КөкейкестіМәселе

Құмдағы із

крупный займ на карту без отказа длительный срок

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кіріскеннен бергі кезеңіндегі қатқыл да ауыр мәлімдемесін жария етті. Тіпті мұны соңғы жылдардағы ең бір қатаң тұжырым болды деп айтсақ та жөні бар. Сонда не деді Президент? «Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек. Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті» деп ескертті ел басшысы.

[smartslider3 slider=840]

Бұл әңгіме неден туындады? Бес жыл ішінде ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңге бөлінген. «Нәтижесінде не көріп отырмыз?» деген сауал тастады Мемлекет басшысы. Оған өзі жауап берді: «Бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау қойылмаған. Нақты экономикалық пайда жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің өнімі басым». Ең өкініштісі, бұл экономикамыздың барлық саласына қатысты дәлме-дәл диагноз болып отыр.

Тәуелсіздіктің отыз жылында Елбасы бастамасымен қаншама жақсы жоба, бағдарламалар +қолға алынды, оған қыруар қаржы салынды. Көлемі өте ауқымды. Бауырлас, көрші ел б+++асшылары қызыға қызғанатындай қыруар қаржы. Бірақ алып аграрлық елге де, индустриялық державаға да айнала алмадық. Негізінен, шикізат экономикасына арқа сүйеп отырмыз. Өнім мен азық-түліктің басым бөлігі сырттан келеді, қаржымыз сыртқа кетеді. Арнайы бағдарлама бойынша алапат бюджет қаржысына салынған қаншама кәсіпорын, зауыттар тұсауы кесілмей жатып немесе кесілген соң тұсалғанын, тоқырап, қаңтарылып, қажетсіз болып қалғанын көзіміз көрді, айтылып, жазылып та жатты. Осындай қайтарымы жоқ құмға сіңген судай жоғалатын жобаларды «іске асырып», қомақты қаржы жеген лауазым иелері анықталып, кінәлілердің бәрі бірдей болмаса да, бірқатары құрықталып, жазаланды да, бірақ одан жалпы жағдай өзгере қойған жоқ. Айылын тартып жатқандар аз.

Тәуелсіздік таңы атқалы бері біз жемқорлықпен күрескен жоқпыз десек жаңсақ айтқандық болар еді. Осы жылдар ішінде ауыл әкімінен бастап бұрынғы Премьер-министрге дейін мыңдаған лауазым иесі істі болып сотталды, олардың арасында полиция басшысы, сот, прокурор, қаржы полицейі, ірі компания жетекшісі, депутат, облыс әкімі, министр, вице-министр болғандар да аз емес. Түрмеден бір-ақ шықты түбінде. Бірақ сонымен жегіқұрттай жеп жатқан жемқорлық кесапаты тоқтады ма?

Құқық қорғау органдарынан өзге Елбасы жанынан құрылған түрлі қоғамдық комиссиялар да үн қосты жемқорлықпен күрес науқанына. Соның біріне 1998 жылы біз де мүше болғанбыз. Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің құрамына ендік. Жалақы төленбейтін қоғамдық жұмыс, комиссия екі жылдай өмір сүрді, арыз-шағымнан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Пәрмені де күшті еді. Жамбыл облысының әкімі мен Көлік және коммуникация министрі мәселесін комиссияда қарап, қызметінен босату жөнінде Елбасыға ұсыныс жібердік. Ұсыныс қолдау тауып, екі лауазым иесі де босатылды. Талай басшыға тәртіптік жазалар қолданылды, жазаланды. Кейіннен Әдеп жөніндегі комиссияның, партиялық бақылау комитетінің де мүшесі болдық, бірақ олардың қауқары да, пәрмені де кемшіндеу, солғындау соғып жатты. Айтайын дегеніміз, осындай қоғам өкілдерінен құралған қаптаған комиссиялардан өзге атынан ат үркетін қуатты жаңа мекеме – Мемлекеттік тергеу комитеті, Салық полициясы, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы полициясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сияқты құрылымдар көбейген сайын керісінше жемқорлық қарқыны да өсе берді. Тіпті ұлттық компаниялар мен оларға қарасты жетекші ұжымдар жыл сайын арнайы маман жалдап, қаржы жұмсап, сыбайлас жемқорлық көріністері пайда болу алғышарттарын тауып, талдап, шара қабылдап жатса да індет дерті басылар емес. Еліміз сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 2018 жылы 124, ал 2019 жылы 113-орынға табан тіресе, өткен жылы ғана шамалы жылжып 94-орынға жайғасыппыз. Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде жемқорлық әрекеті бойынша 2140 тұлға құрықталса, соның 34-і республикалық, 72-сі облыстық, ал 89-ы – қалалық, аудандық деңгейдегі лауазым иелері. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында биылғы тоғыз айдағы жемқорлар көшін құқық қорғау саласы қызметкерлерінің өздері бастап тұр екен. Бұған енді не дейсің? Қарап отырып қайран қаласың, ірілі-ұсақты лауазым иелерінің көпшілігі елге, халыққа қызмет етеміз, биік сенімді ақтаймыз деп емес, «баю болды – басты арман» деп ұрандатып, өзара бәсекеге түсіп кеткендей әсер қалдырады. Бұл тіпті олардың қанына сіңіп, буын-буынына дейін жеткен сияқты. 100 мың теңге жалақы алып отырып 100 миллионға, 200 мың жалақымен 2 миллиард теңге қаржыға мемлекет атынан иелік етіп, бас-көз болып конкурс өткізетіндерге «Алтын көрсе де мемлекеттік қызметкер жолдан таймайды» деп қанша жерден уағыз айтып мемлекетшілдікке, парасаттылыққа шақырсақ та, обал-сауапты еске салсақ та, тіпті қорқытып-үркітсек те нәтиже көңіл көншітпей тұр. Дерт меңдеп кеткен, күрес нәтиже бермей тұр.

