңгемен несиелендіруден бас тартуы – долларға одан сайын тәуелділікті күшейту екенін ашына жеткізіп еді депутат ханым.

Бірақ, бар мәселе осымен шешімін тапты деп айту қиын. «Әлаулайым бітсе, халаулайым тағы бар» деген Алдаркөсе атамыздың әніндей, одан соң бұл банктер несие сұрап келген кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламамен несиелендірмей, алдымен өз өнімдерін ұсынып бақты. Бұл өз өнімі деген кәсіпкерді теспей соруға арналған бағдарлама десек болады. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 28 пайыздан басталып, одан әрі жоғарылай береді. Пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғанда ұзақмерзімді болса, бір сәрі ғой. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, екінші деңгейдегі банктер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несие алуға түскен өтініштерді өткен жылы төрт ай бойы қараған. Негізінде оның мерзімі бір айдан аспауы керек екен. Соның салдарынан көпшілігі пайыздық мөлшерлемесі жоғары тұтынушылық несие алуға мәжбүр болады. Осы арада «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-ның мәлеметтеріне назар аударайық. Елімізде есепке алынған 1,5 млн. шағын және орта бизнес субъектілері болса, соның 56 мың субъектісі ғана банктен шағын және орта бизнес өкілдері ретінде несие алған. Халық санымен алып қарағанда, бұл өте аз көрсеткіш.

«Осы жағдайды Оңтүстік Кореямен салыстырып көрелік. Ол елде 49 миллион адам тұрады. Соның ішінде 800 мың адам шағын және орта бизнес өкілі ретінде банктерден несие алған. Біздегі халық санымен алатын болсақ, банктерден шағын және орта бизнес өкілі ретінде несие алушылар саны кемі 240-250 адам болуы керек еді», – деп түсінік берді бұл жайға Ләззат Еркінқызы.

Ия, бізде бизнес өкілдері ретінде несие алған 56 мың адам банктің түлкі бұланына көнбей, табандап отырып бизнес-несиеге қол жеткізген нағыз ерлегендер болып шығады.

–«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Бұл бағдарламамен несие алғандарға пайыздық мөлшерлеме 14 пайыз. Оның 7 пайызын кәсіпкер төлесе, 7 пайызын «Даму» қоры субсидия ретінде төлейді. Кәсіпкерден комиссиялық төлем алынбайды. Оның үстінде біздер маркетинг және бизнес-жоспар жасау, заңгерлік, мемлекеттік сатып алу, жеке кәсіпкерлікті ашу, бухгалтерлік есеп сияқты көптеген мәселелер бойынша кеңестер береміз. Аталған бағдарламаға қалай ілігуге болады және басқа сұрақтарға бізден келіп толық мағлұмат алуға кәсіпкерлердің мүмкіндігі бар. Мүмкін, бірқатар банктер алдымен өз өнімдерін өткізуге тырысатын шығар. Біздің қорды жалпы халық біледі, өз ісін ашқысы келгендер, бағдарлама бойынша несие алғысы келгендер келіп жатыр, қажетті көмектерге қол жеткізуде,– дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қалалық аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру жөніндегі менеджері Данияр Торғаев.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде 2,5 миллионнан астам адам шағын және орта кәсіп саласында еңбек етеді. Осы сала жылына 8 триллион теңгенің өнімін өндіреді екен. Бұл дегеніңіз үлкен күш, зор әлеует. Біз келтірген сандар экономиканы ғана емес, елдің де еңсесін тіктеп тұрған шағын және орта бизнес екенін дәлелдеп тұр емес пе. Ендеше, кәсіпкерлердің мүддесі – ол біздің мүддеміз, елдің мүддесі. Егер банктер өздерінің құлқын ғана ойламай, кәсіпкерлерге мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді пайдалануына қолайлы жағдай жасаса, елдің ертеңіне, тұрақтылығына жасаған қамқорлығы болмай ма? Банктердің қазіргі әрекеті, өзі отырған бұтақты өздері кескен әпенденің тірлігін елестетеді екен…

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button