ЖаңалықтарМәслихатЭкономика

Қосымша қаржы бөлінеді

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында шаһардың бірқатар басқармаларына қосымша қаржы бөлу, орта мектептер мен балабақшалар құрылысы мәселелері қаралды. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен сессияға Парламент Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец және елорда әкімінің орынбасары Асқар Амрин қатысты.

[smartslider3 slider=842]

Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев жергілікті бюджет кірістеріне сүйене отырып, қала бюджетінің шығыс бөлігі қалыптастырылғанын баяндады. Қала тұрғындары үшін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді ескере отырып, қосымша қаржыны әлеуметтік салаға, білім беруге, денсаулық сақтауға бағыттау жоспарлағанын айтты.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына коронавирусқа қарсы вакцинация және ревакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру материалдарын әзірлеуге, дербес жылыту бойынша шығыстарға, ведомстволық бағынысты ұйымдарды күрделі жөндеуге қосымша қаражат көзделген.

Білім басқармасына мұғалімдердің жалақысына, 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға қарастырылған. Мәдениет басқармасына үйірмелерге қатысатын балалардың санын арттыру, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ғимаратын жөндеуге және реставрациялауға бөлінбек.

Дене шынықтыру және спорт басқармасына спортшылардың іссапар шығыс­тарына, жан басына қаржыландыру бойынша мемлекеттік тапсырысты іске асыруға, спорттық іс-шараларды өткізуге көзделген. Ал Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына әлеуметтік маңызы бар ішкі қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға қосымша қаржы қарастырылған. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына елорданың 2025 жылға дейінгі Бас жоспарын әзірлеуге, қаланың геолокациялық порталын сүйемелдеуге, Құрылыс басқармасына көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысын аяқтауға қосымша қаражат көзделген.

Мектептер мен балабақшалар құрылысы бойынша Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Еламанов баяндама жасады. Мәслихат депутаттары сұрақтар қойды. Қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин кейбір мәселелерді түсіндірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button