Қысқасы, қоғамның жемқорлыққа әбден еті өліп, бойы үйренген сияқты. Қандай жолмен ақша тапса да, бай-бағландар қазір төрде отырады, барлық деңгейдегі депутаттар да негізі солардан құралған. Лауазым жоғарылаған сайын басшы қызметкердің жалақысы ғана емес, табысы да өсе беретінін жұртшылық жақсы біледі. Ең жаманы, жастар да айтқаны жүріп, қалағаны болып тұрған, қалтасы қалың пысықайларға қарап бой түзейді. «Қоғамның өзі таза емес, қайда барып тазарамын?» деп торыққан еді осыдан отыз жылдай бұрын сол кездегі балаңдау ақын Абай Балажан. Әлі де торығады ақындар мен ақынжандылар. Қоғамды ізгілендіреміз, сауықтырамыз, ашықтықты арттырамыз, қолында билігі барлар «пара» деп айтпайды, «парасат» деп сөйлейді деген ізгі мақсат жолындағы жорығымыз да малтығып, нәтиже бермей құмға түскен іздей тез жоғалып жатыр.

Онда тұрған не бар, әбжілдік, пысықтық танытып, қызметін пайдаланып ебін тауып байыса өз отандасымыз байып жатыр, туған-туысына көлеңкесі түсер, нелерің кетті деп кейитіндер де табылар. Дегенмен жемқорлық ұлттың рухани болмысына әсер етеді, қоғамдағы құндылықтардың мәнін жояды. «Ақша бар жерде албасты бар» деп арам жолмен мал табуды ата жолы да, дін де қолдамайды. Адал еңбек пен білім, заң үстемдігі, әділеттілік, шынайы бәсеке қағидаттары жойылады, жұрттың, әсіресе жастардың қоғамның ертеңіне деген сеніміне селкеу түседі, содан болар, күдерін үзіп, қолын сілтеп, өзге елдерден кәсіп пен нәсіп іздеп жатқандар да аз емес. Ең төменгі жалақы көлемін енді ғана 60 мың теңгеге көтергелі отырмыз, еліміздегі әрбір алтыншы бала кедей отбасында тәрбие алып жатыр, мектеп жетіспейді, жолдар қырық жамау, ауыл көрінісі көріксіз. Осының себепкері – ел қазынасынан сіз бен біздің есебімізден жонып жеп, қарпып асап, сағанасы сарық, қағанасы қарық болып отырғандар.

Енді не істеу керек? Шешімнің бір ұшын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұстатқан екен. «Жемқорларды құрықтаумен қатар пара мен үлес алуға жол ашатын басқару ісіндегі бюрократиялық кедергі-кемшіліктерді жоспарлы түрде жою керек. Шешім қабылдайтын шенеунік пен оның айналасындағыларға «өз қалтасын» толтыратын ешқандай мүмкіндік қалдырмау керек» дегенді меңзепті Мемлекет басшысы. Бюджеттік бағдарламалар жүргізу үдерісін толық цифрландыру, мемлекеттік мекемелер қатарын, экономикадағы мемлекеттің үлесін, адам факторын азайту сияқты кешенді шараларды да жеделдете қолға алған жөн сияқты. Әйтпесе жемқорлықтың жегі құрты бүгінімізді ғана емес, болашақ ұрпағымыздың несібесін де жеп, тауыспай тыйылмайтын сыңайлы… Мемлекет басшысының қатал ескертуінен осындай астарды аңғардық.

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button